Былтыр аталған мәдениет додасынан бас жүлдені иеленіп, шағын автобусты сыйға алған шулықтар бұл жолы да жоғары деңгейде дайындалған. Бұған дейін мәдениет күндерінде аймақтың ел тарихындағы маңызына тоқталған олар биыл жаңашылдыққа баса мән берген. Іс-шараның шымылдығы теміржол бекетіне қатысты көрініспен басталып, тамырын индустриялық кезеңнен тарқатады. Сол арқылы Шу темір жол торабының өткен ғасырда ел экономикасын дамытудағы маңызды аймақтың бірі болғандығын меңзейді. Тарихтан белгілі, 1928 жылы бастау алған Түрксіб теміржолының қос торабы қырғыз жері арқылы қосылуы тиіс болатын. Алайда, бірегей жобаның басшылығында болған ұлт жанашырлары Мұхамеджан Тынышпаев пен Тұрар Рысқұлов таулы жер құрылысқа тиімсіз деген желеумен Луговой мен Алматы бағыттарын Шу арқылы жалғайды. Ал, соғыс жылдарынан кейін мұнда Мойынты-Шу теміржолы іске қосылып, өндірістік әлеуетті арттыра түседі. Бұдан соң, мерекелік іс-шара өңірдегі ірі өндіріс ошағы Шатыркөл кен орыны мен ауылшаруашылық саласында алдыңғы қатарлы компаниялар – «Химплюс» серіктестігі мен «Qyzylsha Zher» кәсіпорнының көрмесіне ұласты. Еске сала кетейік, еліміздегі жетекші кен орыны саналатын Шатыркөл кен орынынан жақында ғана кен байыту фабрикасы ашылған болатын. Жылына 100 мың тоннаға жуық мыс концентратын өндіретін өндіріс ошағы бүгінде 350-ге жуық жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Ал, «Qyzylsha Zher» серіктестігі қызылша саласындағы алдыңғы қатарлы кәсіпорын болса, «Химплюс» кәсіпорны агрохимикаттар өндіру бойынша еліміздегі бірегей кәсіптік нысан саналады. Аталған өндіріс ошақтарының өкілдері қонақтарды жаңа жобаларымен таныстырып, жоспарларымен бөлісті.
Сондай-ақ, көрмеде «Шу 2050» инфрақұрылымдық жобалық макеті көрермендер назарына ұсынылды. Онда Шу шаһарының алдағы даму бағыттары, сәулет нысандарының болашақ бейнесі көрсетілген. Бұл бағытта аудан жастарының да айтарлықтай үлесі бар. Ауданның техникалық-шығармашылық орталығындағы үйірме қатысушылары жаңашыл идеялары арқылы робототехника, кеме, зымыран модельдеу ісі бойынша іске асырған жобаларын таныстырып өтті.
– Мәселен, багги автокөлігінің бұл макеті ток арқылы қозғалады. Жалпы қуат көзі 4 200 mAh-ты құрайды. Сағатына 60 шақырым жылдамдықпен жүре алады. Ал, мына көлік макеті нитрометанмен жүріп, сағатына 80 шақырымды қамтиды. Мұның бәрі жанар-жағармайға баламалы қуат көздері бола алады, – дейді өз жобасын таныстырған 10-сынып оқушысы Нұрғиса Темірбай.
Ал, ұлттық өнерді ұлықтау мақсатында алаңды жағалай орын алған Жәнібек сұлтан, Бармақ батыр, Шу батыр, Бөлтірік шешен, композитор-термешілер Әбдімомын Желдібаев пен Аяз Бетбаевтың образдық бейнелері, қолөнер шеберлерінің қыш ыдыстары, ат-әбзелдері, құрт жасап, май шайқап, тары түйіп жатқан қыз-келіншектерінің тіршілігі көпшілік қауымға ерекше әсер сыйлады. Бұл күні Шоқпар ауылдық Мәдениет үйінің қызметкерлері ұлтымыздың ұлық дәстүрінің бірі – ат тергеу салтын насихаттап, уақыт өтінде біртіндеп ескіріп, өткеннің қойнауында қалып бара жатқан құндылығымызды тірілтті. Тастың да тілін тапқан жергілікті ұста Қали Қораласбаев болса, өзінің бірегей туындыларын паш етті. Ол әр жылдары қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді қаузаған «Тастанды ұялар», «Қара шаңыраққа оралу», «Баланың арманы», «Бақсының көз жасы» секілді туындылары мен тарихи-танымдық «Ұлы Дала», «Қорқыттың бағы», «Өлі жауынгер» секілді композицияларын таныстырды. Сонымен бірге, мәдени іс-шара аясында Баласағұн қалашығы мен «Балық fest» көрмесі ұйымдастырылып, қазақ, түрік, орыс, неміс, күрд, әзірбайжан ұлттарының әдет-ғұрпынан хабар беретін қойылымдар қойылды. Мұнан кейін, көрме соңы концерттік бағдарламамен жалғасты. Салтанатты жиынның ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Шу өлкесінің өңір мәдениетінде алар орны ерекше екендігін атап өтті.
– Мәдениет пен өнер – халқымыздың болмысын, еліміздің тарихы мен бірегейлігін айшықтайтын киелі ұғым. Шу өңірі күллі қазаққа, әлемге әйгілі тұлғалар шыққан өлке. Қазақ хандығының қазығы қағылып, туы көтерілген Шу өңірі – ғұлама ғалым Жүсіп Баласағұн, халқымыздың төбе биі Төле би бабамыздың атамекені. Сөз зергері Бөлтірік шешен, Сауытбек, Қуандық, Бармақ, Жақсыбай, Қылышбай, Жидебай секілді ақындарымыз шыққан шырайлы өлке. Сондай-ақ, осы өңірден шыққан ақын, әнші, термеші, композитор Аяз Бетбаев, дәстүрлі музыканы сабақтастырған тұлға, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың есімін ерекше атап өткен жөн. Қазақтың ақын қызы Бақыт Исаева, жезтаңдай әнші Күлімхан Оңтайқызы, «Шу» театрының негізін құрушы Ермек Құлажановтардың да өнерге қосқан үлестері жоғары. Олардың мол мұрасы өскелең ұрпақ үшін қай кезде де таусылмас қазына екені рас, – деді аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы.
Жалпы, облыстың мәдениет саласында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, соңғы үш жылдың ішінде 19 мәдениет нысаны ел игілігіне пайдалануға берілген болса, оның екеуі Шу ауданында салынған. Аталған нысандарды ауданның мәдениет саласын дамытып, елдің рухани дүниесін байытуға үлес қосып келе жатқан Шудағы мерекелік іс-шара Әбдімомын Желдібаев шығармашылығы мен дәстүрлі әндермен жалғасын тапты. Сазды-әуенді кеште эстрада жұлдыздары Серікбол Сайлаубек пен Жандос Қаржаубай өнер көрсетіп, халықтың ыстық ықыласына бөленді.
Нұрболат АМАНБЕК
Шу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді