Әке деген асқақ аты адамның...

Әке деген асқақ аты адамның...
Ашық дереккөз
Ұлттың рухани қазынасының түп тамыры – отбасылық құндылықтардан бастау алатыны ақиқат. Отбасы – кімнің де болсын дүниеге келіп, өсіп, қанаттанып ұшатын алтын ұясы. Өмірдегі мейірімділік, адалдық, адамгершілік пен тектілік секілді асыл қасиеттерді ұрпақ санасына қалыптастыратын ардақты әкелер, аяулы аналар мен ұлағатты аталар және әжелер. Ананың ақ сүті мен әкенің адал күшін ақтау – әрбір саналы ұрпақтың басты борышы және міндеті. Ата-анаға не істесең, алдыңнан сол шығады. Себебі, дүние алма-кезек деп бекер айтылмайды. Ата-анаға деген құрметті ертең балаларыңнан күтесің. Ата-ана мен баланың арасындағы осы ұстаным мүмкіндігінше сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа берілуі керек. Қазіргі жаһандану дәуірінде осы бір игі дәстүрге жағымсыз қоспалардың енуі жасырын емес. Сондықтан дәстүрлі отбасылық құндылықтарды барынша сақтауға ұрпақты бейімдеу, ең алдымен, ата-ананың, қоғам мен мемлекеттің басты міндеті екенін ешқашан ұмытпағанымыз жөн. «Не ексең, соны орасың» деу бекер емес қой.

Ұлы даланы мекен еткен ата-бабалар тарихына терең бойласақ, ұлтымыздың бойында отбасылық құндылықтарға, ата-анаға деген ерекше құрметті көреміз. Мәңгілік елдің мұраттарын тасқа қашап қалдырған Күлтегін жазбасында: «Әкем Елтеріс қағанды, шешем Елбілге ананы Тәңірі төбесіне ұстап, жоғары көтерген екен» деген сөздердің жазылуы осыны айғақтайды. Түркілер дәуірінде бабаларымыздың Тәңірден кейін Ұмай анаға табынуы осы ойымызды толықтыра түседі. Сондықтан қай кезеңде болмасын, әсіресе бүгінгі жаңа, әділетті Қазақстан құруды мақсат еткен мемлекет тарапынан халқымызға жасалынатын қамқорлықтың бастысы – отбасының рухани-әлеуметтік құндылықтарын барынша нығайтуға арналған іс-шаралар болуы керек. Отбасы мен балалықты қорғау, жастарға лайықты тәрбие беру мемлекеттік саясаттың басты ұстанымы әрі алтын діңгегіне айналғаны дұрыс.

Тәрбиенің бастауы, негізгі қайнар көзі – отбасы. Отбасы ағаш іспетті. Әке – діңі, ана – тамыры, ал бұталар – балалары. Тамыр мен діңгексіз бұталар да болмайды. Мықты отбасыны жайқалған ағаш секілді елестетуге болады. Осы тұрғыдан келсек, отбасында бала тәрбиесінің маңыздылығы үлкен рөл атқарады. Сол отбасы деген шағын мемлекеттің тірегі, балаларының қорғаны – әке. Қазақ даналығында әкенің орнын «асқар тауға» балап, «әке көрген – оқ жонар», «әкелі бала – жаужүрек, әкесіз бала – сужүрек» деп әкенің бала өмірінен алатын орнын көрсетеді. Сонымен қатар, халқымызда «Әкесі қой баға білмегеннің, баласы қозы баға білмейді», «Баласы жаман болса, әкесін түйе үстінен ит қабар» деген өмір көшімен ілесіп бізге жеткен, өз мәнін жоймай, тәрбиелік қуатын өз бойына жинақтаған ұлағатты сөздер көптеп кездеседі. Шыны керек, түрлі кезеңдерде бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі әртүрлі сипатта көрінеді. Сондай-ақ, бабаларымыз «жақсы әкенің абыройы жаман ұлды қырық жыл асырайды» дегенді көп айтқан. Яғни еліне, жұртына, ағайын-туғанға, отбасына қайыр жасап, әділеттің ақ туын жықпаған, тиісті кезде кемел шешім айтқан, қоғамға жаққан, адамгершілік қасиеті мығым, ең бастысы, ақ пен қараны, жау мен досты айыра білетін адамды жалпақ жұрт сыйлайтыны белгілі. Ендеше, осындай әкенің ұрпағы болу бір бақыт емес пе?!

Дәстүрлі отбасылық тәрбие берудегі құндылықтардың қаншалықты тиімді болуы әрбір отбасының өз ұрпағына деген ұстанымымен анықталатындығы ақиқат. Нәтижесінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларында балалары мен немерелеріне беретін тәрбиесі, көрсететін үлгі-өнегесі тұрмыстары әлдеқайда жақсы отбасыларына қарағанда жоғары болатындығын өмірден көп көруге болады. Ата-анаға деген ерекше сый-құрметтің кей жағдайларда осындай отбасыларынан көбірек шығатындығын ағайын-туыс, ауылдастар арасынан көріп өстік. Сондықтан отбасылық тәрбиенің оң не теріс нәтижелер беруін отбасының әлеуметтік жағдайымен ғана байланыстырып көрсету дұрыс емес. Әрбір ата-ана балаға деген сүйіспеншілігін, мейірімділігін адалдыққа, еңбекқорлық және бауырмашылдыққа бейімдеу арқылы бергені абзал. Мен және бауырларым әке-шешеміз тарапынан мұндай ұстанымдарды жас кезімізден көріп, сезіп өстік. Соның нәтижесі шығар, әрқайсысы өмірде бұйырған өз жолдарын тапты.

Әкеміз Бегәділ Әбдуәліұлы 1924 жылы өмірге келген. Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері. Жас кезінде, яғни колхоздастыру, байлар мен діндар адамдарға қарсы аяусыз соғысқан кеңес үкіметінің озбыр саясаты салдарынан жоқшылықты ерте көріп, біраз уақыт балалар үйінде тәрбиеленген. Негізінен әжеміз Алмакүл, әкеміз Бегәділді, әпкем Рахима мен ағамыз Балмаханды өткен ғасырдың 20-40 жылдары көптеген қиындықтарға қарамай өзі өсірген. Атамыз Әбдуәлі дәулетті әрі діндәр адам болғандықтан кеңес үкіметі тарапынан қудалауға ұшырап, елден қашуына тура келген.

Колхоздастыру барысында қудалауға ұшыраған атамыз Әбдуәлі отбасын тастауға мәжбүр болып, көршілес елдердің біріне, апам Алмакүлдің айтуынша, Шаш (Ташкент) жағына кеткен көрінеді. Күн көру қиындығы, әрі жас балаларды аман алып қалу үшін апамның ағасы Данғыл өзінің де баласы Әйешті (әкемізден 4-5 жас үлкен) қосып, әкем мен әпкемді Әулиеатадағы сахпоселоктағы балалар үйіне өткізіпті. Балалар үйінде әкем шамамен 4-5 жыл тәрбиеленген, сауаттарын сол жерде ашып, ең бастысы, аштықтан аман қалған. Апам балаларына жақын болу үшін Әулиеатадағы қант зауытының барактарының құрылысында әртүрлі қара жұмыстарды атқарған. Қазіргі кезде қаңғалақтай, талдырмаш денелі апамның сондай ауыр жұмыстарды қалай атқарғандығына таңғалам. Апам жас кезінде балаларының келешегі үшін осындай қиындықтарға мойымай, әйтеуір аман-есен өсуіне қолынан келгенін аямаған. 30-жылдардың соңына қарай, (шамамен 38-жылдың соңы болар) саяси ахуал бәсеңдеген кезде, қуғында жүрген атамыз Әбдуәлі елге қайтқан. Алдымен апамды төркінінен, одан кейін баласы мен қызын балалар үйінен алып, қазіргі Байзақ (бұрынғы Свердлов) ауданындағы Дихан ауылына келген. Сол жылдары атамыз бен апамыздың соққан қоржын тамы өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін тұрды. Өзім сол үйде өстім. Әкем атамнан ерте айырылса да, өмірдің қиындықтарына мойымай, жақсы білім алуға ұмтылған. Әкемнен қалған құжаттар ішінен 1942 жылы 25 мамырда Свердлов ауданы (қазіргі Байзақ) Ново-Ивановка орталау мектебін бітірген куәлігінен және 1960 жылы 2 шілдеде ҚазССР мелиорация және су шаруашылығы министрлігінің Алматы Гидромелиоративтік техникумын бітірген дипломының қосымшасында негізінен оқыған пәндерін үздік бітіргендігін көруге болады. Әкем жоғары білім алмаса да өте сауатты, көзі ашық кісі болған.

Әкем 18 жасында Ұлы Отан соғысына 1942 жылы шақырылған. 1945 жылы Кенигсберг (қазіргі Калининград) түбінде аяғынан жараланып, елге қайтарылған. Кейін әскери архивтерден бір ғана болған шайқасқа байланысты берілген «Наградной листтен» әкеміздің Батыс майданында 566-шы атқыштар полкінде аға сержант дәрежесінде Гродно қаласы үшін болған шайқаста танкілерге қарсы ататын қондырғыдан жаудың солдаттары мен офицерлері мінген автомашинаны жойғаны, жеке өзі үш неміс әскерін тұтқынға алғаны үшін (23.07.1944 жылы) полк командирі полковник Позняковтың «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынған құжатты таптық. Соғыста көрсеткен басқа да ерліктері үшін 2-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған. Әкемізден қалған бұдан басқа бірнеше орден, медальдарын көргенбіз. Көшіп-қонып жүргенде жоғалған сияқты. Жас кезімізде соғыс туралы айтқан талай ерліктерін өз аузынан естігенбіз. Бізге кейде айтқандары кинодағыдай көрінуші еді. Өкініштісі, соның бәрін жазып алуды білмедік.

Әкемізге тағдырдың сыйлаған өзіндік ғұмыры болды. Әкем өмір сүрген кезең тек қазақ қоғамында ғана емес, жалпы кеңес дәуірінде аумалы-төкпелі заман еді. Ашаршылық, қайта құру, соғыс секілді ауыр кезеңді бастан кешіріп, еліміздің егемендігін алу тәрізді тарихи оқиғаның куәсі болды. Қаршадайынан еңбекке араласқан әкем сұрапыл соғысты өткеріп, кейін білікті маман ретінде бірқатар мекемелерде бухгалтер-экономист болып қызмет атқарған. Әкемнің көзін көргендердің айтуынша, өзі есеп-қисапқа жүйрік, көзі ашық, сауатты, ісіне берік, адал, жауапты, салмақты ой мен салиқалы пікірге ие адам болған екен. Өткен ғасырдың 60-90 жылдары аралығында Жамбыл облысының бірқатар аудандарында, соның ішінде Жуалы ауданындағы Казанка ауылының МТС-інде, Жамбыл ауданы, Пионер совхозында, Байзақ ауданы, А.Суханбаев, Киров пен Фрунзе колхоздарында, Свердлов ауданының ауыл шаруашылығы басқармасында ұзақ жылдар бойы бухгалтер-экономист болып жұмыс жасаған. Осы қызметін тіпті зейнетке шыққаннан кейін де жалғастырған. 1994 жылы 70 жасында кенеттен өмірден озды.

Әкеміз Бегәділ мен шешеміз Оразкүл 1948 жылы отбасын құрып, 10 бала (4 ұл, 6 қыз) тәрбиелеп, бәріне жоғары білім берген өнегелі отбасы болған кісілер. Сол үшін де ағайын-туыс, ауылдастар әкеміз бен шешемізді қадірлеп, өзгелерге үлгі-өнеге етіп отыратын. 50-60 жылдары елдің, әсіресе ауылдың жағдайы, халықтың тұрмыс-тіршілігі қиындау кезең еді ғой. Соған қарамастан әке-шешеміз балаларын қолдарынан келгенше, жағдайлары көтергенше өсірді, дұрыс тәрбие берді. Әкеміз марқұм ерте кезде балалар үйінде тәрбиеленіп, жастайынан Ұлы Отан соғысына қатысқандықтан болар, мінезі тік, турашыл әрі әділ, кей жағдайда қаталдау еді. Содан болар бәріміз сабағымызды жақсы оқып, ерте еңбекке дағдыланып, үйдің, колхоздың жұмыстарына араластық. Оның пайдасын өсе келе жақсы түсіндік.

Әкем таңнан қара кешке дейін уақытпен санаспай еңбек ете жүріп, балаларының сабақ үлгерімін аптасына бір рет ерінбей тексеріп, кемшіліктеріне қарай кеңесін, ескертулерін беретін. Сондай-ақ ересек балаларына диктант жаздырып, есептер шығартатын. Әкем біздің оқушы, студент кезімізде жазған кейбір конспект, хаттарымыздан бірлі-жарым қатемізді тауып, кейде ұялтып отырушы еді. Балаларының оқудағы үздік көрсеткіштеріне қарай қолдау көрсететін. Сол кезде қалада өтетін мерекелік іс-шараларға, соның ішінде 1 мамыр мен 7 қарашадағы парадтарға апаратын. Бұл балалар үшін үлкен мотивация еді.

Әр көктемде әкеміз қа ладан жеміс ағаштарының көшеттерін әкеліп, әр баласына жеке-жеке атап отырғыздыратын. Нәтижесінде Дихан ауылындағы үйдің төңірегінде үлкен бақ пайда болды. Сол бақтың жемісін біздің балаларымыз да көрді.

Баланың өмір сүру қалпында әкесінің ықпалы мол. Ұрпақты тәрбиелеу, олардың дүниеге дұрыс көзқарасын қалыптастыру және адамды құрметтеуді үйрету – әкелердің міндеті. Балаға үлкен тұлға ретінде қарап, талаптарын ашып, дамуына көмектесу – әкенің парызы. Менің бала кезімде әкемнің қызметі көбінесе сыртта болған. Оған қоса қазақы отбасында тұңғыш перзентті ата-әжесінің бауырына басу дәстүрі бар екені мәлім. Апамның қолында өссем де, әкем қым-қуат тіршілік ішінде бос уақыт тауып, мені ілестіріп көкпарға апарып, ат жарыстарын көрсететін. Сонымен қатар, жаздың жайма шуақ күндері Сеңгірбай көліне апарып, суда жүзуді үйреткен. Әкем мені арқасына салып көлдің жағалауынан алыстап барып суға аунатып жіберетін. Мен осыдан кейін суға қанша қақалып-шашалсам да, әйтеуір малтуды үйрендім. Бүгінде ойлап қарасам, осындай әрекеттердің бәрі әкемнің тарапынан ер балаға қажетті дағдыларды қалыптастыру екен. «Балаға көбіне үш алуан түрлі мінез жұғады: біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстаздан, үшіншісі – құрбысынан», – деп ұлы Абай айтқандай, отбасындағы ата мен анадан көрген-білгені, түйгені, дүниеге деген көзқарастары мен талғамдары қанаты енді қатайып келе жатқан балаға үлгі-өнеге болары анық.

Біздің отбасында 10 бала. Өз ісіне жауапты, ұқыпты, жинақы, еңбекқор әкем бізге барынша қамқор, тіреу бола білді. Балаларының білім алып, сауатты әрі білікті маман болуын қалады. Болашақтың кілті – білімде екенін ұққан әкем біздің оқығанымызды қалап, сол жолда тынбай еңбек етті. Жалпы 60-70 жылдары ауылдан институтқа оқуға түсу, қазіргі кезде «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерде оқумен бірдей десем артық болмас. Сол жылдары ауылда барлық балалары жоғары оқу орнында білім алған бірден-бір отбасы біздікі еді. Бұл ауылдағы көпбалалы үйде сирек болатын құбылыс. Әкем марқұм достары, ауылдастары мен туыстарының арасында осыны мақтаныш, үлгі ретінде айтып отырушы еді.

Аллаға шүкір, әкемнен тараған ұрпақ бүгінде бір қауым елміз. «Жақсы адам – жайқалған мәуелі бақ секілді» демекші, әкемнің отбасылық дәстүрде бізге берген тәрбиесі өз сабақтастығымен жалғасып жатыр. Қазірде әкемнің ұлдары мен қыздарынан тараған 100- ден асқан ұрпағы мемлекеттік және білім мен денсаулық салаларында қызмет жасап, өз кәсібін ашып, бизнеспен айналысып, тәуелсіз еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосып жүр. Бұл әкеміздің ұрпағына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі. Есті естеліктерімнің ішіндегі алыстан қол бұлғап тұратын әкемнің жарқын бейнесі мәңгі есімде. Өмірімдегі кездесу мен қоштасулардың бәрі – кездейсоқ емес, менің әкем – менің тағдырыма берілген бақ. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмас» дегендей, бүгінде қанша ғалым, шенді азамат, беделді кәсіпкер, білікті маман болсақ та, әкеміздің салиқалы сөзі мен іс-әрекеті – ұрпағының бойындағы игі қасиеттердің қайнар бұлағы.

Бүгінгі таңда ұлтымыз үшін өзекті мәселенің бірі ұрпақтар сабақтастығының өзегін жоғалтпау. Себебі, бұл арқылы ұрпақтың бойына тектіліктің тамыр тартатыны шындық. Әке – дүниеге алғашқы қадам жасап, өмір сүруге ұмтылған әр перзент үшін адамға өзінің биік жауапкершілігін сезіндіретін ең ыстық, аса қымбат тұлға. Ал, әкелік – ұрпақтар сабақтастығының ұлы міндетін терең сезіндіретін қасиет. Сондықтан да әр әке ұрпағының алдындағы жауапкершілігін дұрыс түсініп, оның тәрбиесін ұқтыра білгені жөн. Халқымыздың «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген сөзінде отбасындағы әке мен ананың рөлі айқын көрініс тапқан. Әкені асқар тауға теңеуінде үлкен мән жатыр. Яғни, бала тау қопарар тәуекелді, батылдық пен өрлікті, асқақтықты, ата кәсіпті әкенің болмысынан, даналық пен мейірімділікті шешенің ыстық ықыласы мен аялы алақанынан бойына сіңіріп өсетіні ақиқат. Сондықтан халық даналығында: «Қызың есті, ұлың сесті болсын» деуі тегін айтылмаса керек.

Шығыстың ұлы ғұламасы әл-Фараби тәрбиесіз берілген білімнің адамзаттың қас жауы екенін айтқан. Бала тәрбиесі – ең алдымен, ата-ананың міндеті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та ұлт ұрпағы тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу керектігін үнемі айтады. «...Ата-аналар баланы мемлекет, Үкімет не қоғам үшін емес, ең алдымен, өзі үшін дүниеге әкеледі. Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс...», – деп ұрпақ бойындағы жаман әдеттерге ең алдымен үлкендердің кінәсі бар екенін көрсете отырып: «Өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе. Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады. Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек», – деп бүкіл ұлт ұрпағының бойына қажет тәлімді айта отырып, оның бастауы – отбасы екенін ұғындырады.

 

Асқар АБДУАЛЫ,

тарих ғылымдарының докторы,

профессор,

Жамбыл облысы және

Байзақ ауданының

Құрметті азаматы

Ұқсас жаңалықтар