Жиында облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Төлебек Құлекеев аталған бағытта атқарылған жұмыстар жөнінде айтып өтті. Оның хабарлауынша, өңірде жем-шөп қоры жеткілікті, мал азығын дайындау жұмыстары тұрақты негізде жүруде.
– Биыл 523,4 мың бас мүйізді ірі қара, 3,8 миллион бас ұсақ мал, 184,9 мың бас жылқы, 7,7 мың бас түйе қыстауға түседі. Осыған сәйкес 2,6 миллион тонна пішен, 99 мың тонна пішендеме, 88 мың тонна сүрлем, 470 мың тонна сабан, 353 мың тонна құнарлы жем дайындау жоспарланған. Осы мақсатта 303 мың гектар жер шабылып, жоспарға сәйкес пішен мен пішендемеге қажетті меже орындалып, екі мың тонна сабан артығымен жиналды. Қазіргі уақытта сүрлем жинау жұмыстары жалғасуда. Бұдан бөлек, мал азығына 152,8 мың тонна дәнді дақылдар бөлінді, – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы Төлебек Құлекеев.
Төлебек Болатұлының айтуынша, биыл қыстап шығатын әрбір мал басына 19 центнерден азық дайындалып, өткен жылмен салыстырғанда 7 центнерге артқан. Жалпы облыста 5 862 мал қыстату орны бар болса, оның ішінде 1 202 қыстау шалғайдағы жайылымдарда, яғни құмды аймақтарда орналасқан. Қазіргі таңда малшыларға арналған тұрғын үйлер жөндеуден өткізіліп, дайындалған мал азығының негізгі бөлігі қыстау орындарына жеткізілуде. Сондай-ақ, облыста 1 түк пішеннің бағасы тұрақты 500-650 теңге болса, 1 килограмм құнарлы жем бағасы 60-68 теңге көлемінде сатылуда.
Басқосу барысында мал азығын дайындау мәселесі бойынша аудан әкімдері хабарлама жасады. Өз кезегінде Ербол Қарашөкеев аудан басшыларына шалғай орналасқан қыстақтарға зерделеу жүргізіп, шаруалардың жол жүру, байланыс орнату, жем-шөп, азық-түлік қорын қалыптастыру, сондай-ақ қора-жайларының талапқа сай болу мәселесіне баса мән беруді тапсырды.
– Өздеріңізге белгілі, өткен жылдың желтоқсан айында Қордай ауданында ауа райының күрт нашарлауына байланысты табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған болатын. Аудан әкімдері осы мәселені ескере отырып, шалғайда орналасқан шаруалардың жол жүру, байланыс орнату, жем-шөп, азық-түлік қорын қалыптастыру, қора-жайларының ауа райы қолайсыздығына төтеп беру мәселелерін зерделеп, түсіндіру жұмыстарын қолға алуы қажет, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Сондай-ақ, облыс әкімі мал азығы бағасын қадағалап, оның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін тұрақты түрде мониторинг жүргізуді қатаң ескертті. Аппараттық кеңесте бұдан бөлек, жеке тұрғын үй құрылысы үшін бөлінген алқаптардың жай-күйі қаралып, аталған мәселе бойынша жауаптыларға бірқатар міндеттер жүктелді.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді