Күнделікті халық өміріне қажет тың кәсіптің бір түрі – жастықтарды қайта өңдеу және тазалау орталығы. Аса ауылының тұрғыны Камила Мадымарова бірқатар кәсіпті, түрлі салаларды зерттеп-зерделей келе, осы бағытта, яғни тұрмыстық сұранысқа ие осы кәсіп түрін ашуға тәуекел еткен. Ол аймақта әлі қолданыста жоқ тың саланы меңгеріп, қайтарымсыз грант алған. Қажетті техниканы, құрал-саймандарды Ресей елінен сатып алып, күнделікті жұмыс көзін өз ауласынан-ақ бастап кеткен.
– Баршамызға ортақ мәселе – біз жастықтарды ұзақ уақыт бойы пайдаланамыз, сол уақыт ішінде жастық ластанады, ішіндегі мамығы кірлей бастайды, тапталып, жағымсыз иіс шыға бастайды. Кейбір қауырсындар жастыққа қайта салуға мүлдем жарамай қалады. Оларды жарамдылық уақытынан ерте алып тастамау үшін кем дегенде жылына бір рет қайта жөндеп, яғни, өңдеп отыру керек. Жастықтар мен қауырсындарда паразитті микроағзалардың оншақты түрі мекендейді. Соның ішінде ең басты аллергия тудырушы – шаң кенесі көптеп кездеседі. Шаң кенесі шаңмен бірге жастықтың, қауырсынның және жамылғыштың ішіне кіруі мүмкін. Осыған байланысты қауырсынды немесе жастықты құрғақ тазалап тұру керек. Алайда, қазіргі уақытта жастықтарды қайта қалпына келтіру, өңдеу қызметін ұсынатын мекемелер өте аз, оның ішінде сапалы жасайтыны тіптен жоқтың қасы. Бұл аталған саланың жеткілікті түрде дамымағанын көрсетеді, сонымен қатар, тұрмыстық тұтынатын заттарды елімізде шығармайтынымыз бір бөлек әңгіме, оны тіпті өңдеу, қайта қажеттілікке жарату қызметі де жоқ екендігін көрсетеді. Жастықтарды тазарту, қайта қалыпқа келтіру бизнесін ашу – көп адамның ойына келе бермейтін кәсіп. Менің бұл бизнесті ашуыма түрткі болғаны да осы. Көп саланы зерделей келе, бұл салада бәсекелестік өте аз екенін аңғарып, осы кәсіпке бет бұрдым, – дейді кәсіпкер К.Мадымарова.
Аудан орталығында жаңа бизнестің ашылғанына үш айға жуықтаған. Әзірге, күніне екі-үш жастықтан тапсырыс түсуде. Бірақ, жас кәсіпкер өз жұмысын тоқтатпақ емес. Қайта үздіксіз жарнамалай отырып, бизнесін сан қырынан дамытпақ ниетте. Ол алдағы уақытта төсек жабдықтарының барлығын қамтып, үлкен кәсіпорын құруды көздеп отыр.
Тағы бір ауыл азаматы Нұркен Ниетбаев «Бизнес бастау» жобасы нәтижесінде жеңіл көліктерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін, техникалық қолдау көрсететін орталық ашқан. Бүгінгі таңда темір тұлпарлар қалада ғана емес, ауылдарда да өте көп. Алайда, көлікті тізгіндеу бар да, ал оны жөндеу, күнделікті күтіп қарау екінің бірінің қолынан келмесі анық. Сондықтан да көлік көп кезде оған техникалық қызмет көрсету де өшпейтін бизнес түрі саналады. Көпбалалы әкенің де бастаған ісі небәрі алты айда өз жемісін беріп, ауласынан-ақ айына 400 мың теңге табыс тауып отыр. Тіптен қасына көмекші ретінде бір азаматты алып, жұмыс беріп, еңбекке баулуда. Көлікті жөндеу жұмыстарына қажетті құрал-жабдықтарын, аппараттарын толық алған кәсіпкер бағдарламаның кәсіп бастаушыларға таптырмас мүмкіндік екендігіне тоқталды.
– Бала кезімнен әкемнің жанында жүріп, көлікті жөндеудің қыр-сырын меңгердім. Мен осы уақытқа дейін мемлекеттік қызметте еңбек еткенмін. Әрине, жұмысың болғаны жақсы, бірақ, мен бизнесті таңдадым. Өйткені, мен бұл саланы өте жақсы көремін. Ойымдағы дүниені жүзеге асырғым келді. Оған мүмкіндік берген «Бизнес бастау» жобасы. Мен көліктердің қиын ақауларын жөндеймін. Аптасына үш-төрт көлік аламын. Барынша сапалы етіп жасап беруге тырысамын. Өйткені, тұтынушылардың келуі тікелей соған байланысты. Біз секілді өз ісін бастағысы келген азаматтарға қолдау көрсеткен жобаға алғысым шексіз. Қазіргідей түрлі сала дамыған заманда жеке кәсіп иесі болуды кім болса да армандайды ғой. Өз-өзіңді жұмыспен қамту – уақыттың талабы, заман сұранысы. Әзірге, бір адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Әлі де жұмысқа адам алу, кәсіпті кеңейту жоспарда бар, – дейді кәсіп иесі Нұркен Ниетбаев.
Расында ауылдардағы, әсіресе, шалғай елді мекендердегі жұмыссыздық проблемасын шешуде шағын кәсіпкерлікке бағытталып отырған грант қаражаты көп септігін тигізуде. Қолдау қаражаты туралы естіген, қолынан іс келетін тұрғындар үш айлық курстарды оқып, түрлі мамандықтарға машықтануда. Әсіресе, дәмді торттар пісіріп, тапсырыс қабылдау қыз-келіншектердің негізгі кәсіп көзіне айналып үлгерді. Күн санап технологияның дамығаны соншалық, көздің жауын алатын тәттілердің сан түрі халық сұранысына ие болып жатыр. Жас кәсіпкер Құндызай Рахымжанова да бүгінде сүйікті ісін кәсіпке айналдырған жанның бірі. Ол жобаның игілігін көріп, тез дайындалатын тағамдар мен тәтті торттар дайындайтын «Құндызай тәттілері» наубайханасын ашқан.
– Аталған жобаның жеке кәсіп ашушыларға пайдасы өте мол. Оқу барысында көп нәрсеге қанықтым. Біраз сауат ашып, осы бағытта білім жинап, тәжірибе толықтырдық. Көпбалалы ана ретінде берілген жеңілдіктің маған көп көмегі тиді. Мемлекет тарапынан ұсынылған мұндай мүмкіндікке дән ризамын. Қайтарымсыз грантқа қол жеткізгеніме аса қуаныштымын. Қажетті қаржының цех ашып, жаңа құрал-жабдықтар алуыма септігі тиді. Тапсырысты тәулік бойы қабылдаймыз. Ал, дүкеніміз таңғы сағат 8:00-ден бастап, қас қарайғанға дейін үздіксіз жұмыс істейді. Анам әзірге қасымда қолғабыс көрсетіп, көмек беріп келеді. Мен күні бойы дүкенде қарап отырмай, үйде де тапсырысқа торттар, түрлі тәтті тағам түрлерін әзірлеймін, – дейді кәсіпкер.
Айта кетейік, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында өткен жылы ауданда жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 113 азаматқа 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қайтарымсыз грант берілген. Оның ішінде мал шаруашылығы мен құс шаруашылығы, жылыжай ісінен бөлек шұжық шығару, тігін, құрт жасау, пластик есік, терезе шығару цехтары, зергерлік шеберханасы, кір сабын өндірісі, мақта-жүн түту, пескаблок өндірісі, химиялық тазалау қызметі секілді тың кәсіп түрлері бар. Бір қуантарлығы – бүгінгі күнге қаражат қайтарған азаматтардың жоқтығы. Кәсіп бастаушылардың бәрі тоқсан сайынғы есептерін уақтылы өткізіп тұратын көрінеді. Бұл бағытта биылғы жоспар аясында 110 азамат қамтылмақ. Мемлекеттік грантқа қатысушылар өз жобаларын комиссия алдында қорғап, бүгінде 55 азаматқа тиісті қаржы аударылды. Ал, қалғаны сұрыптаудан өтіп, жыл аяғына дейін табысталмақ. Мамандардың айтуынша, биыл жоба аясында жастарды қолдау шараларына басымдық берілуде.
– Нарықтық қоғамда өмір сүрген әрбір адам қолындағы ақшасын тиімді жаратып, бір теңгеден екі теңге жасауға бейімделуі қажет. Бұл – бүгінгі күннің басты талабы. Әрине, кәсіпкер болғысы келетін жастар жоқ емес. Бірақ, олардың көпшілігі кәсіпті неден және қалай бастарын білмейді. Ал, бизнесті дөңгелетіп әкетуге ниеті бар, бірақ, қолында қаржысы жоқ жас не істеуі керек? Көмекті, кеңесті кімнен сұрағаны жөн? Мемлекет тарапынан кәсіп ашамын деген жастарға қандай көмек бар? Бизнес бастаймын десең, үкімет өзі шәкіртақыңды төлеп, әуелі кәсіптік оқуға жібереді. Одан соң идея ұсынуға да қолдау көрсетеді. Жастарға тек мемлекеттің жасап жатқан мүмкіндігін пайдаланыңыздар дегім келеді. Біз алдымызға келіп, көмек сұрап келген әрбір азаматты қолдауға дайынбыз, – дейді аудандық «Мансап орталығының» директоры Алтай Стамқұлов.
80 мыңнан астам тұрғыны бар Жамбыл ауданында жұмыссыздық деңгейі 4 пайызды құрап отыр. Аудан халқының 30,4 пайызы жастар екенін ескерсек, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 1049 жас жұмысқа орналасқан. Оның 32-сі осы «Бизнес Бастау» арқылы кәсіп ашуға мемлекеттен көмек алған. Сонымен қатар, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» тарапынан да жұмыссыз жастардың белсенділігін арттыру мақсатында көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Осыған қарап-ақ елімізде масылдықтан арылуға бастайтын бастамалардың көп екендігін аңғаруға болады. Тек кәсіпте кежегесі кейін тартпай, келешекке ұмтылатын жандар қатары көп болса болғаны.
Нұрболат АМАНБЕК
Жамбыл ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді