Жаңа оқу жылында әлімжеттіктің алдын алу маңызды

Жаңа оқу жылында әлімжеттіктің алдын алу маңызды
Ашық дереккөз
Буллинг – жаңа заманның ауыр залалдарының бірі. Бір қарағанда көзге көрінбейтін, қолмен ұсталмайтын бұл нәрсе адам баласының жан дүниесін іштей тұқырта береді. Адам жаппай қысымға ұшырағанда ішкі әлемі күйреп, рухы құрдымға кете бастайды. Өкініштісі адамдар бұл құбылыстың құрдымға апаратынын аса бағамдай білмейді. Бірақ, буллинг салдарынан өмірімен қоштасқан адамдардың қилы тағдыры көз алдымызда өтіп жатыр.

Буллингті қарапайым тілмен «әлімжеттік» деп атаймыз. Алысқа бармай-ақ күн сайын мұрнымыздың ұшында талай сұмдықтар өрбуде. Өкінішке қарай әскердегі әлімжеттік деректері өзіміздің Жамбылда да өршіп тұр. Мұндай жайсыз жағдайлардың біздің өңірде жиілеп кеткені кімді де болсын бейжай қалдырмасы анық. Мәселен, Шөлдала шекара заставасындағы сарбаз өлімі қоғамды дүр сілкіндірді. Екі жыл бұрын Гвардейскідегі әскери ауруханадағы маңғыстаулық сарбаздың өлімін де бұқара ауыр қабылдады. Қордай ауданында да 19 жастағы қостанайлық азаматтың әскери борышын өтеуге келе салысымен жансақтау бөліміне түскені көптің есінде. Бұл мәселеге тіпті Мемлекет басшысы да назар аударғанын Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желіде атап өткен болатын. Өңірде өршіп тұрған әскердегі әлімжеттік мәселесі алдағы уақытта тамырымен жойылмаса, ата-аналардың балаларын Отан қорғауға жіберуден мүлде бас тартары анық. Ешкім әскерге сап-сау кеткен баласының сал болып немесе өлі күйінде оралғанын қаламайды. Мұндайдың бетін аулақ етсін. Мұндай жағдайлар елімізге буллингке қарсы нақты заң қабылдануы қажет деген ойға жетелейді.

Әлімжеттік жиі орын алатын орынның тағы бірі – мектеп. Өмірге деген көзқарасы әлі беки қоймаған жасөспірімдердің көп шоғырланатын жерінде әлімжеттік оқиғаларының болуы жиі орын алуда. Дегенмен, мектептегі ұстаздардан бастап әлеуметтік психологтар, мектеп инспекторы, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары білім ұясында қалыптасқан ахуалды үнемі бақылауда ұстап отыруы тиіс. Күнде көріп жүрген балалардың жай-күйі олардың жұмысының негізгі нысаны. Тіпті, мұндай бақылауға қарамастан ел ішінде буллинг деректері азайып жатқан жоқ. Мұндайда әлімжеттікті тамырымен жоюға тек қатал заң ғана көмектесетініне анық көзіміз жетеді. Өткен айда ғана бас қаладағы мектептердің бірінде болған буллинг жағдайы ақпараттық агенттіктердің жұмысына талғажау болды. Жәбір көрген 15 жастағы баланың анасы ұлы оқыған мектепте ұрып-соғу, ақша бопсалау сынды қорқынышты жайлардың орын алғанын айтқан. Баласы үшін алаңдаған ананың үндеуі әлеуметтік желіде тез таралып кетті. Ұлын басқа мектепке ауыстырған соң үлкен сыныптың оқушыларынан қысым көбейе бастаған. Үлкен сыныптың оқушылары ұрып-соғып, түрлі тапсырмалар беріп, ақша бопсалаған. Айтқандарын орындаудан бастартқан соң жәбірлеушілер баланы ұрып-соққан. Жағдай белгілі болған соң анасы полицияға арызданған.

Бұл соңғы уақытта жиілеп кеткен жағдай болғандықтан, жаңа оқу жылында мектептегі әлімжеттікті болдырмау үшін жүйелі жұмыстар жүргізу керектігін анық байқап отырмыз.

Министрлік мектептерде балаларға қолайлы әрі қауіпсіз орта құру, тәрбиелік-психологиялық жұмысты жүйелеу, әлімжеттік көрсетумен буллингтің алдын алу және жою үшін нормативті құқықтық актілер базасын күшейтіп, жоспар, бағдарламалар мен әдістемелер әзірленгенін тізіп көрсеткен. Аймақтарда бала құқықтары жөніндегі уәкілдер сайланып, 12 облыста психологиялық қолдау орталығы ашылғанын, балалар мен ата-аналарға жедел көмек көрсету мақсатында «Бала қорғау» телеграмм-чаты мен 111 сенім телефоны іске қосылғанын да айтқан. «Мұның бәрі мектептердің бала үшін неғұрлым қауіпсіз орта құру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған», – дейді министрлік. Жаңа оқу жылында осы бір әрекеттерден нақты нәтиже болар деген үміттеміз. Әйтпесе жиілеп кеткен әлімжеттік деректерінің салдарынан ата-аналардың үрейі үдеп, балаларын мектеп пен әскерге жіберуге әбден қорқа соғып қалатынын болжау қиын емес. Шынтуайтында мектеп пен әскери нысандар ел ішіндегі ең қауіпсіз орындар саналуы тиіс еді. Білім ұясы мен Отан алдындағы борыш өтейтін қастерлі орындардың буллингтің ордасына айналып бара жатқаны бүгінгі қоғамды ерекше алаңдатады.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,

журналист

Ұқсас жаңалықтар