Жауырды жаба тоқығаннан жағдай жақсармайды

Жауырды жаба тоқығаннан жағдай жақсармайды
Ашық дереккөз
Облыстық «Aq jol» газетінің 23 шілдесіндегі №83 санында «Өзекті мәселе» айдарымен жарияланған «Субсидия алып, арамшөп еккен тұқым шаруашылығындағы бейберекет тірлік қашан тыйылады?» тақырыбымен мақала жарық көрді. Осы мақалада айтылған мәселеге облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген жауабы аталған газеттің 8 тамыздағы №90 нөмірінде «Тұқым шығынын субсидиялау талапқа сай» тақырыбымен жарияланды. Алғашқысында газет тілшісі ғалым-агрономның, яғни менің, аузыммен айтылған әңгіме, берілген мәліметтер бойынша мақала түзген. Екінші жариялым алғашқы мақалаға терістеме сипатында. Мұнда автор көрсетілмеген. Мен өзімнің газет тілшісіне берген мәліметтерімді теріске шығаруға бағытталған осы «жауаптың» анық-қанығын зерделедім. Бұл жауап 2024 жылдың 2 тамызында (№ЖТ-2024-04798128) дайындалып жолданған. Жауапхат негізінен қазақша дайындалыпты. Дегенмен, түпнұсқасының соңында «Заместитель руководителя Мухашев Нуржан Нурланулы. Исполнитель Тауасарова Айгул Ариповна» деп орыс тілінде бергені жауапты дайындаған маманның жауапсыздығы, сауатсыздығы дегеніміз дұрыс болар.

Енді жауап хатта жазылғандарға келейік. «Өйткені, республикамызда отандық тұқым шаруашылығын өндірумен (шаруашылық өндірілмейді. Автор.) айналысатын шаруашылықтар санаулы ғана десек те болады. Аттестатталған шаруашылықтар бойынша мақалада жазылған мәселеге қатысты «Шалқар» шаруа қожалығы мен «ҚайнарАгро» ЖШС-ның аттестаттау куәліктерінің мерзімінен бұрын қолданылуын тоқтату жөнінде облыста егілетін тұқым сапасын зерттеу жұмыстарына қоғамдық бақылау жөніндегі жұмысшы топтың жетекшісі – Аманжол Аманбаевтың ресми түрдегі атқаратын қызметі – «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Топ жетекшісі Аманжол Дүйсенбекұлының айтуынша, «ҚайнарАгро» ЖШС-на жаза қолданылмады делінген. Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 ақпандағы №385 «Тұқым шаруашылығы туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 6-1 бабы 17) тармақшасында «тұқым шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспектордың ұсынысы негізінде: субъектінің тұқым шаруашылығы саласындағы қызметті жүзеге асыруға құқығын куәландыратын аттестаттау туралы куәлігінің қолданысын; тұқымдардың сұрыптық және егістік сапаларына сараптама жүргізу жөніндегі қызметті тоқтата тұрады» – деп көрсетілген. Қазіргі таңда облысымызда тұқым шаруашылығы саласы бойынша жүргізілетін жұмыстар бір маманға жүктелген. Жоғарыда аталған Заңның 6-1 бабындағы жергілікті атқарушы органдардың құзіретіне аудандар кіргізілмеген және аудандарда тұқым инспекторлары жоқ», – деп жазылған жауапхатта. Бұл дегеніңіз, «қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарсаның» кері ғой, айналайындар-ау! Демек, әркім ойына келгенін істейтін болғаны ғой. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы оған жол беріп отыра береді ме сонда?

Ресми жауапхатты әрі қарай оқиық. «...Тиісті аумақтарда тұқым ресурстарының мониторингін жүзеге асыру мақсатында басқарма басшысы, басқарма басшысының орынбасары, мемлекеттік астық, тұқым және техникалық инспекциясы бөлімінің басшысы және (ресми түрде атқаратын қызметі – «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, топ жетекшісі) Аманжол Аманбаевтың айтуы бойынша, облыста егілетін тұқым сапасын зерттеу жұмыстарына қоғамдық бақылау жөніндегі жұмысшы топтың жетекшісі болып Меркі, Т.Рысқұлов аудандарына зерделеу жұмыстары жүргізілген (ешқандай комиссия тобы құрылмаған). Зерделеу (көзбен шолу) кезінде «ҚайнарАгро» ЖШС-і өкілінің бастауымен жолдың бойында орналасқан егіс алқабының (тұқымдық алқабы екені анықталмаған) ішінара карантиндік нысан – у кекіре жұлынып алынған.

Ал, мақалада жазылғандай, «Шалқар» шаруа қожалығының егіс алқабын ешкім араламаған» – деп келеді де, «Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясы (бұдан әрі – Инспекция) тарапынан «Шалқар» шаруа қожалығының қоймасына жүргізілген 2023 жылдың 23 мамырдағы №01-177 карантиндік фитосанитариялық сараптама қорытындысының негізінде «Шалқар» ШҚ-на 09.10.2020 жыл – 07.10.2023 жыл аралығында элиталық тұқымдарды өндіру және өткізу қызметін жүзеге асыруға берілген №КZ71VDC00082213 аттестаттау куәлігінің қолданысы 2023 жылдың 6 маусымында басқарма басшысының №68 бұйрығымен тоқтатылған» – деп тоқтайды. Менің осы жерде «ҚайнарАгро» ЖШС-нің де аттестаттау куәлігінің қолданысы неге тоқтатылмаған?» деп сұрауымның мынадай негіздері бар.

Біріншіден, жауапты дайындаушы «ешқандай комиссия тобы құрылмаған» деп жазады. «Зерделеу жұмыстары жүргізілген» деп анықтама беріпті. Сонда құрамында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, оның орынбасары, мемлекеттік астық, тұқым және техникалық инспекциясы бөлімінің басшысы және ғалым-агроном, басқарма жанындағы бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы бар топ аталмыш аудандарға шошқа тағалауға барған жоқпыз ғой. Мейлі, зерделеуге барған күннің өзінде топ жұмысы туралы хаттама түрінде бір қағаз түртіп қою керек еді. Әйтпесе, біздің сапарымыз серуендеп, қыдырып қайту сияқты болып отыр.

Екіншіден, жауап дайындаушы у кекірені жолдың жиегінен жұлып алғандай етіп көрсетіпті. Бұл жерде арамшөп (карантинный сорняк) пен қойма зиянкесін (амбарные насекомы) ажырата білу керек еді. Қоймадағы зиянкестен гөрі алқаптағы арамшөптің айырмасы – арамшөптен келетін зарар жер мен көктей. Бұл жерде «Шалқар» шаруа қожалығын қоймадағы зиянкестер үшін аттестаттау куәлігінен айыру ешқандай қисынға келмейді. Арамшөп пен зиянкес жәндік екеуі – екі бөлек әлем. Сонда басқармада көзге көрініп тұрған осы айырмашылықты ажырата алатын маман агрономның болмағаны ма?

Үшіншіден, тілшінің қойған сұрақтарына жауап негізінде жазылған бұл мақалада басқа шаруашылықтар да аталған. Жауапта олар туралы ләм-мим сөз жоқ. Жауап сараптамалық сипатта қайтарылып отырған соң, олар туралы да айтылуы керек еді.

Менің «ҚайнарАгро» ЖШС-да алты аласым, бес бересім жоқ. Менің талабым – әлеуметтік әділеттілік. Оның сыртында қоғам мүддесі жатыр. Мен сапалы тұқым өндірілуін, мемлекет қаражатының желге шашылмауын қалаймын.

Газетте жарияланған мақалаға жауап берген «жауаптылар» өздері жыртысын жыртып отырған «ҚайнарАгродан» арамшөбі (карантинный сорняк) аралас тұқым сатып алып, ол үшін мемлекеттен миллиондаған теңге субсидия алғандары нағыз сорақылық екенін неге ойламады екен? Мұнда да сыбайластық сипаты байқалады. Бірақ, нақты дәйек болмағандықтан ешкімді жазғырарымыз жоқ. Бұл ескерусіз қалдыруға болмайтын мәселе, біздіңше.

Ал, редакцияға ресми жауап берушілер біржақтылыққа жол беріп отыр. Бұл «май сасыса, тұз себер, тұз сасыса, не себердің» кері. Мен жауапты солай бағалаймын. Одан басқа түк те емес.

Қазақта «бас мүлгісе, аяқ сүрінеді» деген де бар. Ол сүріну мемлекетке шаш етектен шығын әкеліп жатса, нағыз «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» болады сонда. «Жақсысын асырып, жаманын жасырып» деген де бар. Бірақ, жауырды жаба тоқығаннан жағдай жақсарып кетпейтіні айтпаса да түсінікті. Керісінше, одан қоғам зиян көретіні, шаруа зардап шегетіні жадымызда болсын, әріптестер!

 

Аманжол АМАНБАЕВ,

ғалым-агроном, қоғам белсендісі, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы жанындағы бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар