Қымызда кездесетін ақуыздар, майлар, көмірсутегілері басқа сүтке қарағанда ерекше болып келеді. Бұл – бие сүтіндегі ғылыми дәлелденген қасиеттердің бір парасы ғана. Ал, оның зерттелмеген, ашылмаған тұстары қаншама?
Қымыз бағзы заманнан қазақтың сүйікті асы, шөл басар сусыны болған. Кеңес дәуірінде оның пайдасын жете түсінбеген шолақ белсенділер ескінің қалдығы деп ұрандатып, ашаршылық жылдарда жылқыны үйірімен, түйені келесімен қырғынға ұшыратты. Ал, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында пышағын жалаңдатқан кәсіпкерлер қатары көбейіп, колхоз-совхоздың малын пайда үшін қырып салды. Дегенмен де қазақ осы кезеңдерде аздап қымыз, шұбат дайындаудан алыстап қалған еді. Бертінде бұл – бір жағы күн көріс, екіншіден табыс көзіне айналды. Содан бері ауылдарда жылқы ұстап, бие байлап, қымыз өндірушілер қатары артпаса, кеміген жоқ. Бүгінде Жуалы, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Меркі мен Қордай аудандарында бие байлап, қымыз өндіру жақсы жолға қойылған. Мәселен, соның ішінде Т.Дүйсебайұлы, яғни «Амангелді» қымызына деген сұраныс қайда болса да жоғары. Бұл ауылда үй сайын бие сауылып, қымыз ашытылады. Кеңес өкіметі тұсында-ақ бұл ауылдың қымызын Мәскеудегі шипажайлар ем үшін алдырып отырса керек.
Соңғы жылдарда бұл сусынды өндіруге, сатып алуға деген шетелдіктердің қызығушылығының артқаны байқа лады. Әсіресе, немістердің бие сүті мен қымызды өздерінің өндірісіне енгізуі қызығарлық жағдай. Еліміздегі бал қымыздың бар құпиясын біліп алған германиялықтар көл-көсір пайдаға кенеліп, оны салауатты өмір салтына айналдырған. Олар қымызды шөлмектеп сатып, дүкен сөрелеріне толтырып тастайтынын естіп жүрміз. Тіпті, Қарағанды облысында Цайман деген кісі жергілікті қожалықтың бірімен бірлесе 1 мың бас сауынды бие ұстап отыр. Онда қымызға деген сұраныс жоғары екен. Өндірісі де жақсы жолға қойылған. Бұл кәсіпті онда ашып жүргендер біздің елден көшіп барған немістер. Ал, бізде қымыз өндірісі әлі күнге өз деңгейінде дамымай тұр. Ол үшін «ғылыми тұжырым керек, кәсіби маман керек» деп, керек-жарақты түгендеп жүргенде, көп нәрседен құр қалудамыз.
– Жылқы ұстап, бие сауып, қымыз ашыту, бұл – ата-бабаларымыздан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан кәсіп. Біз бар болғаны уақыт талабына қарай саумал мен қымыздың адам денсаулығына пайдасы зор екенін айтып, өнімімізді елге ұсынудамыз. Таулы жерде жайылған биенің сүті мен қымызының емдік қасиеті жоғары. Қымыздың қасиетін білу үшін алдымен оның дәмін көру керек, – дейді дүйсебайлық Қайтар Баулыбаев.
Жалпы, ғалымдар да бие сүті мен қымыздың құрамында адамға қажетті дәрумендердің көптігін дәлелдеп отыр. Тіпті, соңғы кезде бие сүтімен кейбір онкологиялық аурулар сауығып кетіпті. Сондай-ақ, ол адам денесінің күш-қуатын арттырады, бүйрек пен бауырды қанықтырады, қан тамырларын тазалайды. Буын аурулары мен сүйектің қақсауын, жүйкенің жұқаруын, бастың айналуын, созылмалы сары ауру, ұйқысыздық, ішектегі жара сияқты аурулардың алдын алады. Кейбірін жеңілдетеді. Қымыз адамның физикалық жағдайын жақсартады, тәбетін ашады, ас қорытуды жақсартады. Қымыз құрамында 28 түрлі микроэлементтер, көптеген дәрумендер бар. Бұл элементтер бие құнарлы жерге жайылған сайын арта түседі екен.
Елімізде қымыздың құрамын зерттеп жүрген ғалымдар аз емес. Айталық, Алматы қаласындағы аграрлық университетінің оқытушысы, биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, қымызтанушы Зұлқарнай Сейітовтің ұлттық сусынымызды зерттеп жүргеніне 50 жыл болыпты. Ол кісінің айтуынша, бүгінде шетелдіктер қымыздың ақуызындағы лактоферриннен ісік ауруына қарсы дәрі-дәрмек жасауды қолға алыпты. Оның бір грамы мың доллар тұрады. Ал, Швеция Моңғолиядан бие сүті майының бір грамын 150 долларға сатып алады екен. Олар әлгі майдан «Простагландин» дәрісін дайындайды. Аяғы ауыр әйелдерге арналған бұл дәрі әзірше тек Швецияда шығарылады. Одан жасалған дәріні нарықта 5 мың доллардан өткеруде. Біз ана мен бала өмірін сақтап қалу үшін, қандай қымбат болса да сатып алуға мәжбүрміз.
Бие сүтінің ақуызы өте нәзік. Оны ішкен сайын іште тез еріп, жылдам қорытылып, заматта сіңіп кетіп отырады екен. Дәрумендері де жеткілікті. Әсіресе, «С» дәрумені барлық аурудан сақтайды. Ғалым «Кезінде қазақтарда жүрек ауруы неге аз болған? Қымыздың майы сұйық болып келеді. Ол жүрек тамырларында пайда болатын түйіршіктерді ерітіп, қан айналымы жұмысын жақсартады. Оған оттегінің дұрыс жетуін қамтамасыз етеді. Жүйке ауруларының барлығы да осы түйіршектен туындайды» деп қорытынды жасаған екен.
Бүгінде елімізде ер адамның 35- 40 пайызы белсіздікке ұшырағаны мәлім. Ішетіні – консервацияланған сусын, тамақтарында дәрумен аз. Кәсіпкерлер көкөніс пен жеміс-жидекті тез әрі мол өсіреміз деп нитратты көп қосады. Сөйтіп адам денсаулығына қауіп төндіріп жатқанын ойламайды. Ал, қымызда мәңгілік жас болудың элексирі бар екен. Өйткені, оның құрамында адамға керекті дәрумендер жеткілікті. Ертеректе қымызды жүйелі тұтынған аталарымыз 80-90-да аттан түспеген.
– Қазір қымыз табыс көзіне айналғаннан соң ба, сапасы төмендеп бара жатқандай. Кейбірін тамсанып іше де алмайсың. Атам қазақ «ақты сатпайды» деп, жалпы сүт өнімдерінің дайындалуына аса мән берген. Қымыздың пісуіне, сауған биеге қарай түр-түрге бөлген. Ал, бүгінде литр қуған саудагерлер су немесе сүт қосып жіберсе, кейбіреулер қонақ күткенде «қызсын» деп қымызға ащы су қосып адал асты арамдап жатады. Сөйтіп жақсы мен нашарын ажырата алмай, қымыздың бағасын қолдап түсіріп аламыз, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Тынысбекұлы.
Ауылда екі-үш биені байлап қойып, сүті мен қымызын сатып жатады. Қашан барсаң да тоңазытқышы құтыға құйылған қымызға толып тұрады. Сауып отырғаны екі-үш бие. Білмейтіндер осынша биеден де көп пайда табуға болады екен деп ойлап қалуы бек мүмкін. Бірақ, қымыз ішіп жүрген жұртты бұлай алдай алмайсың. Алдасаң келушілерді жоғалтатының анық. Сондықтан да қымыз өндірушілер қашанда қымыздың бабын келтіріп, тапсырыс берушілердің көңілінен шығуға тырысып бағады.
Базарларда, оның маңайында сатылып жатқан қымыздың барлығын бірдей жақсы деп айтуға келмейді. Бұл мәселемен облыс әкімдігі ветеринария бөлімінің бас маманы Лаура Абиді сөзге тарттық.
– Біздің міндет – күнделікті базарға келетін мал өнімдерін зертханадан өткізіп, тұтынушыларға сапалы, табиғи өнімді ұсынуға көмектесу. Соның ішінде сүт пен қымыз өнімдері бар. Қазір апта сайын әлеуметтік сауда орталығына келетін сүт өнімдері ветеринариялық зертханадан өткен соң ғана сатуға рұқсат беріледі. Ал сыртта, бұрыш-бұрышта, көше аралап сататындарға біз ештеңе істей алмаймыз. Бізге бүгінге дейін қымыздан ауырып, арыз-шағым айтып келген адам жоқ. Арыз түссе ғана ветеринарларды жіберіп, сауылып отырған малдың сүтін алдырып, зертханаға өткіземіз, – деді ол.
Қымыз халықтың жиі тұтынатын сусыны. Оның қыста азаятыны белгілі. Германиялықтар қымыздың ұнтағын шығарып пайдалануда. Ал, бізде ол неге әлі күнге қолға алынбаған? Осы сауалмен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Наноинженерлік зерттеу әдістері» ғылыми-зерттеу зертханасының инженері Ерлан Әтеновті сөзге тартқан едік.
– Біз «Абсент» шаруа қожалығымен 2012 жылдан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Қожалық ішінен құрылған «Заң» ЖШС-ның директоры Дүйсенбек Ыбыналиев бізге қымыздың сақтау мерзімін ұзартуға, құндылығын арттыру үшін көмек сұрай келді. Жалпы мемлекеттік стандартқа сәйкес, қымызды 72 сағат қана сақтауға болады. Ал біз ол кісінің ұстап отырған бие сүті мен өндірген қымызына өзіміздің зертханада зерттеу жүргізу арқылы, оны 60 күнге дейін сақтауға болатын тәсілін ойлап таптық. Сөйтіп, 2013 жылы «Қымызды дайындау тәсілі» атты өнертабыстың инновациялық патентін алдық. Бұл бойынша кейін қымыз өндірушілермен халықаралық деңгейде бірнеше жиындар өткіздік.
Енді қымыздың ұнтағынан «таблетка» дайындауды қолға алдық. Негізі германиялықтар «Сублимациялық құрғату» аппаратымен қымызды құрғатып, ұнтағын алады. Бұл аппарат бізде жоқ. Әрі ол өте қымбат тұрады. Біз өзіміздегі қолданыстағы зертханалық құралдармен қымызды құрғатып, оның ұнтақ түріндегі «таблеткасын» жасап шықтық. 1 «таблеткадан» жарты литр қымыз дайындалады. Қазір бізде оның ұнтағы да, «таблеткасы» да бар. Жақында «Тамақ өндіру» факультеті бие сүтінен құрғақ ұнтаққа күріш, тары мен қарақұмықтың ұнтағын қосып балаларға арналған ботқаны дайындады. Оны 1 стакан суға жібітсе ботқа дайын болады. Ал сиыр сүтінен дайындалған ботқаға қарағанда ол бала ағзасына тез сіңеді. Қымыздан жасалған ботқа осынысымен де құнды, – дейді ол.
Жалпы, қымызды медицина саласында қолдану бұрыннан бар екен. Бұл туралы Мырзатай ауылындағы облыстық туберкулезге қарсы ересектерге арналған шипажайдың бас дәрігері Төлеген Бугибаевтан білдік.
– Ата-бабаларымыз бағзы кезден-ақ туберкулезді саумалмен, қымызбен емдегені белгілі. Оны тек құрт ауруына ғана емес өкпе, басқа ауруларға да тағайындаймыз. Ол құрамы күрделі, әсері мол дәрілердің ағзаға тез сіңуін қамтамасыз етеді. Сырқаттың иммунитетін жақсартуға да беретін көмегі көп. Өзіміз шипажайда мамырға дейін емделушілерімізге бие сүтін беріп келсек, одан беріде қымыз тараттық. Ем қолданудың бұл тәсілін орыс ғалымдары осыдан 30-40 жыл бұрын дәлелдеп, туберкулезге қарсы қолданылатын дәрінің бір түрі ретінде дәрі тізіміне енгізіп қойған. Бүгінде Т.Рысқұлов ауданындағы Каменка ауылында орналасқан шипажай, теміржолдың арғы бетіндегі және Киров көше сіндегі туберкулез ауруханалары сырқаттарын осы тәсілмен емдеуде. Мәселен, құрт ауруымен ауыратындар бір күнде 10-нан аса дәрі қабылдайды. Ол дәрілердің асқазанға тигізетін зияны көп. Ал, қымыз ол дәрінің денеге тез тарап, асқазан шырышын (түгін) қалпына келтіруге көмектеседі, – деді ол.
Бұдан бөлек, дәрігер қымыздың құрамында жыныс гармондарына жақсы әсер ететін ферменттер барын айтты. Бұл әйелдерді бедеуліктен, ерлерді белсіздіктен қорғайды екен. Әрі қуаттандырады. Сонымен қатар, жаңа босанған келіншектің сүтін молайтып, нәрлі етеді. Демек, емізулі балаға да пайдасы орасан болғаны. Ал, ашыған қымыз шөлді басып қана қоймай, қантамырда қордаланған зиянды қалдықтардан тазартады. Іш қатудың алдын алуға көмектеседі. Ашығудан соң қымыз ішу буын ауруларына да өте пайдалы. Сондай-ақ, дәрігер қымызды безгек ауруына және жөтелге қарсы ішуге кеңес береді. Қымызбен емделгенде қан құрамындағы гемоглобин, эритроцит көбейеді. Тамырдың соғуы жиілеп, қан айналымы жылдамдайды. Қан тамыры жұмысы мен жүрек соғысы жақсарады екен.
Ал, ардагер мал дәрігері Әнуар Махаев болса, «Қымызбен адамды ғана емес, сонымен бірге түрлі дертке шалдыққан мал ауруларын да емдеуге болады. Бие сүтін, қымызды бұзаулардың, балапандар мен тауықтардың ащы ішегінде қабыну белгілері байқалғанда, ірі қара малдың асқазаны әлсірегенде, тауық балапандарына «А» және «В» дәрумендері жетіспегенде, сауын сиырлардың іріңді желінсау (мастит) ауруына ем ретінде қолдануға болады», – дейді.
Қарап отырсақ, бие сүті тек шөл басар сусын ғана емес, емдік қасиеті мол екен.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- 26 желтоқсан, 2024
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді