Ел сенімі, халық таңдауы – тұрақтылық кепілі

Ел сенімі, халық таңдауы – тұрақтылық кепілі
Ашық дереккөз
Халық – мемлекеттік биліктің бастауы. Ал, жергілікті өкілді органдар, яғни мәслихаттар – халық билігінің негізгі формасы. Елімізде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің негізіне айналған мәслихаттардың рөлі жыл өткен сайын артып келеді. Оған жергілікті өкілді органдардың қалыптасу кезеңі дәлел.

Биыл мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында 8 рет сайлау өткізіліп, халық өз таңдауларын жасады. Алғашқы жергілікті өкілді билік органдары – мәслихаттарға сайлау 1994 жылғы 7 наурызда өтті. Өкілді органға жергілікті халықтың еркін білдіретін және өз қызметін дербес, бірақ заңның нақты шеңберінде жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың функциялары мен өкілеттіктері берілді.

Тарих толқынында аз уақыт саналғанымен, 30 жыл демократиялық дамудың өзіндік моделін құруға жол ашты. Ал, оған құқықтық тұрғыдан негіз болған 1993 жылдың 10 желтоқсанында қабылданған «Жергілікті өкілетті және атқарушы органдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.

ЖАҢА ЖҮЙЕНІҢ БАСТАУЫ

Осылайша, мәслихаттарға өз атынан депутаттар сайлау арқылы халыққа жергілікті биліктің шешім қабылдауына араласу құқығы берілді. Алғашқы сайлаудың өзінде таңдау жасау мүмкіндігін жамбылдық сайлаушылардың 75 пайызы пайдаланғаны – бұл қадамның басқару жүйесіне өзгеріс әкелетінін түсінгендігін көрсетсе керек.

Облыс бойынша 35 сайлау округінде өткен сайлау нәтижесінде Жамбыл облыстық мәслихат-депутаттары жиналысы құрылды. Сайланған 25 депутаттың 10-ы – «Қазақстанның халық бірлігі» Одағының мүшелері, алтауы – Қазақстан Социалистік партиясының мүшесі, ал жартысына жуығы өзін-өзі ұсынғандар болды.

Мәслихаттардың бірінші сайлауында-ақ азаматтар саяси-құқықтық санасының ашықтығын байқатты. Бұған мәслихат құрамына қарап, көз жеткізе аласыз. Алғашқы шақырылымдағы депутаттардың 14-і – кәсіпорын, ұйым басшылары, 3-еуі журналист, 4-еуі білім, 2-еуі медицина саласының өкілдері, 4-еуі мемлекеттік қызметкер. Сайланғандардың 5-еуі – әйел.

1994 жылғы 30 наурызда облыстық мәслихаттың І шақырылымының І сессиясында мәслихат хатшысы болып Щорс Шарафутдинов сайланды. Мәслихаттың 4 тұрақты комиссиясы құрылды.

Тәуелсіздігіміздің елең-алаң кезеңінде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастырып, ел мен биліктің арасында алтын көпір болу оңайға соққан жоқ. Халық аманатын арқалап, елмен етене араласып, жұртпен жұмыла қызмет ету үшін мәслихат депутаттары көп еңбек етті. Әрине бұл ретте, мәслихаттардың мәртебесін айқындауда алғашқы шақырылымдардағы өкілді орган төрағаларының иығына артылған жауапкершілік жоғары болды. Щорс Құбатайұлы осы жауапты қызметтің үдесінен шыға білді. Сондықтан болар, облыстық мәслихаттың екінші шақырылымында Щ.Шарафутдиновке тағы сенім артылып, қайта төрағалыққа сайланды.

1999 жылғы 24 қазанда облыстағы 35 сайлау округі бойынша депутаттыққа тіркелген 118 кандидат арасында сайлау өтті. Екінші шақырылымда мәслихатқа 21 үміткер сайлаудың бірінші кезеңінен депутат болып сайланды. Қалған 14 округте сайлау бюллетеніне екеуден артық үміткер енгізілген болатын. Сондықтан, әрбір сайлау комиссиясы неғұрлым көп дауыс жинаған 2 кандидаттан іріктеп, қайта дауыс беру жұмысын жүргізді. Сайлау қорытындысы бойынша облыстық сайлау комиссиясы сайланған 35 депутаттың өкілеттігін таныды.

МЕМЛЕКЕТ ПЕН ҚОҒАМ АЛДЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Депутат – халық сенім білдіріп сайланатын жергілікті өкілді органның мүшесі. Ал, мәслихаттар сол аймақтардың тұрғындары таңдау жасап, өкілеттік берген орган. Қазақстан Республикасының заң шығаратын жоғары органы – Парламент палаталарына, сондай-ақ жергілікті өкілетті билік органдары – мәслихаттарға депутат сайлау тәртібі, олардың құқықтары мен міндеттері Конституцияда, арнаулы заңдарда анық көрсетілген.

Жергілікті мәслихаттарға берілген өкілеттіктер айқындалып, халық өздері таңдаған депутаттардан қоғамға ортақ мәселелердің оң шешілуін талап ете алатындығына көзі жете түскен сайын бәсеке арта түсті. 2003 жылғы 20 қыркүйекте өткен мәслихаттар сайлауында Жамбылда 167 үміткер тіркелді. 20 сайлау округі бойынша депутаттар бірінші кезеңде сайланып, 15 округте көбірек дауысқа ие болған 2 кандидат арасында қайта сайлау өткізілді. Ал, 29 қазанда өткен облыстық мәслихаттың ІІІ шақырылымының І сессиясында мәслихат хатшысы болып Әбдінұр Әсілбеков сайланды. Үшінші шақырылымда мәслихаттағы тұрақты комиссиялардың саны артып, 5 тұрақты және тексеру комиссиясы құрылды. Тексеру комиссиясының басқару міндеті Еркінбек Солтыбаевқа жүктелді.

Жаһандағы құндылықтардың өзгеруі, демократиялық дамудың дүмпуі өз кезегінде біздің елге де әсер етпей қалған жоқ. 2007 жылғы жүргізілген конституциялық реформа мемлекетіміздегі жергілікті және мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқарудың арақатынасын қайта айқындап берді. Мәслихаттар мен әкімдіктердің мәртебесі өзгерді. Мемлекет пен қоғам алдында тұрған жаңа міндеттерді ескере отырып, оларға жаңа құзыреттер бекітілді.

2007 жылғы 18 тамызда өткен сайлауға түсуге 90 үміткер тіркелді. Сайлау күні 6 үміткер сайлауға түсуден бас тартты. Бұған сайлау жүйесіне енгізілген өзгерістер түрткі болғанын айту керек. Бұл сайлаудың ерекшеліктері – саяси додаға ең алдымен партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің қатысуы еді. Төртінші шақырылымда депутаттар Әбдінұр Әбілдаұлына қайта сенім білдіріп, төраға етіп сайлады.

Алайда, төртінші шақырылған мәслихаттың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Әйтсе де, 4 жылға жетер-жетпес уақытта облыстық мәслихат 42 сессия өткізіп, облыстың экономикалық, мәдени-әлеуметтік, құқықтық рухани және саяси дамуына байланысты жүзге тарта мәселелер қарап, тиісті шешімдер қабылдап, белсенділік танытты.

ПАРТИЯЛЫҚ ЖҮЙЕ: ТАЛАП ПЕН МІНДЕТ

Адам уақытты таңдамайды, ол сол кезеңде өмір сүреді деген бұлжымас қағида бар. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі өкілетті орган ретінде мемлекетіміздің барлық мемлекеттік-саяси институттарымен бірлесіп дамуы тиіс болды. Соған қарай сайлау жүйесі жетілдірілді. Негізі өзгерістер уақытпен бірге келді. Мәслихаттардың кезекті сайлау процесінде депутаттық корпус айтарлықтай жаңарды. Жұмысының мазмұны сапалы түрде жетілдірілді.

2012 жылғы 15 қаңтарда өткен Парламент және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау жөніндегі саяси додаға еліміздегі барлық партиялардың өкілдері қатысуы – уақытпен бірге келген демократиялық дамудың жаңа сатысы еді. Партиялардың билікке ұмтылуы, мемлекет дамуындағы бәсекені айқындады. Сайлау қорытындысында облыстағы әр деңгейдегі мәслихаттар бойынша 205 сайлау округінің барлығында сайлау нәтижелі өтіп, саяси бәсекеде бағы жанған үміткерлердің есімдері белгілі болды. Облыстық мәслихаттың депутаттық мандатына үміткер 94 кандидаттың 10-ы 4-і мәрте, алтауы – үшінші, екеуі екінші рет өз сайлаушыларының сеніміне ие болды. Рас, олар бұл сайлауда өздері мүше болған партия атынан додаға түскен болатын. Нәтижесінде облыстағы 35 округтің 34-інде «Нұр Отан» партиясының өкілдері жеңіске жетсе, бір округте «Ақ жол» партиясының өкілі депутаттық мандатты иеленді.

Бесінші шақырылымның алғашқы сессиясы 20 қаңтарда өтіп, Бағлан Қарашолақов мәслихат хатшысы болып сайланды.

Бұған дейін өңірде бірнеше ауданды басқарған, облыстық тәртіптік кеңестің төрағасы қызметін атқарған Бағлан Жиенәліұлына облыстық мәслихаттың алтыншы шақырылымында сайланған депутаттар да сенім артты. Жалпы, 2016 жылдың 20 наурызында өткен сайлауда 113 үміткер өз кандидатурасын ұсынған болатын. Мәслихат құрамы 57,2 пайызға жаңартылып, 17 депутат жаңадан сайланды. Депутаттар корпусында 2 кандидат төрт шақырылымда бірдей депутаттық мандат алса, тағы 16-сына сайлаушылар 2 шақырылымда қатарынан екінші мәрте сенім білдірді және өзбек, түрік, кәріс ұлтынан бір-бірден кандидаттар болды.

Сондай-ақ, Тараз қаласы мен аудандық мәслихаттарға 170 депутат сайланды. Бұлардың ішінде 35 депутат – әйел адамдар. Партиялық тізім бойынша сайланған депутаттардың 166-сы – «Нұр Отаннан», 3-еуі – «Ауыл», біреуі «Ақ жол» партиясынан өтті.

ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ДАМУДЫҢ ЖЫЛЫМЫҚ КЕЗЕҢІ

Жергілікті өзін-өзі басқару органдардың құрамы, жұмыс жүйесі, оларға жүктелген міндеттер әр шақырылымда толықтырылып, жетілдіріліп отырғанын айтуымыз керек. Алты шақырылымды артқа тастаған мәслихаттар халық сайлайтын және билік органдарында олардың мүдделерін білдіретін беделді органдарға айналды. Осы уақыт аралығында облыстық мәслихаттың өзіндік жұмыс ерекшеліктері қалыптасты. Дәстүрлері мен тарихы, бай тәжірибесі жинақталды. Әр түрлі шақырылымдардың жұмысындағы басымдықтар динамикасы, қабылданған шешімдер саны бойынша ерекшеленді. Халық таңдаған депутаттар ширек ғасырдан астам уақыт бойы сайлаушылардың үміттерін ақтауға ұмтылды.

Мәслихаттардың жетінші шақырылымында депутаттар партиялық жүйе бойынша іріктелді. Жалпы, дамыған тіпті, дамушы елдердің өзінде партиялық жүйе жеке-дара өмір сүрмейтіні әуел бастан белгілі. Саясаттанушы М.Дюверже барлық мемлекетте партиялық жүйенің дамуына әсер ететін институционалдық, тарихи және әлеуметтік факторлар әсер ететінін айтқан. Соның негізгісі ретінде сайлау жүйесі мен конституциялық-құқықтық дизайнды атап көрсетеді. Қалай десек те, саяси жүйеде партиялық жүйеге ең алдымен әсер ететін сайлау жүйесі екендігін ешкім жоққа шығара алмайды.

2021 жылдың 10 қаңтарында өткен саяси бәсекеде облыстық сайлау комиссиясына 4 саяси партияның ұсынысымен партиялық тізім бойынша барлығы 76 кандидат тіркелді. Сайлау қорытындысында облыстық мәслихатқа 3 саяси партия 7 пайыздық кедергіні еңсерді. «Нұр Отан» – 81, «Ауыл» Халықтық демократиялық патриоттық партиясы – 8,4, «Ақ жол» демократиялық партиясы – 8,67 пайыз сайлаушылардың дауысына ие болды. Бұл додада «Адал» партиясы жеті пайыздық кедергіні еңсерген жоқ.

Облыстық мәслихаттың депутаттар корпусында 27 ер, 9 әйел азамат болды. Халық қалаулыларының құрамы айтарлықтай жасарды. 29 жасқа дейін – 1, 29-45 жас аралығында – 9, 45-60 жас аралығында – 25, 60-жастан жоғары – 1 азамат сайланды.

2021 жылғы 15 қаңтарда өткен облыстық мәслихаттың VІI шақырылымының бірінші сессиясында мәслихат хатшысы болып «Тараз қаласының Құрметті азаматы», Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор Махметғали Сарыбеков сайланды.

Дегенмен, бұл демократиялық жаңару кезеңіне тұспа-тұс келгендіктен, жетінші шақырылым мәслихаттар тарихындағы ең қысқа уақыт өкілеттік жасаған құрам болды.

2023 жылғы 19 наурызда қайтадан сайлау өткізіліп, мәслихаттарға үміткерлер партиялық тізімдер бойынша және бірмандаттық аумақтық сайлау округтерінен үміткерлер өз кандидатураларын ұсынуға мүмкіндік алды. 2021 жылғы сайлауда партияда жоқ азаматтар қатыса алмаған болатын. Негізінде Конституцияға сәйкес, мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқару органдары болып табылатындықтан, тұрғындардың барлық топтарының мүддесін білдіруі тиіс. Алайда, соған қарамастан бұл саяси додада тәуелсіз кандидаттар тыс қалды.

САЯСИ ЖАҢҒЫРУ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАДАН БАСТАЛДЫ

Соңғы жылдарда елдегі мемлекеттік басқару жүйесіне өзгеріс керек екені айқын сезіле бастаған. Бұған ақпараттық дәуірдің үстемдік алуы тікелей әсер етті десек, қателеспейміз. Бүгінге дейінгі әуелі – экономика, содан кейін саясат деген қағида өзін-өзі ақтамады. Сол себепті, 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы саяси жаңғырудың кезі келгенін ашып айтты.

– Біз осыдан 15 жыл бұрын конституциялық реформа аясында Мәжіліс депутаттарын пропорционалды тәсілмен сайлауға көштік. Ал, 2018 жылдан бастап мәслихат депутаттарын да осы үлгімен сайлайтын болдық. Бұл қадамдар еліміздегі партиялық жүйені дамытуға тың серпін берді. Алайда, оның жағымсыз тұстары да байқалды. Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын болды. Мұны ашық мойындауымыз керек. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Саяси жүйенің кемшін жағын атап көрсеткен Мемлекет басшысы аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынды.

Қай дәуірде де өзгерістің бәрі басқару жүйесінен басталатынына тарих куә. Тарих сахнасындағы кезеңдердің алмасуы – елдің даму бағдарын айқындағаны мәлім. Ал, саяси жүйедегі өзгеріс тұтас мемлекеттің дамуы үшін қажет.

Басқару жүйесінің халық үшін тиімді болуы – елдегі ішкі тұрақтылықтың кепілі. Бұл ретте маңызды фактор – ел сенімі, халықтың таңдауы.

Осылайша, мемлекетімізде жүргізілген саяси реформаның нәтижесінде Сайлау заңнамасына өзгерістер енгізілді. Облыстық мәслихатқа партиялық тізімдер бойынша сайлауға 6 саяси партия қатысты. 2023 жылғы 19 наурызда өткен сайлау қорытындысында партиялар дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының бес және одан да көп пайызын жинады. Нәтижесіне тоқтала кетсем, Аmanat партиясы – 66,03, «Ауыл» Халықтық демократиялық патриоттық партиясы – 5,70, «Respublica» партиясы – 11,22, «Қазақстан Халық партиясы» – 5,67, «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» – 5,60, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы – 5,68 пайыз дауыс жинады. Жалпы, облыс бойынша 206 депутат сайланып, мандаттар толығымен қамтылды.

28 наурызда облыстық сайлау комиссиясының отырысында Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттығына 6 саяси партиялардың басшы органдарының партиялық тізімдері бойынша ұсыныстары қаралып, нәтижесінде облыстық мәслихаттың депутаты болып 18 адам тіркелді. Ал, бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайлауға 64 кандидат түсіп, олардың 18-і сайланды. 30 наурызда өткен сегізінші шақырылымның бірінші сессиясында депутаттар дауыс беріп, төрағалық тізгінді қолға алдым.

САЙЛАУ ЗАҢНАМАСЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІС ДЕПУТАТТАРДЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІН АРТТЫРДЫ

Депутаттардың жұмыс формасы – сайлаушылармен байланыс. Халық қалаулылары ел мен билік арасында алтын көпірге айналуы тиіс. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн», – деп атап көрсетті.

Сонымен, Сайлау заңнамасына өзгерістер енгізіп, мемлекеттік басқару мен жергілікті өкілетті басқару жүйесінің құзіреттерін айқындап берген саяси реформа мәслихаттарға қандай өзгеріс әкелді? Сөздің түйінінде осыған тоқтала кетсек.

Мемлекет басшысы Жолдауда нақтылап бергендей, мәслихаттардың дербестігін қамтамасыз ету және ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерді. Қазір облыс және республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымына кем дегенде екі кандидатура баламалы негізде ұсынылады. Президент облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін мәслихаттарда қарау нәтижесін ескеріп тағайындайды. Бірақ, Мемлекет басшысының облыс әкімдерін мәслихаттардың келісімінсіз орнынан босату құқығы сақталған.

Жергілікті деңгейдегі атқарушы билік арқылы жүзеге асырылатын барлық шешімдерді мәслихаттар бекітеді. Жалпы айтқанда, мәслихат – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және Астананың немесе аудан (облыстық маңызы бар қаланың) халқының еркін білдіретін және Қазақстан Республикасындағы заңнамаға сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды айқындайтын және олардың жүзеге асырылуын бақылайтын сайланбалы орган. Заңға сәйкес, олардың функциялары бірнеше бағытты қамтиды. Ең алдымен жергілікті өзін-өзі басқару органы барлық жоспарларды, аумақты дамытудың экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, сондай-ақ жергілікті бюджеттердің жобаларын бекітеді.

Облыс орталықтарынан басқа барлық дерлік аумақтық бірліктерді салудың жоспарлау схемалары мен бас жоспарларының жобаларын бекіту міндеті де жүктелген. Жер заңнамасына сүйене отырып, жер қатынастары мәселелерін реттеу, жылыту маусымдарын дайындау және өткізу, жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау, елді мекендерді абаттандыру секілді ішкі жұмыстар мен жергілікті қоғамдастық азаматтарына әлеуметтік қолдау көрсету сынды бағыттар да мәслихаттар бекітетін қағидалар қатарында. Сенаторларды сайлау өкілеттілігі жергілікті депутаттарға берілген.

Мәслихаттардың өнеркәсіп, құрылыс, көлік және байланыс саласындағы, кәсіпкерлікті дамыту және экономиканың басқа да салалары бойынша өкілеттіктері мемлекетіміздің басқа да салалық заңдарымен бекітілген. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, халыққа сауда қызметін көрсету саласындағы жергілікті өкілді органдардың өкілеттіктері өте ауқымды топты құрайды.

Осындай міндеттер мен өкілеттіктер шеңберінде қазіргі кезде облыстық мәслихатта 2 тұрақты комиссия белсенді жұмыс жүргізуде. Бір жылдан астам уақыттың ішінде мәслихат сессиясында қаралатын мәселелерге қарай, менің бекітуіммен уақытша комиссия құрылып, депутаттар жоспарға сәйкес, аудандарды аралап, талқыланатын тақырыпқа зерделеу жасау тәжірибесін белсенді іске асыра бастадық.

Осылайша, депутаттар елді мекендерді аралап, туындаған түйткілді проблемаларды көріп, тұрғындардың өтініш-тілектерін назарға алуда. Бұл – сайлаушылардың сенім үдесінен шығуға бастайтын маңызды қадам екенін айта кету керек.

Жалпы айтқанда, саяси жаңғыру арқылы өзгеріс енгізілген Сайлау заңнамасы депутаттарды белсенді жұмыс істеуге міндеттейді. Себебі, императивті мандатқа көшу депутаттардың сайлаушылармен өзара байланысын нығайта түсуге мүмкіндік беріп отыр. «Сайлау туралы» Контитуциялық Заңға сәйкес, сайлаушылар бір мандатты округ бойынша сайланған депутатты, егер ол азаматтардың сенімін жоғалтса, сайлау бағдарламасын орындамаса, кері шақырып алуға бастамашы бола алады.

Сөз соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған елдегі саяси реформалар мемлекеттік басқару жүйесіне іргелі өзгерістер әкелгеніне тоқтала кеткен жөн. Зерделеп қарасаңыз, саяси жүйедегі өзгеріс тұтас мемлекеттің дамуы үшін қажет. Өйткені, басқару жүйесінің халық үшін тиімді болуы – ішкі тұрақтылықтың кепілі.

 

Абдалы НҰРАЛИЕВ,

Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар