Газоблок – жаңа өнім

Газоблок – жаңа өнім
ашық дереккөз
Газоблок – жаңа өнім

Бүгінде жастар жеке кәсіпті ұршықша иіріп әкететін болды. Оған қуану керек, оларды қолдау керек. Ондай азаматтар өзінің жағдайын жасап қоймайды, жұртқа жұмыс береді, бюджетке қаржы түсіреді. Елдің сұранысын қанағаттандырады. Осындай азаматтардың бірі – жеке кәсіпкер тараздық Бағдат Құрманбеков.

2003 жылдан бастап жеке кәсіппен айналысуды бастаған ол сауда да жасады, елге қажетті өнімдер өндіретін цех та ашты. Тынымсыз еңбектің арқасында жағдайы жақсарып, жыл сайын миллион теңгеден аса таза пайда таба бастады. Өткен жылдың желтоқсан айында облыс орталығындағы Саңырық батыр көшесінің бойынан шағын кірпіш зауытын ашады. Құрылыс жұмысы қарқын алған өңірде өнімін өткеруде еш қиындық тумайтынын жоғары білімді инженер-технолог алдын ала болжады. Шағын және орта бизнес қанатын жайған қазіргі кезеңде шығарған өнімің бәсекеге қабілетті болу керек. Ол үшін бірінші, өнім шығаратын құрылғылар заманауи үлгіде болуы шарт. Кәсіпкер жігіт осыған аса мән беріп, өзінің жиған-терген 15 миллион теңгесіне Ресейдің Пермь қаласындағы зауыттан газоблок шығаратын жабдықтар сатып әкелді. Оны зауыттың құрастырушылары арнайы келіп, орнатып берді.

Жұмыс істегеніне айға жетер-жетпес уақыттың өзінде зауыт өніміне сұраныс арта түсті. Әзірге өнімді жеке үй-жай салып жатқан азаматтар алып жатқан көрінеді. – Менің бизнес саласына айрықша қамқорлық жасап отырған Елбасына деген ризашылығым шексіз. Әр жылғы Жолдауын назардан тыс қалдырған емеспін. Өткен жылғы қараша айындағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында да шағын және орта бизнес саласы қамтылды. Былтырғы кәсіпкерлерді тексеруге жарияланған мораторий де еңсемізді биіктетіп тастады. Ал енді жұмыс жайына келетін болсақ, бүгінге дейін құрылыс жұмыстарымен айналысатын ондаған кәсіпорынмен келісім-шартқа отырып үлгердік. Сондықтан, қыс мезгілі деп қарап отырғанымыз жоқ. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай, жұмыстың дені автоматтандырылғандықтан қазір бізде екі ауысымда 15-ақ адам жұмыс істейді. Қаладағы бірлі-екілі осындай шағын зауыттар күніне 10 текше метр өнім шығарса, біз 100 текше метр шығарудамыз. Дәнекерлеуші Қалдан Спатов, жұмысшы Жандар Ашимов, оператор Серік Тілеуқұлов, бірінші ауысымның бригадирі Жақсыбек Ділманов, бас технолог Ғалымжан Бейсенбаев сынды жігіттер еңбек десе жанып тұр. Бізде еңбек ететіндердің барлығы да өз істерінің білгірі,–дейді Бағдат. Өндіріс орнын аралай жүріп, таң-тамаша болдық. Кәдімгі тұрғын үйдің немесе түрлі нысандардың қабырғасына қаланатын кірпіш- газоблоктар құрылғылар арқылы бірнеше қатар болып, тізбектеліп шығып жатыр. Ол жұмысты бар болғаны екі қызметкер «түймелерді» басып, ажыратып басқаруда. Дайын болған өнімді аулаға шығаруға дейін автоматтандырылған. Көлікке арту да солай. Қол жұмысын сонша қажет етпегенімен жазғы маусымда өнімге деген сұраныстың еселеп артатынын сезіп отырған жеке кәсіпкер көктем шыға жұмыскерлер санын 50 адамға дейін жеткізетінін айтып қалды. «Бәрін техника атқарады дегенмен, оны басқаратын адам да керек. Мүмкін тәулік бойы жұмыс істейтін шығармыз» дейді жеке кәсіпкер. Сәтін салса шағын зауыт қанатын жая түсіп, облыс тұтынушыларын ғана емес, кең-байтақ елімізді аса қажетті құрылыс материалымен қамтамасыз етеді. Бір ғажабы газоблок өнімін шығаруға көп шикізат та қажет емес екен. Цемент пен кәдімгі құм керек. Өңірде бірінен кейін, бірі ашылып жатқан цемент зауыттары өз өнімдерімен жаңадан ашылған шағын өндіріс орнының жұмысын бір сәт те тоқтата қоймас. Ал, қара жердің құмы таусылған ба?! Қайсыбір өндіріс орнында болмайық, сондағы қызметкерлерге жасалып отырған әлеуметтік жағдайларға зер салатынымыз бар. Бұл мәселе мұнда 100 пайыз шешілген. Қызметкерлердің орташа жалақысы – 80-100 мың теңге. Арнайы киіммен толық қамтамасыз етіліпті. Техникалық қауіпсіздік шаралары қатаң сақталған. Қызметкерлерге түскі ас жеке кәсіпкердің есебінен тегін беріледі.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар