«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Алушы да, сатушы да дән риза

Алушы да, сатушы да дән риза
Ашық дереккөз
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Тараз қаласындағы «Әлеуметтік базар» алаңында биылғы алғашқы жәрмеңке ұйымдастырылды. Оған облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласы тауар өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының өнімдері шығарылды.

Қазір күзгі жиын-теріннің қызған шағы. Биыл диқанның көңілі тоқ. Жер-ана да берекесін беріп-ақ тұр. Жер емген диқанға енді апта сайын Тараз қаласында өткізілетін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі үлкен қолдау болғалы тұр.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әбдірәсыл Желеубаевтың айтуынша, жәрмеңкеге жалпы құны 105,2 миллион теңгені құрайтын 128,8 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары жеткізілген. Оның ішінде 13 тонна ет (жылқы, сиыр, қой және тауық еті), 2,5 тонна шұжық және 7,3 тонна сүт өнімдері бар.

– Ата Заңымыз – Конституция күніне орай облысымызда алғашқы жәрмеңкені ұйымдастырып отырмыз. Ендігі кезекте, бұдан былай да жәрмеңке Тараз қаласындағы «Әлеуметтік базарда» апта сайын жалғасып отырады. Бекітілген кесте бойынша аудан мен Тараз қаласының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері кезекпен қатысады. Бір атап өтерлігі, бұған дейін белгіленген аудандардан бөлек, өз белсенділіктерін танытып, жәрмеңкеден қалыс қалмай өз бетінше қатысып жүрген шаруа қожалықтары да аз болған жоқ. Мұндай мүмкіндік биыл да жасалады. Диқандарға берілген осы мүмкіндікті шаруалар да ұтымды пайдаланып қалуға тырысып, өнімдерін өткеруде. Жоғарыда аталған ауыл шаруашылығы өнімдерінен бөлек, бұл жәрмеңкеге құс фабрикаларынан 8 мың дана жұмыртқа, 3 тонна қант, 2,6 тонна өсімдік майы, 0,5 тонна кондитерлік және 3 тонна макарон өнімдері, 0,1 тонна тұз, 4 тонна балық, 6 тонна ұн, 2,4 тонна бал және 87 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар. Бағасы да қолжетімді. Мұндағы барлық тауар нарық бағасынан 15-20 пайыз төмен бағада өткерілді, – дейді Әбдірәсыл Желеубаев.

Жәрмеңкеге келген жұрттың да қарасы қалың. Барлық сөре азық- түлікке, көкөніс пен мал өнімдеріне лықа толып тұр. Алушы да, сатушы да дән риза. Өйткені, баға жүйелі.

Шағын жүк көлігіне картоп, пияз бен сәбіз, асқабақ пен қырыққабатты басып келген «Бейбіт» шаруа қожалығының жетекшісі Бейбіт Әбиірбеков ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің тұрақты қатысушысы болып шықты. Ол өз жеке шаруа қожалығында күтіп-баптаған өнімін үнемі жәрмеңкелерге әкеліп өткеріп жүргенін айтты.

– Осы кәсіппен айналысқаныма 12 жыл болды. Бұрын баптаған өнімімізді қайда өткерерімізді білмей бүлдіріп алған кездеріміз аз болмады. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі біздің негізгі өткізуші орталыққа айналды. Бұған дейін қатысқанымда, бір келгенде екі-үш тонна көкөністі бір-ақ артып алып келетінмін. Бәрі қалмай өтіп кетеді. Көкөнісімді бұған дейін Астана, Алматы қалаларында ұйымдастырылған жәрмеңкелерге де шығарғанмын. Алғашқы жәрмеңкеге арнайы келіп қатысудамын. Жәрмеңкеге қатысқалы бері тұрақты тұтынушылар таптым. Үйден де, алқап басынан да келіп алып кететіндер бар. Бір сөзбен айтқанда, биліктің қолдауын сезініп отырмын. Қазір өнімімді қайда өткіземін деп қиналмайтын болдым, – дейді кәсіпкер. Шулық «Бірлік» өндірістік кооперативі 250 литр күнбағыс майын, ал «Айгерім» жеке кәсіпкерлігі 25 килограмм макарон өнімдерін жеткізіпті. Сонымен бірге сүт және қымыз өнімдерін сөреге қойыпты. Сатушысы Қанат Болатқұл макарон өнімдерінің жылдам өтіп кеткенін айтты. «Жәрмеңкеге макарон өнімдерінің он түрін әкелген едік. Қазір тоғыз түрінен бір-екі қалтадан қалды. Қалғанын жұрт толық сатып әкетті. Сұраныс түсіп жатыр. Алдағы жәрмеңкеге де қатыссақ деген ниетіміз бар», – деді ол.

Қала тұрғындары да жәрмеңкенің апта сайын өткізіліп тұрғанын құптайды. «Жәрмеңкенің қайта өткізіле бастағаны құптарлық іс. Жылда өзімізге керекті азық-түлікті осы жәрмеңкеге арнайы келіп, керегімді алып тұрамын. Ең алдымен мұндағы өнімнің барлығы табиғи. Бағасы да қолжетімді. Жеміс-жидектер де, картоп пен пиязды да қабымен алып, үйге қайтып барамын, – дейді қала тұрғыны Лаура Құрманбек.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар