Ол бес бөліктен тұрады. Жалпы құрылыс алаңында 103 жұмысшы, 34 техника жұмыс істеуде. Жаңғырту жұмыстарының бірінші бағыты «Тараз энерго орталық» акционерлік қоғамынан «Көне Тараз» тарихи кешеніне дейінгі аумақты қамтиды. Ал екінші бағыты «Көне Тараз» тарихи кешенінен Байзақ батыр көшесі аралығында жүргізілуде. Үшінші бағыт Байзақ батыр мен Әйтиев, төртінші бағыт Әйтиев пен Жамбыл даңғылы аралығын қамтып отыр. Соңғы бағыт «Тараз энерго орталық» акционерлік қоғамы ғимаратының қазандығы мен мекеме ауласында жүргізіліп жатыр. Оның жалпы ұзындығы 6,1 километрді құрайды. Бұл жобаның жалпы құны 10 миллиард 756 миллион теңге. Нысанның құрылысын Шымкенттік «Сарыағаш-Аман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде.
– Жылыту маусымына бір ай уақыт қалды. Қазір М-1 жылу желісінің құрылыс жұмыстары аяқталып келеді. Жалпы құрылыс жұмыстары 19 сәуірде басталған. Содан бері бес айға жуық уақыт өтті. Бүгінгі күні екі құрылыс учаскесінде жылу құбырын төсеу жұмыстары аяқталды. Дәлірек айтсақ, Жамбыл мен Қойгелді батыр, Әйтиев пен Абай көшелері аралығындағы Төле би көшесі бойындағы М-1 жылу магистралінің құрылыс жұмыстары аяқталып, жол жабыны төселіп, көлік қозғалысына рұқсат берілді. Жалпы, құрылыс алаңында бүгінге дейін 103 адам жұмыс істеп келсе, мердігер тарапынан қосымша елуге тарта адам жұмылдырылып отыр. Одан бөлек, құрылыс алаңында 38 темір дәнекерлеуші, 34 техника жұмыс істеуде. Құрылыста пайдаланылып жатқан құрал-жабдықтар мен бетон науалар, темір құбырлар, барлығы да отандық өнім. Бүгінгі күні қазу жұмыстары толық аяқталып, құбыр төсеу жұмыстары 78 пайызға орындалды. Жылыту магистралін 1 қазанға аяқтап, тапсыру жоспарланған, – дейді Арман Бектебаев.
Табиғи монополиялық реттеу департаменті бастығының орынбасары Қалдыбай Мүсілімнің айтуынша, жылу құбырларының пайдалану мерзімі 25 жылды құрауы тиіс екен. Ал 1990 жылы пайдалануға берілген М-1 орталық жылу магистральді құбыры өзінің пайдалану мерзімінен 9 жыл асып кеткен. Яғни, 34 жыл пайдалануда болған орталық магистральдің соңғы 5 жылда бірнеше жерінен ақау шығып, құбыр жарылуы орын алған. Бірақ, жауапты жылу мекемелері мамандарының шұғыл іс-әрекеттерінің арқасында ол ақаулар уақтылы жөнделген. Ал жылу құбырының жарамдылығын тексеруден өткізген тәуелсіз сарапшылар өз қорытындыларында шаһардағы М-1 орталық жылу құбырларының тозуы 80 пайызды құрағандығын көрсеткен. Өткен жылы аталған магистральді қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс-монтаждау жұмысын жүргізуге республикалық бюджеттен 9,6 миллиард, ал облыстық бюджеттен 1 миллиард теңге қаржы сұралған екен.
Бүгінгі күні Тараз қаласы бойынша жылу желілерінің тозу көрсеткіші 67,7 пайызды құрап отыр. Осы орталық жылу магистралі қайта жаңғыртудан өткізілген соң жылу желілерінің тозу көрсеткіші 5 пайызға төмендемек.
Ал, «Тараз энерго орталық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның бас инженері Ғани Әлімбаев бүгінгі күні қайта жаңғырту жұмыстарының қарқын ала бастағанын айта келе, монтаждау жұмыстарының 80 пайызға аяқталғанын жеткізді. Оның айтуынша, қаладағы М-1 орталық жылу желісі арқылы 131 көппәтерлі тұрғын үй, 8 мектеп, 6 балабақша, 88 әлеуметтік және басқа да өндірістік объектілер жылу алады. Олардың жылыту алаңы 430,4 мың шаршы метрді құрайды. «М-1орталық жылу магистралін қайта жаңғырту жобасын іске асыру жылу шығынын нормативтік мәндерге дейін қысқартуға мүмкіндік береді, жеткізілетін жылу энергиясының сапасын жақсартады және тұтынушыларды тиімді жұмыс істеумен және үздіксіз жылумен қамтамасыз етеді, кәсіпорынның қаржы-шаруашылық қызметін сауықтыруға ықпал етеді. 2023 жылы «Тараз қаласы Сыпатай батыр, Төле би, Тұрысов көшелерінің бойындағы М-1 орталық жылу магистралін қайта жаңғырту» жұмыс жобасы әзірленіп, мемсараптаманың оң қорытындысы алынды. Жылу желісінің жалпы ұзындығы – 6138 метр. Жобаның жалпы құны 10,756 миллиард теңге, ал құрылыс жүргізу мерзімі 9,5 айды құрайды. Жобаның тапсырушысы Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, ал бас мердігер «Сарыағаш-Аман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Техникалық қадағалаушы «АДС САПА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, авторлық қадағалаушы «Институт «КазНИПИ Энергопром» акционерлік қоғамы болып табылады», – дейді Ғани Әлімбаев.
– Құрылыс-монтаждау жұмыстары осы жылдың 19 сәуірінен, полиция органдарымен жол жабу жұмыстары келісілген соң басталған болатын. М-1 орталық магистральдық жылу желісі ТЭЦ-4 аумағынан бастап Сыпатай батыр, Төле би көшелерінің бойымен Жамбыл даңғылына дейін жалпы ұзындығы 4,6 шақырым, диаметрі 600 миллиметр құбырын ауыстыру қарастырылған. Бүгінгі күнге демонтаж жұмыстары аяқталды, құрылыс жұмыстары жұмыс кестесіне сәйкес жүргізілуде. Жоспарға сәйкес қайта жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен аяқталып, іле абаттандыру, жолдың асфальт жабындысын қалпына келтіру жұмыстары осы жылдың 1 қазанына дейін атқарылуы тиіс. Сондай-ақ, биыл «Таразтрансэнерго» МКК-ны 2024 жылға арналған инвестициялық бағдарлама шеңберінде өз қаражаты есебінен жалпы ұзындығы 110 метр ЖҚ-220-дан К-2-ге дейінгі Қойгелді және Пушкин көшелеріндегі ішкі кварталдық жылу желілерін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізді. Нәтижесінде, 2 көппәтерлі тұрғын үй мен заңды тұлғалар үздіксіз сапалы жылу энергиясымен қамтамасыз етілетін болады, – дейді Ғ.Әлімбаев.
Барлық учаскеде жоспарлы жұмыс кестеге сай атқарылуда. «Сарыағаш-Аман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жоба жетекшісінің орынбасары Дәулет Тұрсынханов Төле би көшесі бойындағы бүгінгі күнге дейін жүргізілген құрылыс жұмысының барысымен таныстырды. Оның айтуынша, ең алдымен құрылысшылар пайдалану мерзімі өткен М-1 орталық жылу магистралындағы жылу құбырларын алу үшін жолдың асфальт жабынын бұзып, ені 3,20 метрлік ор қазған. Қазылған ордың тереңдігі – 4,20 метр. Ол арадан шығарылған темір құбырлар арнайы құрылыс базасындағы қоймаға жинақталған. Оның орнына жаңа құбыр желісін салу үшін алдымен ордың табанын тегістеп, арнайы бетон науалар орнатылған. Содан кейін өз елімізде дайындалған, сырты арнайы жылу өткізбейтін жабынмен қапталған, 600 диаметрлік темір құбырлар науа ішіне орнатылып, темір сымдармен жан жағынан құрсауланған.
– Бес айдан бері М-1 орталық жылу магистралінің жаңғырту жұмысын жүргізудеміз. Құрылыс жұмысына тартылған құрылысшылардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Құрылысқа қажетті барлық техника осында. Әрбір күнді тиімді пайдаланып, өзімізге жүктелген міндетті мерзімінде әрі сапалы орындауға күш салудамыз. Қазіргі таңда монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын. Қойгелді батыр мен Әйтиев арасындағы бетон науа және құбыр жүйесіне демонтаждау жұмыстарын 100 пайыз аяқтап, монтаждау жұмыстарын жалғастырудамыз. Бұдан бөлек, үлкен жылу камерасы (ТК-121, 131) демонтаждалып, бетон құю жұмыстары аяқталып отыр. Жұмыс қарқынын арттыру мақсатында жұмысшы саны 147 адамға көбейді. 34 техника жұмылдырылған. Мерзімінде құрылыс жұмыстарын аяқтауға бар күш-жігерімізді салудамыз, – дейді серіктестік өкілі.
Мұндағы учаске прорабы Теңел Жақсымұраттың айтуынша, құрылыс алаңында жұмыс қызған. «Біздің учаскеде құрылыс қауіпсіздігі толық сақталған. Жұмысшылар арнайы киіммен, құрал жабдықтармен, ыстық тамақпен де, жатын орынмен де қамтылған. Монолитшілер жылу камерасын демонтаждау жұмыстарын аяқтап, негізгі жұмысқа кірісіп кетті. Құрылыс алаңында жұмысқа қажетті барлық материал жеткізілген. Жұмысты кестеден кешіктірмей өткіземіз деген ойдамыз», – дейді Теңел Жақсымұрат.
Оның учаскесінде ағайынды Ерлан, Самат, Еламан мен Қайрат Жолдасовтар жұмыс істейді екен. Барлығы да Жуалы ауданынан күнделікті қатынап жүр. «Жұмысымыз өзімізге ұнайды. Бетон құюмен біраз жылдан бері айналысып келеміз. Бұған дейін де Тараз қаласында құбыр тарту жұмыстарына қатысқанбыз. Жалақымыз істеген жұмысымызға қарай төленеді. Өзіміз арматура тоқимыз, бетон құямыз, басқа да жұмыстарды істейміз. Ыстық тамақпен қамтуы да жұмысымызды жеңілдетіп отыр», – дейді Ерлан Жолдасов.
Құрылыс жұмыстарының барысын техникалық және авторлық қадағалаушылар да күнделікті бақылап, қарбалас тіршіліктің сапалы аяқталуын назарда ұстап отыр.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді