Референдумға дайындық барысы пысықталды

Референдумға дайындық барысы пысықталды
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы дәстүрлі Жолдауында алдағы 6 қазанда елімізде атом электр станциясын салуға байланысты референдум өтетінін мәлімдеген болатын. Облыстық әкімдікте ел үшін тағдыршешті науқанға дайындық барысы пысықталды.

Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Тілдабекұлы арнайы қатысқан кеңес жиынын облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев жүргізіп отырды.

Қазіргі таңда облыста референдумға дайындық жұмыстары күнтізбелік жоспарға сай жүруде. Лесбек Құралбайұлының баяндамасындағы ақпаратқа сүйенсек, Жамбылда дауыс беру құқығына ие 721 676 сайлаушы тіркелген. Сайлаушылардың дауыс беруін ұйымдастыратын 508 референдум учаскелері қажетті жабдықтармен қамтылған. Олардың 21-і жабық учаскелер санатында. Барлық сайлау учаскелері мүгедектігі бар азаматтар үшін бейімделген. Жалпы облыста референдумға қатысатын 520 сайлау комиссиясы бар, сайлау комиссиясының мүшелері толық. Сонымен қатар, кандидаттардың баспа үгіт материалдарын орналастыру және кездесу орындары референдумның үгіт-насихат жұмыстарына дайын. Облыста Орталық сайлау комиссиясымен 4 және облыстық сайлау комиссиясымен 3 қоғамдық бірлестік аккредитациядан өткен. Референдумды халыққа түсіндіру бойынша ұйымдастыру дайындық жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Облыс әкімінің басқаруымен облыстық штаб және облыс әкімінің орынбасарының басқаруымен өңірлік ақпараттық штаб құрылды. Референдум тақырыбын халыққа түсіндіретін 399 адамнан тұратын 11 халықтық штаб жасақталып, оның құрамына ғалымдар, физика ғылымдарының профессорлары, қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар енгізілді. Штаб мүшелерімен 5 қыркүйекте оқыту семинары өтіп, әдістемелік құралдар берілген болатын.

Жалпы, референдум ұйымдастыру бойынша екі желілік кесте бекітілген. Кесте бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысын Лесбек Құралбайұлы баяндады.

– Референдумды ұйымдастыру бойынша екі желілік кесте әзірленді. Жалпы, 1 282 іс-шараға 454 мың адамды қамту жоспарланған. Халықтық штабтың 1 069 іс-шарасымен 90 мыңға жуық адам қамтылады. Бүгінгі күні желілік кестеде жоспарланған 156 шара өткізіліп, 14 мыңнан астам адам қамтылды. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар 225 түрлі форматтағы іс-шарамен 364 мың адамды қамту көзделген. Жалпы желілік кесте бойынша 214 үгіт-насихаттық іс-шаралар өткізіліп, 41 230 адам қамтылды. Халықаралық байқаушылар орталығы дайындалып, қажетті құрал-жабдықтармен, байланыс құралдарымен қамтылды. 109 бірыңғай диспетчерлік қызметі тұрғындарға референдум бойынша ақпарат беруде және сайлау учаскелерін анықтауына жәрдемдесуде, – деді аппарат басшысы.

Айта кету керек, облыста тұрғындардың өз учаскесін анықтайтын «Референдум Жамбыл» телеграм-боты қосылған. Қазіргі таңда осы бот арқылы 263 азамат өз учаскелерін анықтаған екен. Бұған қосымша «E-Жамбыл.кз» ақпараттық порталында (www.e-jambyl.kz) осы қызметті ұсынатын онлайн-сервисі іске қосылады. Облыста сайлау күні тіркеуді растау жөніндегі 315 онлайн-сервис және Тараз қаласында тұрақты немесе уақытша тіркеуде жоқ азаматтардың дауыс беруін ұйымдастыру үшін 5 жаңа сервистің жұмысы ұйымдастырылуда.

Өз кезегінде Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ҚР Референдум туралы заңына сәйкес жергілікті мемлекеттік органдары азаматтардың референдумға қатысуын қамтамасыз етуі қажет екендігін атап өтті.

– Сайлау учаскелерін заң талаптарына сәйкес жабдықтау және референдум комиссияларының құрамын толықтыру туралы заңның 8-24 бабтарының талаптарына сәйкес, мемлекеттік және жергілікті органдар референдум өтетін үй-жайларды, жабдықтармен, ақпараттық стендтермен, көлік құралдарымен, сайлаушылардың дауыс беру учаскелерін электр энергиясының қосымша көздерімен, сумен, компьютерлік техникамен, өрт қауіпсіздігімен, санитарлық нормаларды сақтау және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың референдумға қатысу құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарда жәрдемдесуге міндетті. Сайлау учаскелерін жабдықтау барысында сайлау учаскесінде дауыс беретін мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы кабиналар жасақталып, ҚР ОСК бекітілген нұсқаулыққа сәйкес қажетті құрал жабдықтармен қамтамасыз етіледі, – деді Серғали Өмірзақұлы.

Негізгі баяндамалар аяқталған соң Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман өңірдегі референдум учаскелеріндегі қауіпсіздік жайын, апаттық ғимараттардың болмауын, бақылаушыларға жасалатын жағдай, бюллетеньдерді учаскелерге жеткізу, интернет жылдамдығы сынды бірнеше бағыттарға арнайы тоқталып, мемлекеттік органдардан келген жауапты өкілдермен дайындық барысын пысықтады. Референдум күні мәселе туындаған жағдайда сайлау комиссияларында жауапты мамандары үздіксіз байланыста болуы керектігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға дауыс беру үшін арнайы кабинаның болуы керектігін, жалпы сайлаушыларға қауіпсіздік тұрғысынан барлық жағдай жасалуы тиіс екенін ескертті.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар