Биыл егін бітік шықты

Биыл егін бітік шықты
Ашық дереккөз
Қазір ала жаздай тер төгіп, Жер-Ана төсінде еңбек еткен шаруалардың жұмысы қызған шағы. Егін ору науқанымен қатар, күзгі тұқым себу және келер көктемге жерді дайындау жұмыстары қарбаласып жатыр. Даладағы дүбір Т.Рысқұлов ауданында қалай жүріп жатқанын сұрап, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиевтен мән-жайды сұрадық.

Биыл бұл ауданда күзгі далалық жұмыстар барысында 58287 гектар күздік бидай тұқымы себіліп, жоспар 102,08 пайызға орындалған. Сүдігер 75950 гектар алқапқа дайындалып, жоспар 100 пайызға жүзеге асыпты.

– Аудандағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің пайдалануында жалпы 146654 гектар егістік жер тіркелген. Биыл егістік алқаптың 127230 гектары, яғни жалпы егістік жердің 86,75 пайызына ауыл шаруашылығы дақылдарын себу жоспарланған болатын. Оның 57100 гектары күздік, 65490 гектары көктемгі, 4640 гектары көп жылдық мал азығы. Өткен жылмен салыстырмалы түрде тарқата айтсақ, былтыр 51472 гектарға егілген жаздық арпа 52500 гектарға себілді. Сол секілді биылғы өнімге ауданның 13 ауылдық округіндегі 304 шаруа қожалық 600 гектар жаздық бидай, 100 гектар дәндік жүгері, 6420 гектар мақсары, 600 гектар қант қызылшасын, 570 гектар басты пияз, 22 гектар картоп, 24 гектар бақша, 2570 гектар мал азығы дақылынан жоңышқа септі. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу кезінде жаздық арпаға қажетті тұқым 8400 тонна қажет болып, қолда бар тұқым 10085 тонна, яғни қажеттіліктің 120,1 пайызын құрады, – дейді Темірғали Нәдірұлы.

Егін шаруашылығында тұқымның сапасы маңызды рөл атқарады. Себілген тұқымның да, одан алынған өнімнің де көлемі сапасы болмаса, желге ұшқанмен тең. Жоғарыда көрсетілген егіндіктің тұқым сапасын сұрағанымызда, 35 тонна супер элита, 470 тонна элита, 1750 тонна 1-ші репродукциялы, 3574 тонна ІІ-ші репродукциялы, 4256 тонна ІІІ-ші репродукциялы тұқымдар себілгенін білдік. Аудандық тұқым зертханасына тұқымдарының шығымдылығын тексертпей сеппеу керектігі шаруашылықтарға қатаң ескертіліпті.

– Өткен жылы 5937,4 тонна тыңайтқыштар алынса, биылға 6785,4 тонна тыңайтқышқа тапсырыс берілді. Жыл соңына дейін 46000 гектар егістікке сіңірілетін болады. Бұл аудандағы жалпы егістік жердің 31,4 пайызын құрайды. Биылғы көктемгі және күзгі дала жұмыстары мен егін орағына қажетті жанар-жағар майдың көлемі егілетін егістік көлеміне қарай, барлығы 5956,2 тонна дизель отыны бөлінді. Оның 2609,9 тоннасы көктемгі дала жұмыстарына жұмсалса, 3346,3 тоннасы егін орағы мен күзгі дала жұмыстарына бөлінді.

Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мақсатында «Кең дала» бағдарламасы аясында 2024 жылға «Аграрлық Кредиттік Корпорациясы» акционерлік қоғамы және аудандық несие серіктестіктері арқылы Т.Рысқұлов ауданы бойынша 13 ауыл шаруашылығы құрылымдарына 363 миллион теңге несие берілген. «Кең Дала-2» бағдарламасы бойынша 8 шаруа қожалық 314,850 миллион теңге несиеге өтінім беріп, мемлекет тарапынан қаржыландырылды, – деген Темірғали Биғазиев орылған егіннің сақталу орындарын да мәлімдеді.

Ауданда механикаландырылған 34 ток және 18 асфальтталған астық қырманы жұмыс істейді. Сыйымдылығы 30 мың тонналық Малдыбай ауылындағы «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің иелігіндегі механикаландырылған астық қабылдау пункті және сыйымдылығы әр түрлі 82 астық қоймалары биылғы астықты қабылдап жатыр.

Егістік басында жылжымалы дала қостары, су тасушы, өртке қарсы соқалы тракторлар, атты қарауылдар және қызметші жеңіл автокөліктер дайындалған. Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан аймақтағы дәнді-дақыл еккен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне егілген дақылдардың айналасын өртке қарсы 4 метрлік жолақ айдау, барлық егін комбайндарында, науқанға қатысатын көліктерде, дала қостарында өрт сөндіргіш құралдарының болуы, соқалы тракторлардың, су тасығыш көліктердің дайын болуы туралы хабарланған. Ауыл округі әкімдеріне назарда ұстау ескертілген.

Қазіргі уақытта Т.Рысқұлов ауданында 57509 гектар бидай, 52600 гектар арпа дақылы орылған. Егін ору науқанында 160 егін орағы комбайны жұмыс істеп тұр. Бір комбайнға орташа жүктеме 693 гектардан келеді. Одан басқа әртүрлі маркадағы 80 доңғалақты трактор, 169 автокөлік, 42 су таситын көлік қатысуда. Зертхана мен шаруашылық мамандарының болжамынша, күздік бидайдың әр гектарынан 16 центнерден, арпаның әр гектарынан 14 центнерден өнім жиналуда. Жалпы, қамбаға 166 мың тонна астық бастырылады деп күтілуде.

 

Т.Рысқұлов ауданы

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар