Алты күн аламанда жүзден аса мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Еліміздің барлық өңірінен жиналған өнерпаздар күнделікті концерттер, ауылшаруашылығы жәрмеңкелерін, көрме мен ақындар айтысын өткізді. Белгілі фотожурналист Джимми Нельсон киіз үй ішінен фотостудия құрды. Сондай-ақ, UNESCO, UNICEF, Alageum киіз үйлері тігілді. 21 спорт түрі қамтылған дода алты күн бойы «Қазанат» ипподромы, «Арғымақ» спорт алаңы, «Көшпенділер әлемі» этноауылы, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе- жек сарайы, «Алау» мұз сарайы секілді алты түрлі нысанда өтті. Жарыс басталардан бұрын ұйымдастыру дирекциясы 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады деп жариялаған болатын. Шетелдік құрамалардың өтініші бойынша ойын барысында дәстүрлі садақ атудан қосымша «пұт», «қалқан» және «жамбы» нысаналары бойынша қыздар сайысы қосылып, медаль жиынтығы 100-ге жетті. Байрақты бәсекеде Қазақстан спортшылары 112 медальмен көш бастады. Оның 43-і алтын, 32-і күміс және 37-сі қола жүлде. Екінші орынды 65 медальмен Қырғызстан ойыншылары еншілесе, үшінші орынға 49 медальмен ресейліктер тұрақтады. Қатысушылар саны бойынша да көршілес елдер көш бастады. Еске сала кетсек, көшпенділер ойындарына елімізден 195, Қырғызстаннан 172, Ресейден 144 спортшы қатысты. Ұлттық спорт түрлері бойынша әлемдегі ең ірі жарыс түрі саналған байрақты бәсекенің маңызы туралы ашылу салтанатында Мемлекет басшысы атап өткен болатын.
– Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді, сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі. Қазақ жерінен әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сынды ғұламалар шыққан. Олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосты. Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды. Ұлы далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді. Көшпенді жұрт батыс пен шығысқа көпір болып, түрлі мәдениеттің жақындасуына әсер етті. Осы жерде ежелгі Ғұн империясы, одан соң Түрік қағанаты салтанат құрды. Олардың даңқты жолын Алтын Орда мен Қазақ хандығы жалғастырды, – деді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Төрткүл дүниені тамсандырған көшпенділер ойындарының жабылу салтанатында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған қатысып, сөз сөйледі. Туризм және спорт министрі байрақты бәсеке ұлттық спортымызды ұлықтап, салт-дәстүрімізді дәріптеп, мәдени мұрамызды төрткүл дүниеге паш еткен бірегей оқиға ретінде тарихта қалғанын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен қазақ топырағында ұйымдастырылған Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – мәні терең, мазмұны бай бірегей жоба. Оның түркі әлемінің алтын бесігі Қазақ жерінде жалауын желбіреткені – біз үшін зор мәртебе әрі шын мақтаныш. Ойындарда 30-дан астам елдің спортшылары медаль иеленді. Жүлде алған мемлекеттер қатарында мұхиттың арғы жағынан келген Канада мен Мексика спортшылары да бар. Дүбірлі додаға 90-ға жуық мемлекеттің қатысуы, 30-дан астам елдің жүлдегерлер қатарынан көрінуі дүниежүзінде көшпенділер ойындарына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын аңғартады. Келесі, 6-шы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын бауырлас мемлекет – Қырғыз Республикасы қабылдайды. Қырғыз елінің алдағы бәсекені жоғары деңгейде өткізуіне тілектеспін. Көшпенділер Олимпиадасының беделі биіктей берсін!, – деді Ербол Мырзабосынов.
Айта кетейік, келесі Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда өтеді. Жабылу салтанатының соңында ойындардың ресми нышаны саналған торсық келесі ойындарды қабылдайтын Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтовқа табыс етілді.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді