Күміс жүлдегерге құрмет көрсетті

Күміс жүлдегерге құрмет көрсетті
Ашық дереккөз
Париж төрінде өткен ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарында атой салып, күміс медальді жеңіп алған былғары қолғап шебері Нұрбек Оралбай туған жеріне келді. Айта кетейік, 80 килограмм салмақта өнер көрсететін саңлақ Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылының түлегі. Бокстан жалғыз финалист атанған жерлесімізді қарсы алу іс-шарасына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, жамбылдық даңқты спортшылар мен қала тұрғындары қатысты. Салтанатты іс-шарада әуелі сөз алған аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы ел сенімін ақтаған Нұрбек Оралбай бүгінде қазақ боксының мақтанышына айналғанын атап өтті.

– Шын мәнінде, төртжылдықтың басты бәсекесі саналатын Олимпия ойындарында жеңіс тұғырына көтерілу оңай емес. Оның бұл жетістігінің артында т алай жылдар бойы жаттығу залы мен шаршы алаңда төккен тері, ата-анасының, туған-туысы мен спорт жанкүйерлерінің қолдауы және өзіне деген сенімі жатыр. Осы ретте оған дұрыс бағыт-бағдар беріп, үнемі қолдау көрсеткен жандарға алғыс айтқым келеді. Алдына биік мақсат қойып, ел абыройын асқақтатқан Нұрбек болашақта да жарқын жеңістерімен қуантады деген сенім мол, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Ербол Шырақпайұлы спортшыға демеушілер есебінен алынған «Hyundai Sonata» автокөлігінің кілтін табыс етті.

Мұнан соң, былғары қолғап шебері ерекше ыстық ықыласпен күтіп алған жерлестеріне ризашылығын жеткізді. Ол өз сөзінде 2028 жылы АҚШ-та өтетін кезекті Олимпиада ойындарына қатысатынын айтты.

«Бұйырса, төрт жылдан кейін Лос-Анджелес қаласында алауы тұтанатын жазғы Олимпия ойындарына қатысамын деген ниетім бар. Оған дейін бапкерлеріммен ақылдасып, дұрыс тактика құратын боламыз. Осы жолы тәжірибенің аздығынан алтын жүлде алу бақыты бұйырмады. Мұхиттың арғы жағында өтетін дүбірлі дүрмекте осынау олқылықтың орнын толтырып, жеңімпаз атанамын деп ойлаймын», – деді Нұрбек Оралбай.

Айта кетейік, Париж Олимпиадасының ақтық сынында отандасымыз әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері украиналық Александр Хижнякпен жұдырық түйістірген еді. Аса тартысты өткен жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер шешімімен Хижняк жеңімпаз деп танылды. Осылайша, бұған дейін Каллум Питерс (Аустралия), Мурад Аллахвердиев (Әзірбайжан) және Кристиан Хавьер Пиналесті (Доминикан) тізе бүктірген Нұрбек Оралбай күміс жүлдегер атанды. Естеріңізде болса, осынау байрақты бәсекеде ел намысын жеті боксшы қорғаған еді. Өкінішке қарай, оның алтауы жарысты ерте аяқтап, көрермендер қатарына қосылды.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар