Бұл алапта шамамен 140 түтін бар. Осы кезге дейін мұнда мектеп болмаған. Оқушы балалар Құмшағал мен Шөлдала алаптарына тасымалмен оқып келген. Енді, мемлекеттің қамқорлығының арқасында шәкірттер жаңа мектепке баратын болды. Жаңадан ашылған білім ошағының бастауыш пәнінің мұғалімі Бекзат Әбдіраманова: «Бұрын Құмшағалдағы №19 орта мектепке 6 жыл бойы қатынап жұмыс істеп келдім. Қыстың аязында, көктемнің жаңбырлы күндерінде жол азабын көрдік. Жаңа мектептің салынғаны маған өте ыңғайлы болды. Өзім осы мектепке жақын маңайда тұрамын. Жалпы, педагогикалық еңбек өтілім 21 жыл. Ауыл тұрғындары да қуанышты» десе, ауыл тұрғыны, ата-ана Мадина Іңкәрбек: «Бүгін қызым Жанай Абайды бірінші сыныпқа әкелдім. Бұрын тасымалмен оқу балаларға қиын болғаны рас. Мінекей жаңа мектептің салынғанына бүкіл ауыл тұрғындары қуанып жатыр. Білім ошағын салуға ықпал еткен Мемлекет басшысына, облыс әкіміне, мердігер компанияға мың рахмет», – деді. Тараз қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Дүрия Тоғатаеваның айтуынша, аталған 180 орынға арналған №65 жаңа мектепте биыл 101 оқушы білім алады деп жоспарланса, қазіргі таңда оларға 18 мұғалім дәріс береді деп күтілуде. Кіші қызметкерлерді қоссақ, 35 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылып отыр. Мердігер – «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Игерілген қаражат – 628 миллион 850 мың теңге.
«Казарма» алабындағы №65 орта мектептің ашылуына арналған салтанатты іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қатысты. Жиында сөз сөйлеген Серік Жақсылықұлы: «Біз бүгін «Казарма» алабында 180 орындық жаңа мектептің ел игілігіне берілу салтанатына куә болып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақын жылдарда 1 мың сапалы мектеп салуды тапсырған болатын. Жаңадан бой көтерген бұл мектеп мемлекет қамқорлығының жемісі. Дәл осы күйі Тараз қаласы бойынша екі жаңа мектеп оқушыларға есігін айқара ашып отыр. Сонымен қатар, Байзақ ауданында жайлы мектептің алғашқысы ашылды. Мұндай қамқорлықтың барлығы білім сапасын арттыру, шығармашылықтан, спорт пен өнерден үздік атанатын талантты оқушылар тәрбиелеу мақсатында жасалып отыр. Біздің облыстың талантты оқушылары республикалық ғылыми жобалар жарысында 15 жыл бойы қатарынан жеңіс тұғырынан көрінсе, республикалық пән олимпиадасы бойынша да бірнеше жылдан бері «Ең үздік команда» деңгейінен түспей келеді. Осы мектептен де оқуда озат, спорт пен өнер, шығармашылықта үздік оқушылардың шыға береріне сенімдімін. Ұстаздар мен оқушыларды құттықтай отырып, мектеп ұжымына сәттілік тілеймін, – деді. Келесі сәтте облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің атынан жаңа мектепке интерактивті тақта тарту етілді.
Жиын барысында «Казарма» ауылының ақсақалы Болыс Сүттібаев бата беріп, жаңа мектептің бүлдіршіндері алғашқы қоңырауды соқты. Сонымен қатар, білім ошағының құрылысын жүргізген мердігер компанияның өкілі Нұрдос Әбжаппаров мектеп директорының міндетін атқарушы Дәурен Өскенбаевқа символикалық кілт тапсырды. Тараз қалалық «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының өнерлі бүлдіршіндері би билеп, әннен шашу шашты. Жаңа мектептің ашылуына арналған лентаны қадірлі ақсақалдар Болыс Сүттібаев пен Тұрмаханбет Жылысбаев қиды.
Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов жаңа мектепті аралап көрді. Бастауыш сынып мұғалімі Әйгерім Тәжікованың оқушылары білім тақырыбына арналған өлең шумақтарын жатқа оқыды. 4-сынып оқушысы Інжу Мерейханның жаңа мектептің ашылғанына қуанып, шағын эссе жазып келгенінің куәсі болдық. Облыс әкімінің орынбасары Серік Жақсылықұлы эссеге жақсы баға беріп, Інжудің болашағына табыс тіледі. Облыс әкімінің орынбасары 7-сынып оқушыларымен де жүздесіп, физика және астрономия пәндеріне арналған зертхана бөлмесімен танысты. Психология және логопед кабинетіне, шахмат бұрышына да назар аударды. 80 орындық спорт залы да талапқа сай. Бір мезгілде 60 оқушы тамақтана алатын асхана да жаңа оқу жылына әзір. Осы тұста Тараз қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Дүрия Құрмашқызы: «Асханада 1-4 сынып оқушылары тегін тамақтанады. Ал, жоғары сынып оқушыларының арасында да отбасылық жағдайларына байланысты тегін тамақ ішетіндер бар. Жалпы, мектеп оқушыларының 70 пайызы тегін ыстық тамақпен қамтылады. Білікті аспазшылар қызмет етуге дайын» деп жағдайды түсіндіріп өтті. Облыс әкімінің орынбасары еңбек кабинетін аралап, бөлменің және жабдықтардың талапқа сай болуын, қажетті тұстарда бейнебақылау қондырғыларымен қамтылуын, білім ошағы қысқы маусымда жылы болуын жауаптыларға тапсырды.
Білім күніне орай аталған мектептегі барлық сыныптарда «Мектебім – мейірім мекені» атты ашық тәрбие сағаттары өтті.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді