Биыл шұрайлы мекен, шуақты өлке Жамбыл облысының құрылғанына 85 жыл толады. Қазақ тарихымен тамырлас көне Тараз жері, Жамбыл елі талай оқиғаны басынан өткізді. Бұл гүлденген мемлекеттердің орталығы, алтын бесігі болған өлке үшін елеулі оқиға. Шын мәнінде, талай тарихи оқиғаларды басынан өткізген, екі мың жылдан аса тарихы бар өлке 1939 жылдан кейін дамудың жаңа жолына түскенін де ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан қазіргі әкімшілік-аумақтық территорияны қамтитын облыстың құрылу тарихына архив құжаттары негізінде шолу жасауды жөн көрдік.
1936 жылы Советтік Социалистік Республикалар Одағы (СССР) құрылды. Осыған орай, бұған дейін Қазақ АССР-ы болып келген Қазақ мемлекеті ендігі жерде «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы» деп аталды. Республиканың экономикалық әлеуетін көтеруге бағытталған іс-шаралардың бірі жаңадан билік құрылымдарын құру болатын. Соның нәтижесінде елімізде жаңа ауылдық, аудандық, қалалық, облыстық құрылымдар өмірге келді. Бұл сол кезде аса қажет болатын. Капиталистік құрылымның ортасындағы жалғыз социалистік мемлекетті дамыту, оның экономикасын нығайту халықаралық беделін көтеруге негіз қалайтын еді. Сондықтан да советтік билік жаңа шешімдер қабылдады. Соның бірі – Қазақ даласында жаңа үш облыс құру. Жаңа әкімшілік-аумақтарды құру неге керек болды десек, ол өз алдына бөлек тақырып. Архив құжаттарының кейбірін оқысаңыз, СССР соғысқа дайындық жұмыстарын 1939-1940 жылдарда қарқынды жүргізгенін аңғару қиын емес. Тіпті, облыстардың құрылу себебі де соның бір мысалы сияқты. Мемлекеттік архивтің 201-қордың 9 ісінде құпия құжаттарда соғысқа алынбайтын, қолына бронь берілген механизаторлардың есімдері толық жазылған. Бір ғана Жамбыл машина-трактор станциясында еңбек ететін 54 механизаторға жұмысшы күшін броньдау жөніндегі орталық комиссияның қаулысы бойынша осындай бронь берілген. Олар өздерінің соғысқа алынбауы жөніндегі броньдары бар екенін тек соғыс басталғанда ғана білді. Алайда, ер азаматтар соғыс басталғанда қолына қару алып, майдан даласында шайқасуға тілек білдірген. Солардың арасында Әулиеата машина-трактор станциясының механизаторы Ыбрайым Сүлейменов та бар еді. Бұл жайды да өкімет ескерсе керек, сол жылғы облыстық комсомол одағының құжаттары сақталған 295-қоры 4-істің 42-бетінде ЛКСМК Орталық Комитетінің ұйымдастыру бюросының және облыстық жер бөлімінің 1940 жылдың 3 ақпанында қабылдаған қаулысында облыс бойынша машина-трактор станцияларында 340 қызды тракторшы мамандығына үйрету туралы қаулы да қабылдаған екен. Сонымен бірге, облыстағы әрбір МТС-тің және совхоздардың қанша қызды трактор мамандығына үйрету қажет екендігінің нақты саны келтірілген. Оларды өндірістен қол үзбей үйренуі қажет екендігі атап көрсетілген. Яғни, негізгі жұмыс күшінің ауыртпалығы соғыс жағдайында қыздарға жүктелмек болды. Онысы тіпті көрегендік те екен. Уақыт өте келе бүгінгі тарих соны айғақтайды.
Өздеріңізге ұсынылған құжаттан 1939 жылы 14 қазандағы СССР Жоғарғы Кеңесінің №85 Жарлығы негізінде Қазақ ССР-інде орталығы Семей қаласы болатын Семей облысы, орталығы Ақмола қаласы болатын Ақмола облысы және орталығы Жамбыл қаласы болатын Жамбыл облысы құрылғанын көріп отырмыз. Яғни, жаңа үш облыс. Соның ішіндегі Жамбыл облысы бүгінгі күнге дейін өз тұтастығын, атын, затын өзгертпеген, қазақ даласында ең алғаш кісі есімімен аталып қойылған бірден-бір облыс екенін атап өткен жөн.
Облыс құрылған жылы мемлекеттік архивте сақтаулы 1940 жылғы қаңтар айындағы Жамбыл облыстық партия құжаттарына сүйенсек, жаңадан құрылған облыста 10 аудан, 1 қалада 320 390 адам тұрған. Бір қызығы – осы құжатта жаңадан құрылған облыстың аумағында, яғни, Шу ауданының аумағында Балқаш көлінің оңтүстік жағалауында мұнай бар деген дерек те жазылған екен. Сол кездердегі деректер мен дәйектерді оқып отырғанда таңқалатыныңыз анық.
1939 жылғы санақтан кейін облыс аумағында 1154 елді мекен болған. Олардың төртеуі қала үлгісінде делінген. Жамбыл қаласын қоспағанда, Шу, Луговой және Меркі елді мекендері жұмысшы поселкесі деп есептелген. Осы елді мекендерде облыс халқының 30 пайызы тұрған. Облыс аумағында 588 815 гектар жер егін егуге жарайтын болса, 184 461 гектар шабындық болыпты.
Облыс құрылған жылы өндіріс орындары санаулы ғана болғанын құжаттардан анық байқайсыз. Облыста 63 мемлекеттік кәсіпорын, 13 артель болған. Өндіріс орындарының басым көпшілігі тамақ өнеркәсібі болыпты. Негізінен қант, спирт өндірген. Жамбыл қаласы мен Меркі поселкесінде екі қант зауыт жұмыс істеген. 1939 жылы Жамбыл қант зауыты 28 081 тонна қант өндірген. Ал, Меркі қант зауытының көрсеткіші 800 центнерге жеткен. Жамбыл қаласындағы спирт зауыт тәулігіне 300 декалитр спирт өндірген. Облыс құрылған жылы Жамбыл қаласында тәулігіне 25 тонна нан өндіретін комбинат салынды. Шу ауданындағы Қосқұдық механикаландырылған орман шаруашылығы бір жылда 500 мың текше метр сексеуіл дайындапты.
Облыста тамақ және тігін кәсіпорындарының үлесі – 21,2, тері өңдеу – 18, металл өңдеу – 17,7, құрылыс материалдарын шығару – 14,9 пайыз болған. Өндіріс орындары негізінен Жамбыл қаласында шоғырланған.
Егін шаруашылығы туралы айтсақ, 1939 жылы облыс дихандары 169 910 гектарға дәнді дақылдар ексе, 11 123 гектарға мақта, 8354 гектарға қант қызылшасы, 6076 гектарға көкөніс пен бақша дақылдары және 5617 гектарға өзге де техникалық дақылдар егілген.
Қазіргі таңда мақтаны тек Түркістан облысының Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандары ғана егеді. Сондықтан да өзге өңірлерде мақта егілді дегенге сену қиынға соғады. Ал, расында Жамбыл өңірінде ертеректе мақта егу, оны өңдеуден бөлек, жібек өндіру жұмыстары да жүретін. Содан болар, қала аумағында жібек құртын өсіруге бар мүмкіншілік жасалып, тұт ағаштарын көптеп еккен. 2000 жылдарға дейін қала келбетін көрген азаматтар базар маңында әсіресе, тұттың көп болғанын айтады. Тіпті, сол жылдары ауылдан ақша таппай қалаға сенделіп келген көп қазақтың қатыгез нарық келбетімен бетпе-бет келгенінде қаладағы жеміс ағаштары оларға азық болғанын да еске алады. Ал, қазір одан бірен-саран ғана белгі бар.
Сол жылдардағы құжаттарға назар аударсаңыз, облыс аумағындағы әр түрлі агроқұрылымдарда сиыр, қой-ешкі, жылқы, шошқа өсірілген, есекті де малдың есебіне қосқан. Облыс құрылған жылдан бастап совхоз шаруашылықтары агроқұрылымдардың бір саласына айналған. Сол кезде облыста 12 совхоз жұмыс істеген. Олар әр түрлі құрылымдарға бағынышты болған. Сонымен бірге, әр түрлі бағытта ауыл шаруашылық өнімдерін өндірген. Жамбыл және Луговой аудандарында № 49 және № 97 жылқы зауыттары жұмыс атқарған. Оның бірі – Ақалтеке тұқымдас жылқы өсірсе, екіншісі – Дон жылқысын өсірген.
Аталған деректерден-ақ 85 жыл бұрын құрылған облыс экономикасы төмен болғанын аңғарасыз. Экономиканың төмен болуы халықтың тұрмысына да тікелей әсер еткені анық. Дегенмен, талай зұлматтарды басынан өткізген қазақ халқы біршама кең тыныстап, жаңа құрылыммен бірге болашаққа зор үміт артты.
Назым ҚОЖАМАРОВА,
Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі.
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді