Бірлесе қабылдаған шешім берекелі болады

Бірлесе қабылдаған шешім берекелі болады
Ашық дереккөз
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен сегізінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс он алтыншы сессиясы өтті. Облыс әкімдігінің басқарма басшылары, қала және аудан әкімдері мен аудандық мәслихаттың төрағалары қатысқан сессия жұмысын облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев ашып, жүргізіп отырды.

Алдымен «2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Жамбыл облыстық мәслихатының 2023 жылғы 14 желтоқсандағы №10-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы облыстық экономика және бюджеттік жо спарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның, содан кейін бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарын сайлауы жөніндегі округтік сайлау комиссияларының босаған орындарын қалыптастыру туралы облыстық мәслихат аппаратының бас инспекторы Мұхтар Мамышевтің хабарламалары талқыланып, олар бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Сессияда облыстық мәслихаттың депутаты Оралхан Дәуіт сөз алып, аймақ басшысына сайлаушыларды толғандырып отырған екі сұрақ қойды. Депутаттың айтуынша, жақында зерделеу жұмыстарымен аудандарды аралаған кезде бір топ шаруа жолығып, қант қызылшасын өткізу мәселесіне байланысты қатты алаңдап отырғандарын жеткізген.

«Бұл мәселе кеше ғана Үкіметте де қаралды. Биыл облыста 600 мыңнан астам өнім жиналады деген жоспар бар. Шаруалар енді осы қант қызылшасын қайда өткіземіз деп алаңдап отыр. Меркі қант зауытының өңдеу қуаты 200-300 мың тонна ғана, ал Тараз қант зауыты қызылшаны қабылдамайтыны белгілі. Диқандардың айтуынша, жиналған қызылша өнімдері Жетісу облысына тасымалданатын көрінеді. Ондағы зауыттар алдымен өздерінікін қабылдап, біздің өңірден барғандардың өнімдері қабылданбай, шығынға батып қалмаймыз ба деп қауіптенеді. Оның үстіне тасымалдау құны да арзан емес. Сондықтан осы қант қызылшасын өткізу мәселесін қалай шешуді жоспарлап отырсыздар?», – деді О.Дәуіт.

– Оралхан Әбдірашұлы, қант қызылшасы туралы күрделі мәселені көтеріп отырсыз. Биыл облыста 11,2 мың гектар қант қызылшасы егілді. Өзіңіз айтқандай, өңірде бар екі қант зауытының қалай жұмыс істейтіні белгілі. Мен осы аймаққа әкім болып келген бетте Үкімет пен тиісті министрлікке бірнеше мәрте хат жазып, осыған байланысты екі мәселені көтердім. Біріншісі, Үкімет тарапынан біздің қант зауыттарын жаңарту жұмыстары үшін жеңілдетілген несие беру мәселесі. Өкінішке қарай, Үкімет тарапынан қаржының тапшылығынан, қаражат бөлінбеді. Екіншіден, осы мәселені ескере отырып, биыл ақпан айынан бастап қант қызылшасы алқаптарын қысқарту бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігімен келістіру жұмыстарын бастадық. Сөйтіп, 11,2 мың гектарға тоқтадық. Сөйтіп қазір осы алқаптардан алынатын орташа өнім 570-600 центнерден болады деп күтіп отырмыз. Меркі қант зауытының басшыларымен 400 мыңнан астам тонна қызылшаны өңдеп, ары қарай қалғанын көрші Қырғызстанда, болмаса Жетісу облысының Ақсу қант зауытына өткізуді келісіп отырмыз. Бұл мәселе тікелей менің бақылауымда тұр, – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.

Аймақ басшысы депутаттың облыс орталығындағы «Көне Тараз» орт алығының мәс еле сі бойынша қойған сұрағына да жауап беріп, жақын арада депутаттық топ құрып, өңірімізге туристерді тартады деп күтілген нысанның мәселесін шешуді егжей-тегжейлі талқылап, бірлесе отырып шешім қабылдауға ұсыныс жасады. 

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар