Дүйім ел күткен дүбірлі дода

Дүйім ел күткен дүбірлі дода
Ашық дереккөз
Санаулы күннен кейін Астанада төрткүл дүние көз тіккен Дүниежүзілік көшпелілер ойындары басталады. Апта бойы Арқа төсінде этноспорт Олимпиадасының туы желбіреп, көшпелі халықтардың көшелі өркениеті әлем назарына ұсынылмақ. Бірер күн бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Париж төрінде өткен ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездескені белгілі. Салтанатты жиында төртжылдықтың басты бәсекесінде жүлдеге ие болған әр спортшының бүгінгі жетістігі ертеңгі жеңістеріміздің бастауы екеніне назар аударған Президент елімізде 8-13 қыркүйек аралығында өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының мəн-маңызына тоқталды.

– Бұл сайыс арқылы біз, ең алдымен, төл өркениетіміздің тамыры терең тарихын жер-жаһанға паш етеміз. Сондай-ақ, дүбірлі дода түрлі елдің достығын нығайтатын маңызды қадам болмақ. Көшпелілер ойындары экологияны сақтау, Қазақстанды жасыл елге айналдыру жəне абаттандыру тақырыбын көтеруге жақсы мүмкіндік береді. Олимпиада кезінде түбі бір түркі жұрты өзара тілектестік пен жанашырлықтың шынайы үлгісін көрсетті. Спортшылар да, жанкүйерлер де көрші елдердің əрбір жеңісіне шын жүректен қуанды. Бір-біріне қолдау білдіріп, қажет болса көмектерін де аяған жоқ. Тіпті, балуандарымыз жеңіс тұғырына туған бауырлар сияқты бірге көтерілді. Халықтар арасындағы риясыз достық дегеніміз – осы! Бұл – шын мəнінде, баға жетпес байлық. Біз барлық салада бір-бірімізге тілектеспіз. Көшпелілер ойындары бауырлас елдердің осындай мызғымас бірлігін бекемдей түспек. Сондықтан оны жоғары деңгейде ұйымдастыруымыз керек, – деді Президент.

Жалпы, V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына əлемнің 89 елінен 2 800 қатысушы мен ресми делегация мүшесі келеді. Сайыстың 21 түрінен 97 медаль сарапқа салынады. Негізгі жарыстар «Астана-арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы, «Алау» мұз сарайы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, «Думан» қонақүй-спорт кешенінде өтеді. Ал, жамбы ату мен теңге ілуге арнайы алаң жасақталған. Халықаралық дода аясында 150-ден астам мəдени іс-шара жоспарланған. Мəселен, этноауылда Көшпелілер мəдениеті музейі, қолөнершілер жəне мүсіндер көрмесі, ал Ұлттық музейде «Көшпенді халық: тарих, таным, тағылым» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады. Алдын ала болжамға сәйкес, осы күндері елордаға 100 мыңға жуық турист келуі мүмкін. Осыған орай, 20-дан астам қонақүйдің, сондай-ақ, туристер жиі баратын орындардың дайындығы пысықталып, қала көшелерін абаттандыру, безендіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді.

Естеріңізде болса, бұған дейін этноспорт олимпиадасында бəйге түрлерінен елімізден қатысатын тұлпарларды іріктеу кезеңдері өткен болатын. Бəйге федерациясының атқарушы директоры Алтай Бименнің айтуынша, əр өңірде өткен іріктеу додаларына атбегілер бабын келістіре жаратқан жүйріктерін қосып, айтулы аламанға жолдама олжалаған жандар əзірлікті пысықтап жатыр.

«Дəстүрлі бəйге түрлерінен, яғни аламан, топ бəйге, жорға, құнан жарысынан іріктеу бірнеше кезең бойынша өтті. Бұған еліміздің барлық аймағынан атбегілер жүйрігін əкеп қосты. Бəйге түрлерінен əр кезеңде жүлделі орындарға ие болған жүйріктердің иелері енді Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында бағын сынап, ұлы аламан да ат жүгіртеді. 2010 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып, этноспорт олимпиадасы деп те атайды. Екі жылда бір рет өтетін додада атбегілер тұлпарларының сүрінбей, алдына қара салмай, топтан озып келгенін қалайды. Бұған дейін Қырғызстанда өткен көшпелілер ойындарында біздің атбегілердің баптап қосқан сəйгүліктері бəйгенің алды болды. Бұл жолы да сол межеден көрінуге барын салмақ», – дейді А.Бимен.

Айта кетейік, «Қазанат» атшабарында бəйге түрлерінен сайыс 13 қыркүйекте өтеді. Құнан бəйгеге қатысатын тұлпарларды шабандоздар 11 шақырым қашықтыққа сынайды. Бəйге федерациясының ережесіне сай өтетін додаға қосылатын шабандоздардың жасы сегізден асуы міндетті, салмағы да 26 килограмнан жоғары болуға тиіс. Құнандардың да жасы екіден асуы керек. Яғни, құнанға жасы жетпейтін тай не болмаса дөнен шыққан жүйрікті додаға қоспайды. Шетелден келетін қатысушылар құнан бəйгесіне үш тұлпар, үш шабандоз қосады. Аттарды баптайтын үш бапкер жəне бір команда жетекшісі болады. Ал, еліміздің атбегілері үшін жолдама саны – алтау. Республикалық іріктеу кезеңінде топ жарған алты құнан бəйгеге түседі. Кесе тұяғымен көкжиекті шаңға көметін аламан бəйгені тақым қысып күтушілер көп. Себебі, Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының бас бəйгесін олжалаудан қырғыз атбегілері де дəмелі. Олар да аузымен құс тістеген желге жеткізбес жүйріктерін жаратып əкелмек. Əсіресе, қалың көпшілік қырғыз жерінде өткен аламан бəйгелерде иесінің мерейі тасып пəтер, көлікке ие болып, қомақты қаржылай сыйақыға кенелген Қарақыз атты тұлпардан үміт күтеді. Шашасына шаң жұқпайтын жүйрік еліміздегі дүбірлі бəйгелерде де аламанның алды болып, даңқы жайылды. Көршілес Ресей елінен де атбегілер Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына жүйріктерін қосуға қам жасап отыр. Бəйге федерациясының ережесіне сай өткізілетін аламанда 8 жастан асқан шабандоздар тақымдаған тұлпарлар 25 шақырымды бағындырмақ. Аламан бəйгеге 3 жастан асқан тұлпарлар қосылады. Əр елден келетін делегация аламан бəйгеге тек үш аттан қосуға мүмкіндік алса, өзіміздің алты атбегі тұлпарына сенім артатын мүмкіндік туып отыр.

Тағы бір айта кетерлік жайт, жақында АҚШ Конгресінің кітапханасында 1898 жылы жарыққа шыққан А.Шахназаровтың «Очеркъ сельского хозяйство Туркестанского края» деп аталатын кітабы табылды. Аталған жəдігерде қазақтың Əулиеата, Сайрам, Қарабайыр және тағы басқа жылқы тұқымдары туралы кеңінен айтылған. Бір қызығы, бұл тарихи деректерді біздің кітапханалардан мүлдем кезіктіре алмайсыз. Тіпті, мамандар Əулиеата жылқысы туралы жамбылдық ақсақалдардан сұрастырғанда хабарсыз болып шыққан. Сонымен, бозбалалары үйірген асығын алшы қылған, үйір жылқы айдап, қабыланның құйрығын қамшы қылған қазақтың даласында «төбел бие сойдырып, төменгі елді, жорға бие сойдырып жоғарғы елді шақырған» ұлы дүбір тойдың басталуына да екі аптадан аз уақыт қалды. Ал, ұлттық құндылықтарымыз дəріптелетін дүбірлі доданың жоғары деңгейде өткені баршаға абырой. Бұл ретте бəйге федерациясы шабандоздарды өзге мемлекеттен келетін қонақтар алдында абыройлы болып, үлгі көрсетуге үндеп отыр.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар