Бұл күні желаяқтар таңсәріден облыс орталығындағы Тұңғыш Президент саябағына жиналды. Бұдан кейін, марафон ережесіне сәйкес, жарыс Тәуке хан көшесінен бастау алды. Мұнан соң, марафоншылар Төле би және Жамбыл даңғылдарының бойымен, Әйтеке би, Шостакович, Т.Рысқұлов, Б.Майлин мен Айша бибі көшелерімен жүгіріп өтіп, «Тараз-Арена» спорт кешенінің алдындағы мәре сызығын кесіп өтті. Ал, спорттық іс-шараға қатысуышылардың алды небәрі 18 минутта-ақ көмбеге жетіп үлгерді.
Жалпы, осынау іс-шараға жалынды жасөспірімдермен қатар, алпыс жасқа аяқ басқан алдыңғы буын өкілдері де белсене қатысты. Мәселен, 10- 15 жастағы жас жеткіншектер 2 километр қашықтықта өзара кім мықтыны анықтады. Олар мәре сызығынан «Баласағұн» орталық концерт залының ғимаратына дейін және кері қарай жүгірді. 700-ден астам адам бақ сынасқан желаяқтар жарысында межеленген минутта көмбеге құйғытып жеткен жеңімпаздарға қаржылай сыйлық беріліп, арнайы диплом табысталды. Сондай - ақ, марафонға қатысушылардың барлығына жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың суреті бейнеленген медаль табыс етілді. Өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбековтің айтуынша, жеңіл атлетикалық жарыс барысында қашықтыққа жүгіретін төзімді азаматтар анықталған.
– Бұл марафонды ұйымдастырудағы басты мақсат – облыс тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау әрі оларды спортпен тұрақты түрде шұғылдануға шақыру. Бұл күнде жамбылдық жампоздар тек облыстың ғана емес, дүбірлі додаларда еліміздің намысын абыройлы қорғап жүр. Бүгінгі сайысқа қатысқан жасөспірімдер қазіргі чемпион жерлестеріміздің ертеңгі ізбасарлары. Біз олардың болашағынан зор үміт күтеміз, – деді Нұржан Қырықбайұлы.
Ал, жүгіруден әйелдер арасында абсолютті жеңімпаз атанған Ақбілек Тұрарбай спортты жастайынан жанына серік еткенін атап өтті. Шымкенттік сұлу жүздеген марафоншылар арасынан дара шығып, чемпион атануы осы күнге дейін төккен тердің нәтижесі дейді.
– Бірнеше жылдан бері ел аумағында ұйымдастырылған марафондарға қатысып, бұрымдылармен бірге бағымды сынап келемін. Осылайша, жеңіл атлетикаға жаны құмар жаст армен бірге жаттыға бастадым. Бүгінге дейін ауыз толтырып айтарлықтай біршама жетістікке жетіп те үлгердім. Өз кезегінде мұның бәрі – тынымсыз жаттығудың нәтижесі, – деді алдына жан салмаған Ақбілек.
Есен ӨТЕУЛІ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




