Қабылдау бөлмесіндегі қыз ішкі телефонмен «Ақ жол» газетінен журналист келіп отыр» дегені сол еді, өзі шығып, қос қолын ұсынып, амандасты. Арыз әкімнің үстінен жазылған жоқ, тіпті «ә» дегенде не мақсатпен келгенімді білмейді. Сонда да жан жоқ. Қарапайым әкім екен деп іштей түйіп үлгердім. Ел бекер айтпаған екен. Аман-саулықтан кейін не мақсатпен келгенімді естіген соң, «Е, ағайын арасындағы болмашы дау ғой, екі жақтың пікірін тыңдап, зерделеп көрерсіз» деді. Ауданға келіп жатқан соң, экономика, ауыл шаруашылығы, басқа да салалардан мәлімет алып, қоржынды біршама қампитып алдым.
Екінші жолы Мойынқұм ауданында әкім болғанда жаңадан пайдалануға берілген Ақбақайдағы орта мектептің жауын суының салдарынан жарық пайда болғаны туралы шағым түсті. Ол кезде қазіргідей әлеуметтік желі белең алмаған. Халық мерзімді басылымдарға шағымданып жататын. «Ақ жолға» түскен ондай шағымдардың бірде-бірі аяқсыз қалмай, міндетті түрде журналист барып, зерделеп мақала жазатын. Сол кездегі редактор Ғалым Қасабай «барасың» деді. «Тараз қайда, Шошақтың шөлінде жатқан Ақбақай қайда» демей, тартып кеттім. Тағы да сол әкімге кіріп, мән-жайды айтып, арыз мәтінімен таныстырдым. «Әбеке, сізге Шу арқылы Ақбақайға бару үшін талай шақырым жол жүруіңізге тура келеді. Жақында ғана ауданға жол талғамайтын жаңа үлгідегі екі «Уаз» автокөлігі келді, соның бірімен барыңыз, 120-ақ шақырым» деді.
Сол кездегі аудан басқарған азаматтардың іскерлік, ұйымдастырушылық қасиеті, үлкенге аса құрметпен, кішіге ерекше ізетпен қарайтыны қандай еді, шіркін! Олар журналистке ғана емес, барша жұртқа солай. Қанша жерден алып, жерге салсақ та кеңес одағының кадрлары мықты болатын. Комсомол қатарында шыңдалды, компартияның темірдей тәртібін көріп, мектебінен өтті.
Облыс орталығында өтіп жататын түрлі іс-шараларға жиі атбасын бұрып тұратын Болат Қанатбайұлына бірде: «Төрт ауданға әкім болдыңыз, осынша ауданды жемісті басқарудың сыры неде?» дегенім еске оралғаны.
– Менің әкем Қанатбай да, анам Әсембала да 1924 жылғы. Биыл екеуінің 100 жылдығы. Он бір перзент көрді. Төрт бауырым бірі ерте, бірі кеш мына дүниеден өтіп кетті. Көңілге бір медет – соңдарында ұрпақ бар. Әкем жарықтық, 50 жылға жуық Ескі Шу селолық атқару комитетінің төрағасы болып еңбек еткен кісі. Белбасар, Амангелді, Жаңа Шу ауылы бастаған алты бірдей елді мекен қарайтын аймақтағы жұмысты үйлестіріп, басқару оңай шаруа емес. Жарықтық әркез «ел үшін еңбек ет, адалдықтың ақ жолынан тайма» деп отырар еді. Әке тәрбиесі солай болған соң, мектепте жақсы оқыдым. 1971 жылы Алматыдағы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына түстім. 1976 жылы жоғары оқу орнын зооинженер мамандығы бойынша бітіріп шығып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің жолдамасымен Көкшетау облысы Зеренді ауданы «Қарабұлақ» совхозына фермаға зоотехник-селекционер болып орналасып, еңбек жолымды бастадым. Одан кейінгі еңбектегі жарқын жол қазіргі Айыртау ауданындағы «Карасевка» совхозында бас зоотехниктікке жалғасты.
«Туған жерге туыңды тік» деген қағиданы басшылыққа алып, 1978 жылы маусымда елге оралған соң, «Ақтөбе» колхозында бас зоотехник, 29 жасымда «Чкалов» совхозын да партия комитетінің хатшысы, арада бес жыл өткенде Жамбыл атындағы совхозға директор болып тағайындалдым. «Белбасар» совхозын да басқардым. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әнуар Жақыпов еді.
Обкомның бірінші хатшысы: «40-50-дегі жігіттер шаруашылықты басқара алмай жатқанда сен қалай басқарасың?» деген сөзі менің есімнен күндіз-түні шықпай, тынымсыз, жастық-жігермен еңбек етуге жетеледі де тұрды. Ол заманда «100 қойдан 100 қозы» береміз деп ұрандайтын шақ. Бермесең бас кетпесе де, партбилет кетеді. Шаруашылық малшыларын, бас мамандарды жұмылдыра отырып, еткен еңбек еш кеткен жоқ, партияға берген уәдені орындап шықтық. Кейіннен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Халел Бейсеев Чкалов атындағы совхозда партком хатшысы болып жүргенімде Жамбыл атындағы шаруашылыққа директор етіп ұсынғанда Әнуар Жақыповтың «екі жылда не ары, не бері боларсың» дегені жүрек шіркінді зырқ еткізгенін несіне жасырайын. Екі жылда мал және егін шаруашылығы да қарқынды дамыды. Қызылшадан гектарына 370 центнерден өнім жинадық. Мәдениет үйі сиыр фермасының бір жағына орналасқан. Бұл енді ақылға сыймайтын, тіпті айтудың өзіне ауыз бармайтын сорақылық еді. Содан Мәдениет үйінің құрылысын сегіз айда аяқтап, жаңа мектеп құрылысын да салып, пайдалануға бердік, – деді Болат Рысмендиев.
Ұмытпасам 1988 жылы-ау, «Лениншіл жас» газетінде журналист, бүгінде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың совхоз директоры Болат Рысмендиев жайлы «Бірінші тыңдап тұр» деген көлемді мақаласы шығады. Жастар басылымында жарқ ете қалған дүниеден Бөкеңнің есімі қазақ еліне лезде тарап кетті. Мықты директор туралы әр қырынан жазғысы келген түрлі басылымдардың журналистері Шу өңіріне бірінен соң, бірі келіп жатты.
Тәуелсіздіктің елең-алаңында басқарудың әкімдік жүйесі енгізілгенде Болат Рысмендиев Шу ауданы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Кейіннен аудан әкімі болды. Қордай ауданынан кейінгі іргелі әрі тоғыз жолдың торабындағы ауданды басқарудың қиыншылығы өз алдына, ол жылдары «қысқа жіп күрмеуге келмей жатқан» өлара бір шақ еді. Қазіргідей түрлі бағдарламалар жоқ, бюджет тапшы. Сонда да аудан әкімі өзінің іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің, халықпен тіл табыса алатын қасиетінің арқасында іргелі өңірді тоқсаныншы жылдардағы өтпелі кезеңінен алып шықты.
Меркі, Мойынқұм және Талас аудандарының әкімі болып еңбек еткен жылдары азаматтың іскерлігі жарқырай көрінді. Құдайға шүкір, Шу мен Меркі облыстағы іргелі аудандардың қатарында. Судан да сонша тапшылық көрмейді. Ал, Мойынқұм мен Талас ауданы кеңес заманында шөл және шөлейтті аудандар қатарында болды. Мамандығы зоотехник-әкім шалғай өңірдегі қос ауданның ауыл шаруашылығы саласының өркендеуі жолында аянбай тер төкті. Төрт түліктің басы артты. Судың тапшылығынан егін шаруашылығы кенжелеп қалған екі ауданда да масақты дәнді дақылдарға назар аударылды. Бақша өнімдерін мойынқұмдықтар да, таластықтар да көптеп еге бастады. Қос ауданның аумағынан өтетін Шу және Талас өзендерінің суын үнемді пайдалануды қолға алды.
Үш ауданды жемісті басқарған Болат Қанатбайұлы Таласта әкім болғанда ауыл шаруашылығы мен өндірісі қатар дамыған ауданды ұршықша үйіріп алып кетті. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларымен қатар, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және басқа да салалардағы жұмысты жетік біліп, жаңғақша шақты. Журналистік сапармен облыс аудандарына жиі шығамыз. Әкімдіктердегі жолбасшы жігіттер әлде бір ғимаратты немесе нысанды көрсетіп «Бұл жай, Болат Рысмендиев ауданды басқарып тұрғанда ашылған» деп жатады. Атпал азаматтың кеңес заманында кеңшарлардың директоры, Тәуелсіздік жылдары 1998 жылдан 2017 жылға дейін 19 жыл төрт ауданның әкімі болғанда алған түрлі марапаттарын тізіп шықпадық. Ең бастысы халықтан алған алғыс пен құрметке не жетсін!
Қазақта «Досыңды көрсетші, кім екеніңді айтайын» деген сөз бар. Болат Қанатбайұлының кең байтақ қазақ елінің әр қиырында досы көп. Жиі болмаса да жылына екі-үш мәрте Астана, Алматы және Шымкент сынды миллионер қалаларға жол түсіп тұрады. Сондайда журналист-әріптестердің дені аудандарда ұзақ жыл әкім болған, биыл 70 жасқа аяқ басқан қоғам қайраткері Болат Рысмендиевті сұрап, сәлем айтып жатады.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді. Құдай көп көрмесін, Қанатбай атамыздың әулетінен тараған ұрпақтары бүгінде бір қауым елге айналған. Сол үлкен бәйтеректің бір бұтағындай Болат аға мен Салтанат жеңгеміздің тұңғыш ұлдары – Ернар «Самұрық» ұлттық компаниясында, Бағдат бизнесте, Бауыржан «Қазатомпромда» қызметте. Ал кенже қыз-Меруерт газ саласында экономист болып еңбек етуде. Балалардан немерелері, қыздан жиендер өсіп жатыр.
Амангелді ӘБІЛ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Алматы қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді