«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Алқапты алма баққа айналдырған кәсіпкер

Алқапты алма баққа айналдырған кәсіпкер
Ашық дереккөз
Бала кезде Алматының даңқын асырған апорт алмасын ата-анамыз дүкеннен сатып әкелуші еді. Дәмі тіл үйіретін кеседей алманы тауыса алмай, іні-қарындастарымызбен бөлісе жеуші едік. Бүгінгі күні апорт нарықтан жоғалған. Өйткені, Алматының апорт алмасын өсіретін бақтары жекешелендіріліп, ағаштары оталып, орнына құрылыс нысандары бой көтерген. Орнын жаңартып, көшет отырғызып жатқан пенде жоқ.

Сонау өткен ғасырдың 70-ші жылдарындағы санақ бойынша елімізде 3851193 түп апорт ағашы болса, соның 80 пайызы, яғни 3036346 түп Алматы өңірінде өсiрiлген екен. Бұдан кейiнгi санақтар көңiлге кiрбiң ұялатады. Мәселен, 1984 жылы елімізде 1965795 түп апорт алма ағашы қалған болса, Алматыда оның 1418988-i қалып, тең жартысынан астамы оталып кеткен. Ал қазіргі жағдайы тым ауыр. Ал біздің өңірдегі кеңшарлардың қарауында болған мыңдаған гектар алма бақтары бертінде түгелге жуық жойылып кетті. Тек алма ағаштарын отырғызуға екі мыңыншы жылдары қайта көңіл бөлінген тұста ғана сең қозғалды. Аймақта 2015 жылы отырғызыла бастаған бақтардың көлемі 1145 гектарға жетіп, облыстағы бақтар бүгінгі таңда 3456 гектарды құрап отыр. Бұл әлі де аз. Екі жыл бұрын Байзақ ауданындағы «Тараз оңтүстік бау-бақшалары» кооперативі 145 гектарға, Қордай ауданындағы «Азия сад» серіктестігі 70 гектарға интенсивті алма бағын отырғызған. Ал Жуалы ауданында «Әділет» шаруа қожалығы 2000 жылдан бері айналысып келеді.

– Алма өсірумен айналысып келе жатқаныма 24 жылдан асты. Тұңғыш Президентіміздің «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған. Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналады. Дәл осы тұқым ең көп таралған жемісті әлемге тарту етті», – деп айтып өтті. Мұның астарында да талай әңгіме жатыр. Алма туралы, алманың тарихы жайында аз жазылып жүрген жоқ. Десе де бұл тақырып менің ойымдағыны қозғап кетті. Ол менің осы алма түрін өсіруге деген қызығушылығымды тудырды, – дейді «Әділет» шаруа қожалығының жетекшісі Бесбай Қансейітұлы.

«Қазіргі таңда шаруа қожалық 50 гектар алқапқа алма бауын отырғызған. «Бұл қадамға бізді итермелеген Ұлт жоспары – «100 нақты қадамның» 35-қадамындағы ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатында оларды нарықтық айналымға енгізу туралы бағыты болатын. Жерді тиімді пайдалану бүгінгі таңда айтарлықтай маңызға ие. Әрі бұл өз кезегінде өңірлерді дамытуға ықпал етіп, экономикалық өсімге жол ашады. Т.Дүйсебайұлы елдімекені қасындағы егістік алқабына апорт алмасының сегіз сортын отырғыздым. Сөйтіп мемлекеттің қолдауы арқасында елдімекен іргесіндегі егістік алқабын жайқалған алма бағына айналдырдым. 2014 жылы бақтың ішіндегі қураған, ескірген алмаларды түбімен жұлып, орнына Меркі ауданынан апорт алмасының жаңа будандастырылған сорттарын әкеліп орналастырдым. Енді еліміздің даңқын асырған апорт алмасының көшеттерін тағы да үш-төрт гектарға отырғызуды жоспарлап жүрміз. Қазір шаруа қожалықта ұлдарым, бауырларым жұмыс істеуде. Қожалық он адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр», – дейді ол.

Апорт – алманың ірі әрі құнды түрі. Ол таулы жерде ғана өседі. Оның қабығы тығыз, сары немесе жасыл-сары қызыл-қоңыр мөрімен болады, ішкі жағы (еті) сусымалылығымен, нәзік дәмімен ерекшеленеді. Апорт – кеш пісетін түрге жатады, қыркүйек айларында ғана пісіп жетіледі. Кеш піскендіктен қыста жақсы сақталады. Жайында апортты Тараз қаласында өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінен көзіміз шалып қалып жүр. Бірақ өте аз көлемде.

Алма ағашына қажетті мәлімет іздеп отырып, марқұм, Ұлттық ғылым академиясының академигі, биолог-ғалым Аймақ Жанғалиевтың апорт алмасы туралы жазғанын көзім шалып қалғаным бар еді. Ол «Біздің жерімізде жабайы алманың 131 тұқымы бар, барлық алма түрі біздің жерден ғана тараған. Мынаған көңіл бөлу керек: Оксфорд университетінен келген ғалымдар бізбен бірге бір жыл жұмыс істеді. Оларда, жалпы ағылшындарда алманың 2500 сорты бар деп есептеледі. Осында келіп, бізбен араласып, менің еңбектеріме қарап жұмыс істегенде өздері түсінді, сол екі жарым мың сорттың бәрі осы Жоңғар, Іле Алатауының бойынан тараған, дамып жетілген түрлері еді. Ал оны о баста бірінші тапқан Иван Сиверс 1796 жылы қыркүйекте біздің Алакөлге келіп, Тарбағатай тауының Үржар маңындағы керемет өсіп тұрған алмаларды көріп: «Мұндай алманы бұрын еш жерде кездестірген емеспін» деп жазып, дүниежүзіне мәлім етті. Ол алманың сорты, сөйтіп, сол кісінің атымен аталып кетті. Одан кейін Қырғыздың жабайы алмасы, сосын қызыл алма – жабайы алманың осы үш түрі белгілі болды. Ең қызығы – алма біріне бірі ұқсаған жоқ», – деп жазса, ойын келесі жазбасында былай деп жалғайды:

«Ол бұрын Еуропада өсіп, содан Ресейге келді. Бірақ, ол жерде азғантай ғана сорттары болды. Одан 1904 жылдардың айналасында елімізге келіп жатқан ұқыпты шаруаның бірі Е.Редько деген кісі Алматыға ала келген. Ол ғана емес, Моисеевтер отбасы да дәл осылай өздерімен бірге алма ағаштарының көшеттерін ала келіп, Алатаудың бауырына отырғызған. Бұл жемістер кейін жақсы өнім беріп, қып-қызыл, тәп-тәтті кәдімгі Алматының апортына айналып шығады. 1913 жылы сол Романовтар әулетінің 300 жылдық тойына апаратын алмалар осылардың жемісі еді. Алматының апорты мақтаныш үшін, әрине, өте керемет жеміс. Басқа жақта дәл бұлай өспейді. Бірақ шындығын айтқанда, оны күтіп-баптаудың қиындықтары өте көп. Оның толыққанды жеміс беруі үшін белгілі бір шарттары мен тәртіптері бар. Ол біріншіден, биік таудың басында, белгілі бір өзіне тән биіктікте өскенде ғана нағыз апорт бола алады. Оның топырақты тез арада құнарсыздандырып тастайтын қасиеті тағы бар. Апортты өсіру үшін осының бәрін ойластырып отырмаса, түрі ұқсағанмен, өзі нағыз апорт болып шыға қоймайды. Шет елдердің ғалымдары апортқа емес, біздегі жабайы алманың сорттарына, соның тұқымына қатты қызығады. Өйткені, бұл өзін-өзі жаңартып, жасартып, жетілдіріп отыратын алмалар. Ыстыққа шыдамды, суыққа төзімді, оның үстіне алманың жаңа сорттарын алуға өте қолайлы. Мысалы, Американың Невада штатының табиғаты аса қолайлы аймақ емес, суық жер. 43-45 градусқа дейін суық болатын аймақ өзі. Сол жерге біздің алмамызды апарып егіп еді, біздің алмамыз өте мықты болып шықты. Жалпы, жаңа сорттар алу үшін будандастыру мақсатында да біздің жабайы алмамыздың тұқымына қызығып жүрген ел көп», – депті академик.

Ал,  қытайлар болса біздің елде керемет алмалардың өсетіндігін өздерінің жылнамаларында 1240 жылдан бастап жаза бастаған. Сондай-ақ, ол көршіміз алма тұқымының осы жерден таралғанын да айтқан. Жалпы, алманың о баста қазақ топырағынан тарағанын біздің ғалымдарымыз дәлелдеп берген. Араға талай ғасырлар салып, бір елден екінші елге көшіп жүрген алма ағаштары жер шарын шыр айналып шыққан. Алматының апорты деп танылған алма ағашының тарихы да солай.

Әр нәрсенің өз уақыты болады. Шет ел ғалымдарын қазір апорт алмасы емес, жабайы алма қызықтыра бастаған. Өйткені, апорттың арғы атасы – жабайы алма. Мәселен, Америка ғалымдарының он екі жылға шарт жасасып, жабайы алма тұқымын сақтап қалу үшін 3 миллион доллар қаржы бөлуінің өзі осының айғағы. Бұл – алма тарихы одан ары жалғаса береді деген сөз. Ал біз жабайы алманы «Сиверс» деп, апортты «Александра» деп мәз болып жүрміз…

«Қазіргі кезде Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында апорттың Александр және қан-қызыл атты сорттары кездеседі. Халық Александр апортын «Алматы апорты» деп атап кеткен. ХХ ғасырдың басында Верныйдағы жеміс шаруашылығы тек қана Сібірде ғана емес, Ресейдің барлық аудандарына таралып, 1900 жылы Париж қаласында өткен Бүкіләлемдік көрмеде ең жоғарғы бағаға ие болды. Одан бері бір ғасырдан астам уақыт өтті. Бірақ, Алматының алмасы өз бағасын әлі жоғалтқан жоқ. Өкінішке орай, бүгінде алма сорттарының саны және алма бақтары азайып келеді. Мамандар алма бақтары мен апорт алмасын бәз-баяғы қалпына келтіру мүмкіндігі бар екендігін айтып отыр. Олай болса, сіз бен біз де бұл алма түрінің жоғалып кетуіне жол бермеуіміз керек. Бүгін біз өз бағымызда апорт алмасының Меркіден және Алматы қаласынан әкелінген 10 түрін өсірудеміз. Былтыр алма бағынан екі мың тоннаға жуық өнім жинасақ, биыл да бауымызға қарап мол өнім жинаймыз деп үміттеніп отырмыз. Қазіргі таңда күздік апорттарды жинауды бастап кеттік. Оны өзіміздің Алматы, Астана мен Тараз, Шымкент қалаларына өткерудеміз. Ал қыркүйек айының 10-нан бастап қыстық алмаларды жинауға кірісеміз. Біраз жылдан бері жеміс-жидек көшетін дайындауды қолға алдық. Соның ішінде былтырдан бастап жабайы апорт алмасымен будандасқан алма көшеттерінің жаңа сорттарын алдырып, өз бағымда аз ғана жерге отырғызып, өсірудеміз. Сондай-ақ, апорт алмасының өзімізде көшеттерін дайындаудамыз. Осылай оны көбейтуге үлес қосып жатырмыз. Жылда мың түп көшет дайындап, бірсыпырасын аудандағы мекемелерге тегін таратсақ, қалғанын тапсырыс берушілерге өткерудеміз. Дегенмен, бүгін біздің өнімімізге деген сұраныс нарықта бар. Сол нарыққа бала кезде дәмін татқан апорт алмасының оралар күні алыс емес деп ойлаймын» – дейді Бесбай Қансейітұлы. 

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар