Т.Рысқұлов ауданының Луговой ауылында тұратын жеке кәсіпкердің иелігінде қазір мейрамхана, техникалық жөндеу орталығы, жанармай құю бекеті, автобөлшектер дүкені және қонақ үй мен бассейн, монша бар. Ол өз кәсіпкерлігімен отбасын асыраумен қатар, бірнеше азаматты жұмыспен қамтамасыз етіп, ел экономикасына үлес қосып жүр.
Наурызбек Жұмабайұлының иелігіндегі ғимараттан жалға орын алып, өз кәсібін жүргізіп жүргендер де бар. Бүгінде ауылдың 20 тұрғыны дәл осылай жалға орын алып, өз табыстарын тауып отыр.
– Жеке кәсіпкерлікті ең алғаш Бішкектен шоколад әкеліп сатудан бастаған едім. Ол кезде ұлттық валютамыз енді шыққан уақыт, өте құнды еді. Сол жылы 4 сиырым бар болатын. Жұмыс орындары қысқарып, мекемелер жұмысшыларына айлық төлей алмай қалған кез. Бала-шағаны бағу үшін не істесем екен деген оймен қолда бар 4 сиырымды сатып жеке кәсіп бастауға бел будым. Көп адамдар саудаға кетіп жатты ғой, мен де саудада бағымды сынамақ болдым. Сонда 4 сиырым небары мың-ақ теңге болды. Сол мың теңгеммен Бішкектен шоколадтар әкеліп, осы ауылдың орталығындағы шағын базарда саудаладым. Әйтеуір, мың теңгем екі мың теңге болды, бәрі де содан басталды. Білесіздер, Луговой – тоғыз жолдың торабы, бұл станциядан өтпейтін поезд жоқ шығар, сірә. Ары-бері өткен жолаушылардың әр елдің валютасын іздейтіні анық. Осыны ойлап, валюта айырбастау ісін қолға алдым. Теміржол вокзалында жүріп, ақша айырбастадық. Осылай да табыстың басы құралды. Оны жоғалтып алмау үшін жанармай құю бекетін сатып алдым. Істің көзін тапсаң, жұмыс өзі алға баса береді. Кейін кәсіпкерлігімізді кеңейтіп, тойхана салдық. «Наурыз» мейрамханасында талай ауылдастар қуаныштарын атап өтті, – дейді Наурыз Жұмабайұлы.
Кәсіп алға басу үшін нарықтағы жағдайды бақылап, халықтың сұранысын зерттеген жөн. Осыны ескерген Наурыз Шуақбаев ауылдастарының автокөліктерін жөндету үшін аудан орталығына, қала берсе қалаға барып, әуреге түсетінін байқайды. Луговой ауылынан техникалық жөндеу орталығын ашқан ол автобөлшектерге де сұраныс көбін аңғарады. Сөйтіп, оның кәсіпкерлігінің аясын автобөлшектер дүкені толықтырады.
– Луговой ауыл аталғанымен 10 мыңнан аса халқы бар, үлкен аумақ. Әрі Бішкектен арзан тауар алып, алысқа алып кететін саудагерлер поезд уақытынан ерте келіп, түнейтін жер іздейді. Одан да басқа жұмыс барысымен қонақ болып келетіндер кездеседі. Осыған көз жеткізіп, 2013 жылы қонақ үй аштық. Кейін байқасақ, жаздың ыстық күнінде шомылатын демалыс орнын іздейтіндер көп болады екен. Әсіресе, жастар, балалар жаз келсе, шомылуға асығып тұрады. Нарықтың сұранысынан қалыс қалмай, бассейн салып, жазғы демалыс орнын іске қостық. Енді бассейн тек жазда ғана емес, жылдың төрт мезгілінде де жұмыс істейтіндей етіп, жабық түрін салсақ дейміз. Қасынан монша салып, демалушыларға барлық жағдай жасалған сауықтыру-тынығу орталығын ашсақ деген ойымыз бар. Бірақ, ондай үлкен іс бастау үшін де қомақты қаржы керек. Қазір несиенің пайызы жоғары, сол себепті ойымызды бірден іске асыруға қол қысқа болып тұр. Дегенмен, жұмысшылардың айлығын уақтылы беріп тұрмыз, – дейді кәсіпкер.
Қайырымдылық іс-шараларына қатысып жүрген кәсіпкерден бұл туралы да сұрадық. Бірақ, ол «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген, біреуге жасаған жақсылығыңды айтсаң, сауабынан айырыласың, ондайды мақтаныш үшін жасамайсың ғой», деді. Жөн. Бірақ, естуімізше, «Мектепке жол» акцияларына үлес қосып келеді. Ол көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуды әуелі жақындардан, таныстардан бастағанды дұрыс көреді. «Себебі, хақ дініміз Исламда солай делінген», дейді ол.
– Табыстың кілті – табандылық пен қайсарлықта. Көздеген мақсатыңа жеткенше ешбір кедергіден қорықпай, алға басып, күресе білу керек. Көп адамды жолдан тайдырып, мақсатына жетуге кедергі болатын – әлсіздік. Әлсіздікке бой ұрған адам нансыз қалады деген сөз. Басқаларға қиянат жасамай, ісі таза болса, тапқаны өзіне берекелі бұйырады. Табысың аз болсын, мейлі көп болсын, бәрі де берекеде. Адал адамға Жаратушы Иеміз де жақ. Адамгершілікті берік ұстанып, жалған сөйлеуден аулақ болған дұрыс. Себебі, өтірік алға бастырмайды, – дейді Наурыз Шуақбаев.
Рас, адалдықты тек кәсіп қана емес, өмірдің өзі де сүйеді. Таза жүрген адамның әрдайым жолы болып, кедергілерден шығар жол табылатынын күнделікті көріп те жүрміз. Ауылына ізгі ісімен шуағын шашқан Наурыз Шуақбаев сондай жан.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Т.Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді