Жалпы, егемен елімізде домбыра жасау өнерінде әр аймаққа тән өзіндік ерекшеліктер бар екені белгілі. Мәселен, батыс өңірлерде бұл аспап қозықұйрық пішіндес болса, Шығыс аймақта қалақ түрінде жасалады. Соған сәйкес пернелері де әртүрлі. Сонымен, алпыстан астам элементі бар ішекті аспаптың дыбысының тазалығы, үнінің кең тыныстауы, бір сөзбен айтқанда, домбыраның сапалы шығуы оны жасайтын қолөнершінің шеберлігіне тікелей байланысты.
Қасиетті Әулиеата өңірі он саусағынан өнер тамған дәл осындай шеберлерден кенде болған емес. Біздің өңірде ағаштан әрқилы дүние жасайтын шын таланттар қазір де жетерлік. Бірі мұны кәсіп етсе, өзгесі бұл өнерді хоббиіне балайды. Бүгінгі таңда ұлттық құндылығымызды жаңғыртып, мәдениетімізді дәріптеп жүрген алдыңғы буын өкілдерінің бірі – Балтабай Дәуірбеков. Мәдениет қайраткері, Мәскеуде өткен ІІ дүниежүзілік фестивальдің лауреаты Балтекеңнің шеберханасынан бұған дейін де түрлі ұлттық аспаптар жасалған еді. Алайда, «Аққу» домбырасының орны бөлек. Өйткені, осынау дүниенің авторлары: бейнелеуші Жұматай Сүйінбаев пен оны жасап шығарған Балтекең қазіргі қоғамның ащы шындығына айналған мәселеге де өзіндік үн қосуды қалаған.
– Қазақтың қара домбырасы өз қалпында өзгертілмей жасала береді. Оны ешкімнің өзгертуге қақысы жоқ. Әйтсе де, заман талабына сай әрбір шебердің өз мақсат-мұраты, ой-толғауы болатыны анық. Ал, оған халық төреші. Жалпы, қазақтың домбырасының мойыны ұзын болып келетіні шындық. Сол себепті, домбыраның мойнын аққу құсына теңеген. Халқымыз күйінгенде күй тартып, қуанғанда жырлаған. Осылайша, ішіндегі шерін тарқатқан. Жасыратыны жоқ, бұл күнде жастардың арасында ажырасу көбейіп барады. Шебердің аққу құсын таңдауының себебі де осы. Бұл домбыра жастардың бір-біріне деген сезімі аққу құстың махаббатындай болса екен деген ойдан туған. Аққу – жұп құрып қана тіршілік ететін, өте сымбатты әрі сұлу құс. «Аққу» домбыраны жастарға арналған домбыра деп білеміз, – дейді аудандық Төкен Мақашев атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Эльмира Кокушева.
Иә, қазақ халқы аққу құсын ежелден-ақ бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, пәктік пен сұлулықтың символы әрі құстың төресі деп қастерлеген. Ықылас Дүкенұлының «Аққу» күйі, Сәкен Сейфуллиннің «Аққудың айырылуы» және мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» шығармасы қазақтың осынау тіршілік иесіне деген шынайы сүйіспеншілігінен туындаса керек. Ал, Үкілі Ыбырайдың «Гәккуді» қоңыр қаздай қаңқылдаттым деп жырлауы өз алдына бөлек әңгіме. Айтпақшы, хас шебер Балтабай Дәуірбековтің болашақта бұл тақырыпта ән жазу жоспарында бар.
Есен ӨТЕУЛІ
Сарысу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді