«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ақыл-ой аламанында бақ сынасты

Ақыл-ой аламанында бақ сынасты
Ашық дереккөз
Ерекше жандарды қолдау, оларға көмек көрсету баршамыздың азаматтық парызымыз. Осы мақсатта Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» мен облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының бірлесе ұйымдастыруымен Қайрат Рысқұлбеков орталық саябағында спорт күні аталып өтті.

Мерекеде арнайы кітапхананың оқырмандары шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ секілді ой еңбегін қажет ететін ойын түрлерінен бақ сынасты. Спортшыларды облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы директорының орынбасары Зарина Дүкенбаева құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Аталған мереке елімізде 1998 жылдан бері тойланып келеді. Бұл – спорт саласына мемлекет қолдауының жемісі. Бүгінде кітапхана саласы зағип оқырмандарды кітап оқуға баулумен қатар денсаулықты нығайтуға септігін тигізуде. Соның бірден бір айғағы осы спорттық жарыс. Мұндай іс-шаралар ерекше жандардың қоғам өміріне белсене араласып, әлеуметтік ортада өз орнын табуға септігін тигізеді. Кітапхана басшылығы өз тарапымыздан мұндай белсенді оқырмандарымызға үнемі қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Зарина Серікқызы.

Жарысқа «Қазақ соқырлар қоғамы» облыстық филиалының 16 мүшесі қатысты. Қатысушылардың бірқатары бұған дейін де облыс және қала көлемінде жоғарыда аталған спорттық ойындардың жеңімпаздары атанып, республикалық, халықаралық додаларда топ жарған. Ал, интеллектуалды ойындарға спорт клубының жаттықтырушысы Дулат Ерғазы төрелік етті.

Жарыс соңында тоғызқұмалақтан жүлделі бірінші орынды Аружан Құттыбай иеленсе, Шамиль Ришад пен Бекзат Таласбаев екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. 18 жасқа дейінгі шахмат ойынында екінші орынды Бағым Жақсымбет алса, бірінші орынға Даяна Жақсымбет жайғасты. Ал, ересектер арасында үшінші орынды Бахтияр Исатаев, екінші орынды Еңлік Егімбаева иеленсе, Фарид Сибагатуллин бірінші орынның биігінен көрінді. Сондайақ, дойбыдан үшінші орынды Ерлан Жақсылықов, екінші орынды Асылбек Бөкеев иеленіп, Иминэмир Миратаев оқ бойы озып жеңімпаз атанды.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар