«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жүйелі жұмыс – нақты нәтиже кепілі

Жүйелі жұмыс – нақты нәтиже кепілі
Ашық дереккөз
Тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсуді қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Бұл бағытта өнеркәсіптік кешені, туризм, ауыл шаруашылығы, экология, өндіріс салаларының әлеуеті басым екені айтпаса да түсінікті. Аталған салаларға жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек өңірлік коммуникациялық алаңында осы бағытта жасалып жатқан жүйелі жұмыстарды атап өтті.

Әуелі асыраушы сала – ауыл шаруашылығына тоқталып өткен Әбілқайыр Ғалымұлы биыл Үкіметтің статистикалық деректерді нөлге келтіру туралы тапсырмасына сәйкес аудандармен егістік алқаптарға зерделеу жұмыстары жүргізілгенін айтты. Осыған сәйкес, бұған дейін игеріліп жатқан жалпы егістік көлемін және су үнемдеу технологияларын пайдалану алаңдары бойынша есептер ұсынуда сәйкессіздіктер анықталған. Яғни, облыс аумағында өткен жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 762,5 мың гектардың орнына 626,7 мың га шамасында алаңға орналастырылғаны белгілі болып, егіс алқабы 136 мың гектарға кеміген. Тиісінше, су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап, мал басы мен өндірілген ет көлемінің төмендігі байқалған.

Нақты статистикалық мәліметтерге қол жеткізілген соң, агроөнеркәсіп саласын дамытуға биыл 14,6 миллиард теңгеге 16 инвестициялық жоба іске асыру жоспарланған. Облыс әкімі орынбасарының сөзінше, ауыл шаруашылығында Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бойынша 8,5 миллиард теңге қаржы қаралған. Бөлінген қаржыға 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 118 жұмыс орыны құрылмақ.

– Соның ішінде өңірімізге қажетті жобалар іске асырылуда. Мысалы, ауыл шаруашылығы жануарларының жүн-терісін қайта өңдеу арқылы құрама жем мен тыңайтқыштар шығару, тауықтың қиынан биогумус өндіру, алма шырынын өңдеу, картоптан фри жасау, пиязды кептіру, көкөніс сақтау қоймалары және сүт тауарлары фермалары бар. Жалпы, осы жылдың сегіз айында 350 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7 есеге артты, – деді Әбілқайыр Тамабек.

Сонымен қатар, басқосуда облысымыздан бастау алған «Ауыл аманаты» жобасы жайында сөз қозғалды. Былтыр жобаға 24,1 миллиард теңге бөлініп, 38 ауылдық округтен 4076 өтінім несиелендірілсе, биыл 10,5 миллиард теңгеге 1200-ге жуық несие беру көзделуде. Бұдан бөлек, жыл басынан бері өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарымен 494,9 миллиард теңгеге өнім өндірілген. Десе де, бірқатар өндірістік салаларда көрсеткіштің төмендігі анықталған.

– Тамақ өнеркәсібінде өндірістің төмендеу себебі – өткен жылдың тамыз айынан бастап облыстағы екі қант зауыты Ресейден келетін қанттың бағасына бәсекелестік көрсете алмауы болып отыр. Ресейден келетін қант бағасы килограмына 300 теңге болса, біздің зауыттардың шығаратын қант бағасы 400 теңгені құрайды. Сондай-ақ, металлургия саласында әлемдік нарықта ферроқорытпа мен химия өнеркәсібінде минералды тыңайтқыштарға бағаның төмендеуі салдарынан өндірушілер баға бәсекелестігіне төтеп бере алмауда. Сондықтан, жыл соңында аталған бағыттар бойынша өндіріс көлемін ұлғайту жоспарлануда. Өңдеу өнеркәсібінің басқа салаларында өндіріс көлемі мен қарқыны сақталып отыр, – деді Әбілқайыр Ғалымұлы.

Бұдан бөлек, жыл басынан бері өңірге 247,3 миллард теңге инвестиция тартылғандығын айтып өткен сала жетекшісі қазіргі таңда 139 миллиард теңгені құрайтын 12 жоба іске қосылғандығын жеткізді. Ал, қалған қаржыға жыл соңына дейін 5 жоба іске асырылып, инвесторларға әлеуметтік жауапкершіліктері бойынша халыққа қажетті инфрақұрылым нысандары салынбақ. Сонымен бірге, жиында облыс әкімінің орынбасары өзі жетекшілік ететін орман, балық шаруашылықтары, туризм мен экология саласы, жер қойнауын игеру, шағын және орта бизнес бағыттары бойынша жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар