«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жайылым жер көлемі ұлғайып келеді

Жайылым жер көлемі ұлғайып келеді
Ашық дереккөз
Өндірісі өркендеген Жамбыл ауданында атқарылып жатқан жұмыс ауқымы үлкен. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, биылғы жылдың өнімі үшін 60 мың гектар алқапқа орналастырылған егіннен, дәнді-дақылдардан, бау-бақшадан, картоп пен қант қызылшасынан, жоңышқа алқаптарынан жақсы өнім жиналуда.

Мәселен, ауданда бидай 4080, арпа 12000 гектар алқапқа орналастырылса, бидайдан 6 мың тонна, арпадан 21244 тонна өнім алынған. Оның әрбір гектарынан жиналған орташа өнім 13,5-17,3 центнерді құраған. Ал, жем-шөп қоры да жеткілікті мөлшерде дайындалуда. Ендігі кезекте басқа да дақылдар мен бау-бақша өнімдері жиналуда. Жиын-терін жұмысын жақсарту үшін ауданда жыл ішінде жүзден аса жаңа техника сатып алыныпты.

– Ауданда қазір қияр, қызанақ, бұрыш өсірілетін 19 жылыжай, жеміс пен көкөніс сақтайтын 113 қойма, барлығы 3730 агроқұрылым жұмыс істеп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Жайылым жерлер көлемі ұлғайып келеді. Тұрғындардың табысын арттырып, тұрмысын түзеу мақсатында қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы бүгінге дейін 6 ауылдық округті қамтып отыр. Өнеркәсіпте де өркендеу байқалады. Аудан аумағында 2027 жылға дейін жалпы құны 38,2 миллиард теңгені құрайтын 193 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 1038 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Өткен жылы ауыл шаруашылығы бағытында 26 жоба, өнеркәсіп саласында 24 жоба іске асты. Аудан бойынша 9485 шағын және орта кәсіпкерлік объектісі тіркелген. Өндірілген өнім көлемі 30,3 миллиард теңгені құраған. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы шеңберінде 32 жоба бойынша 513,3 миллион теңге несие алынып, 35 жұмыс орны ашылды, – дейді аудан басшысы.

Оның айтуынша, 11,1 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, нақты көлем индексі 128,7 пайызды құраған. Шоқай ауылында жаңа мектеп, Қаракемер ауылында ауыз су жүйесі, Сұлутөр, Айша бибі, Гродеково ауылдарында спорт кешендері пайдалануға берілген. Бесағаш, Түрксіб ауылдарының ауыз су құрылысы, Қаракемер және Тоғызтарау ауылдық округі әкімшілігі ғимараттарының құрылысы аяқталған. Ал, Өрнек, Қаракемер, Бесағаш ауылдарында спорт кешендері, Қызылқайнар және Ақбұлым ауылдарында Мәдениет үйлері бой көтеруде. Аса ауылында аудандық мұражай, орталық кітапхана, мұрағат, жасөспірімдерге арналған демалыс орталығының құрылыстары басталған.

– Тұрғын үй – өте маңызды мәселе. Бұл тұрғыда пайдалануға берілген жекеменшік тұрғын үй көлемі 68360 шаршы метрді немесе 101 пайызды құрады. Аса ауылынан көппәтерлі 2 тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін бюджеттік өтінім тапсырылды. Бұдан бөлек, «Асар» жобасымен 6 үй салынуда, 2 үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Аса ауылында кезекте тұрған адамдарға 811 жер телімі, жалпы 1864 жер телімі таратылды. Халықтың өмір сапасын жақсартуда таза ауыз су мен көгілдір отын үлкен мәнге ие. Аудандағы 42 елді мекеннің 38-і таза ауыз сумен қамтылған. Бүгінде аудандағы көрсеткіш 90,5 пайызға жетті. 38 елді мекенге газ тартылған, бұл – 90,4 пайыз. Қалған 4 шағын ауылды табиғи газға қосу жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылы аудандық маңызы бар 9,2 километр жол жөнделді. Бұған қоса, жалпы ұзындығы 74,2 километр ауылішілік 93 көше жолы жөнделуде. 9 елді мекеннің 24 көшесі жарықтандырылды. 10 ауылда бағаналар мен желілер тартылып, трансформаторлар ауыстырылды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 45 жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, 6 ауылда спорт кешенінің, 2 елді мекенде Мәдениет үйінің құрылысы жүргізіліп, ауылішілік 37 көше жөнделді. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 6389 адам қатысты, – деді Ерлан Қыдыралыұлы.

Мәдениет пен өнерде де ауыз толтырып айтарлық жетістіктер бар. Республикалық және аудандық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен Өрнек, Қаракемер, Бесағаш ауылдық округтерінде спорт кешендері, Қызылқайнар, Ақбұлым ауылдық округтерінде Мәдениет үйлері бой көтерді. Тұрғындар арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында қолға алынған жұмыстар да жемісін беруде.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар