Жалпы , өңірдің цифрлы дамуындағы жетістіктер аз емес. Бүгінде облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасының бастамасымен соңғы жылдары өңірдің білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы мен құқық қорғау органдары секілді бірқатар салаларда тиімді жұмыстар іске асты. Ал, бүгінгі таңда облыстың цифрландыру әлеуеті туралы облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабеков айтып берді.
– Ел аумағында тиімді жүзеге асқан жұмыстар нәтижесінде халықтың цифрлық әлеуеті артып келеді. Мұнда жаңа технологиялардың өмірімізге дендеп енуі де басты фактор саналады, онсыз бүгінде күнімізді елестету қиын. Қоңырау шалу, азық-түлік пен қызметтерге тапсырыс беру, билеттерді брондау, цифрлық қолтаңбаны пайдалану, нотариалдық қызметтерді алу секілді түрлі қолжетімділіктер өміріміздің айнымас бөлшегіне айналды. Мұның бәрі мемлекеттің тиімді саясаты мен бизнес-құрылымдардың жұмысын цифрландырудың нәтижелері. Соңғы жылдары өңірде цифрландыру бойынша орасан зор жұмыс жүргізілді деп айтуға болады. Мысалы, полицияның жедел басқару орталығына біріктірілген және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесетін бейнебақылау жүйесі дамып келеді. Облыс орталығында «ақылды» аялдамалар пайда болды, сол арқылы біз маршруттық автобустың келуін бақылай аламыз. Ал, Tulpar қалалық көлікті басқарудың автоматтандырылған жүйесінің арқасында біз табыстың ашықтығын, бюджетке түсетін түсімдердің ұлғаюын қамтамасыз ете алдық. Соның нәтижесінде 80-нен астам жаңа автобус сатып алынды. Тараздың бұрын автобустар жүрмеген аудандарында жеті жаңа бағыттар пайда болып, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған 2GIS картографиялық жүйесі пайда болды. Тағы бір үлкен картографиялық жоба – e-jambyl.kz аймақтық геоақпараттық жүйесі. Соның арқасында жер учаскелерін беру рәсімі ашық болды. Сонымен қатар, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы саласында тағы 13 мемлекеттік қызмет автоматтандырылды. Қазір біз табиғи монополиялар субъектілерінің қалалық қызметтерін, яғни коммуналдық қызметтерді автоматтандыру бағытын қолға алдық. Мемлекеттік органдардың жұмысын ашық ететін, сыбайлас жемқорлықтың алдын алатын және тұрғындарымызға жайлылық беретін цифрландырудың осындай табысты кейстерінің көптігін атап өтуге болады, – деді басқарма басшысы Руслан Мосқауұлы.
Басқарма басшысының сөзінше, интернет жүйесін дамыту бойынша да өңірде жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Мысалы, ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету мақсатында аудандармен келісіліп, нақтыланған 74 елді мекен бойынша жол картасы әзірленген. Жалпы бүгінде облыстағы 371 елді мекеннің 185-і талшықты оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз етілген. Соның ішінде елді мекендердің 76-сы – 2G, 140-ы 3G төмен жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіліп, ал қалған 150 елді мекен жоғары жылдамдықты (4G) мобильді интернет желісіне қосылған. Бұдан өзге «Кар-Тел» ЖШС жалпы жоспарланған 60 елді мекеннің 52-не 4G-мен қамту жұмыстарын жүргізген. Бүгінгі күні қалған 8 елді мекенде базалық станция орнату жұмыстары жалғасын табуда. Сонымен қатар, «Кcell» акционерлік қоғамы тарапынан 27 елді мекенді қамту жоспарланған. Оның ішінде, 4G мобильді байланысымен қамтамасыз етуге жоспарланған 16 елді мекеннің барлығында тиісті жұмыстар аяқталып отыр.
«JAMBYL 109» ДИСПЕТЧЕРЛІК ҚЫЗМЕТІ
Еліміздегі саясаттың ашықтығын қамтамасыз етіп, цифрландыру саласында сең жүргізген Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы екені баршаға мәлім. Мемлекет басшысының бұл бастамасы қоғамдағы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тапты. Осыдан бастап билік пен бұқара арасын жақындата түсетін тетіктер қарастырыла бастады. Соның бірі – Мемлекет басшысының хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында Астана қаласында «IKOMEK» Бірыңғай диспетчерлік қызметінің құрылуы болатын. Халықтан түсетін өтініштерді қабылдап, шешімін табуға бағытталған қызмет тәжірибесі 2019 жылдан бастап Тараз қаласында «Jambyl 109» деген атаумен жалғасын тапты. Ал, бір жыл өткен соң облыс әкімінің бұйрығына сәйкес, «Jambyl 109» қызметінің аймағын өңір бойынша кеңейтудің жол картасы әзірленіп, қызметтің регламенті кеңейе түсті.
«Jambyl 109» қызметі – «109» қысқа нөміріне қоңырау шалу арқылы облыс тұрғындары мен қонақтарының тұрмыстық сипаттағы жергілікті коммуналдық қызметтер мәселелері бойынша түрлі байланыс құралдары арқылы өтініштерін қабылдау, өңдеу, облыстық мемлекеттік мекемелермен бірлесе отырып өтініштердің орындалуын жүзеге асырады. Сондайақ, бірыңғай диспетчерлік қызмет сумен жабдықтау, қоғамдық даму, жол инфрақұрылымы, қаланы электр қуатымен жабдықтау, құдықтар мен люктер, өндірістік жұмыстардан кейін қалпына келтіру жұмыстары, аула аумағын абаттандыру, қоғамдық көлік, көшені жарықтандыру және білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй жөндеу жұмыстары, аудан тұрғындарының тұрмыс тіршілігін қамтамасыз ету бойынша барлық сала түрлері жіктеліп жүйеге енгізілген.
– Қазіргі таңда жүйеге қосымша мәртебелер енгізіліп, жауапты мекемелердің өтініші бойынша жасалған жұмыстарын көрсете білулеріне ыңғайландырылды. Облыс бойынша жүйенің басқару панеліне мекемелер туралы ақпараттар енгізіліп, жауапты мамандар тағайындалды. Панель қызметіне қосымша мәртебелер енгізіліп, пысықталды. Өз кезегінде атқарылған тиімді жұмыстардың оң нәтижесінде «Jambyl 109» қызметі облыстың кез келген нүктесінен өтініштерді қабылдауға қол жеткізді. Аймақ бойынша «Jambyl 109» бірыңғай коммуналдық диспетчерлік қызметі құрылған сәттен бастап 269 585 өтініш қабылдады. Оның ішінде, алғашқы жылы тұрғындардан 8 623 өтініш түсіп, күніне 50-80 қоңырау қабылданды. Бұл көрсеткіш COVID-19 жедел штабы кезеңінде он есеге артып, күніне 500-700 қоңырау түсіп отырды. Пандемияға байланысты жарияланған карантин кезінде «Jambyl 109» қызметі 24/7 режимінде демалыссыз халыққа қызмет етті. Өтініштердің басым көпшілігі Call-орталыққа хабарласу арқылы іске асты. Ол арқылы 69 790 қоңырау қабылданды. Сонымен қатар, «WhatsApp» мессенджері, «Instagram», «AIKEY» мобильді қосымшасы, «Facebook» және «Telegram» чат боты арқылы өтініштер қабылданды, – дейді «Jambyl 109» бірыңғай диспетчерлік қызметінің басшысы Бақкелді Далабаев.
Диспетчерлік қызмет басшысының мәліметіне сүйенсек, аймақтар бойынша ең көп өтініш Тараз қаласынан түскен. Мұндағы қызметке жүгінген тұрғындар саны 70 мыңнан асып түседі. Бұдан кейінгі кезекте қалаға жақын орналасқан Жамбыл, Байзақ аудандары жайғасқан. Тізім соңын шалғайдағы Мойынқұм ауданы түйіндеген. Өтініш берушілердің басым көпшілігі лифт қызметі, қоғамдық көлік, жол инфрақұрылымы, көше жарығы, сумен қамтамасыз ету, ветеринариялық қызмет, жарықпен қамтамасыз ету мәселелерімен жүгінген. Халықтың өтінішімен биліктегілерді құлағдар еткен жүйенің жетістігі де жоқ емес. Өтініштердің орындалу барысы бойынша тиісті органдарға сурет пен бейнежазба тіркемелер міндеттеліп, тұрғындарға атқарылып жатқан жұмыс сапасын көрсету мақсатында әлеуметтік желілерде «дейін/ кейін» айдары жүзеге асып келеді. Атқарушы органдарды халықпен байланыстыратын берік көпірге айналуды мақсат тұтқан «Jambyl 109» қызметі құрылған жылы 69 мекемемен байланыс орнатқан болса, бүгінде 320 мекемемен тығыз жұмыс істейді.
БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ – БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ
Ал, білім беру саласында облыста 2022 жылы «Ата-ана бақылауы» пилоттық жобасы іске қосылды. Жоба аясында мектептерде орналастырылған турникеттер арқылы биометриялық (FaceID) жеке параметрлерді пайдалану мүмкіндігі пайда болды. Сонымен бірге мектеп асханасындағы түскі ас пен қоғамдық көлікте жүру үшін пайдаланылатын Tulparcard арқылы төлеу жүйесі енгізілген. Бұдан бөлек, ата-аналарға баланың автобустан шығып, мектепке кіріп, асханада төлеп, үйіне оралғаны туралы хабарлауға мүмкіндік беретін мобильді қосымша әзірленген. Бұл бағытта жақында ғана өткен «Білім берудегі цифрлық инновациялар» тақырыбындағы педагогтердің дәстүрлі тамыз кеңесінде өңір басшысы да балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жаңа технологиялардың маңыздылығын айтып өткен болатын.
– Биыл облыстағы білім беру нысандарының қауіпсіздігіне 1,4 миллиард теңге бөлінді. Барлық білім ұялары 100 пайыз бейнебақылау камераларымен қамтылды. Қазіргі таңда аналогтық бейнекамераларды цифрлық бейнекамераға ауыстыру жұмыстары қатар жүруде. 594 білім беру ұйымының 68,4 пайызы интеграцияланған, 80,5 пайызы дабыл түймесімен жабдықталған. Бұдан бөлек, 75,5 пайызы мамандандырылған күзет және турникетпен қамтамасыз етілген. Балаға сапалы білім, мықты тәрбие беру негізгі ұстанымға айналуы тиіс. Бұл тұрғыда ата-ана мен педагог қауымға артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр. Ал, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек ұстаздың ғана емес, баршамыздың парызымыз, – деген болатын облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы.
Айта кетейік, цифрландыру игіліктері нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс саны биыл өткен жылмен салыстырғанда 18,2 пайызға төмендеген.
ҚАЛДЫҚТАРДЫҢ ОНЛАЙН КАРТАСЫ
Облыста стихиялық полигондарды уақтылы анықтау және жою жөніндегі шаралардың үнемі жетілдіруді талап ететіндігі жасырын емес. Бұл бағытта облыстық прокуратура облыс әкімдігімен бірлесе отырып, жеделхат-бот пен өңірлік геоақпараттық жүйені пайдалану арқылы «Қалдықтардың онлайн-картасы» цифрлық жобасын енгізген болатын. Жоба арқылы қатты тұрмыстық қалдықтардың айналымы саласындағы бақылау процесін, оның ішінде полигондар мен келіп түскен сигналдар бойынша халықтың хабарламаларын қабылдау және өңдеу тәртібін автоматтандыруға болады. Полиция органдары, жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелері халықтың өтініші бойынша бейберекет қоқыстарды жою, сондай-ақ, құқық бұзушыларды белгіленген жауапкершілікке тарту жөнінде шаралар қолданады. Осы мақсатта халыққа ыңғайлы болу үшін қаланың қолжетімді жерлерінде тиісті QR кодтар орналастырылып, жеделхат-ботқа жүгіну тәртібі бойынша бейнесабақ дайындалған.
Е-JAMBYL.KZ
Тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық саласы да соңғы жылдары цифлық даму нәтижесінде біршама жетістіктерге қол жеткізді. «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде 2022 жылы Тараз қаласы бойынша бірқатар қызметтер автоматтандырылып, е-jambyl.kz арнайы платформасына топтастырылды. Енгізілген сервис қала тұрғындарына кеңес алуға және көптеген коммуналдық қызметтер бойынша бір жерде, ұйымдарға бармай-ақ өтінім беруге және үйден шықпай-ақ шарт жасасуға мүмкіндік береді. Бұған жылу және электр энергиясымен жабдықтау, сумен жабдықтау және қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша қызметтер көрсетуге шарт жасасу кіреді. Cондай-ақ, Тараздың қоғамдық көліктерінде электрондық билеттеу жүйесі енгізілген болатын. Сол бойынша автобустарда стационарлық терминалдар орнатылып, жүргізушілер мен кондукторларға мобильді терминалдар берілген. 2022 жылдың басынан бастап бүгінгі күні «TulparCard» билеттеу жүйесі бойынша 14 миллион 758 мыңнан астам сапар жасалып, жалпы санының 98 пайызын құраған.
ТЕХНОЛОГИЯЛАР – ТІЛ САЯСАТЫНДА
Цифрландыру тілдерді үйрену процесіне айтарлықтай әсер етіп келеді. Қазіргі таңда кез келген жерде оқуға болатын көптеген онлайн курстар, бейне сабақтар, тіл үйренуге арналған қолданбалар саны артқан. Бүгінде облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолға алған тағы бір бастамасы – мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтауға тестілеу. Бұл бойынша мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін білу деңгейін анықтау үшін азаматтардың «Қазтест» жүйесінде өзара іс-қимыл жасау процесі дағдыларының сапасын бағалау мәселесі ашық түрде өтеді. Өткен жылы жүйе арқылы 1839 адам тест тапсырған. оның 316-сы аттестациялық тестілеуден өткен болса, 1523-і диагностикалық тестілеу жүйесін пайдаланды. Соның нәтижесінде «В2» талап етілетін деңгейде мемлекеттік тілді меңгерген мемлекеттік қызметшілердің үлесі 62,5 пайызды құраған, ал «С1» деңгейінде мемлекеттік қызметшілердің 55 пайызы тілді меңгереді. Бұдан бөлек, басқарма тарапынан бүгінде «Сауаттылық уақыты», «Мен қазақша сөйлеймін», «Termindi bil», «Til bailyq» секілді онлайн жобалардың жұмысы жалғасуда.
ЖАҢАШЫЛДЫҚ ЖАСТАРДАН БАСТАЛАДЫ
Бұдан бөлек, облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасы полиция департаментімен, көлік және автомобиль жолдары басқармасымен бірлесіп «Сергек» жүйесін енгізгені белгілі. Басқарма басшысы Руслан Ноқрабековтың сөзінше, Батыс Еуропа-Батыс Қытай трассасының біздің облыстағы бірнеше нүктелерінде байланыс бағаналарының құрылысы жүргізілуде. Ал, жастарды қолдау мақсатында облыс орталығында Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институты жанындағы бағдарламалау мектебі жұмыс істейді. Мұнда IT-технологияларды оқушылармен қатар барлық жастағы ересектер де оқи алады. Сонымен бірге облыс жастары «Тәуелсіздік ұрпақтары» республикалық байқауына қатысу арқылы инновациялық технологияларды дамыту бойынша грант иегерлері атана алады.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді