Жалпы, бес күндік мына жалғанда мәңгілік ештеңе жоқ. Бұл өмірде уақыты келгенде тау-тас та мүжіледі, өзен-көлдер де тартылады. Тіпті, өсімдіктер де сарғаяды. Адам өмірі де солай. Бірақ, өлмейтін, өшпейтін бір нәрсе бар. Ол – қағазға түскен тарих. Тарлан тарихты туған халқымыздың жады іспеттес мол қазына деп қабылдайтынымыз да сондықтан. Өткенімізді білсек деген ізденіспен мұрағаттарға барып, сарғайған газет тігінділерін ақтарудағы ниет те – тарихты білуге деген құштарлық.
Жуырда жамбылдық өлкетанушы Дәулетжан Байдалиевтің «Жуалы жер-су атауларының этимологиясы» атты еңбегін парақтап отырғанымызда «Қыдыр қонған сай» деп аталатын жазбаға көзіміз түсті. Автор мұнда «Ақтасты елді мекенінің солтүстік шығысындағы Кіші Қаратаудың бір сілемінің қойнауындағы сайды жұрт Қарасай немесе Қыдыр қонған сай деп атайды, ол сайдың орын тепкен жері – Ақтасты елді мекенінің солтүстік шығысында 7 шақырым жерде» деп жазған. Атап өтерлігі, бұл сайдың Қарасай аталуына негіз болатындай ешқандай белгі жоқ. Ал, Қыдыр қонған сай аталуына байланысты өте бір қызық құбылыс бар. Айталық, осынау сайдың табанында шағын бұлақ бар, оның оң жақ қапталында екі түп долана өседі. Сол доланалардан сәл төменірек аумақта кішігірім киіз үйдің көлеміндей «Қыдыр қонған жер» деп аталатын орын бар. Бұл жердің бір ерекшелігі қыс күндері жауған қар бірден еріп кетеді де, дөңгеленіп қарайып бу шығып жатады. Ал, жаз мезгілінде дәл осы тұс шеңбердей боп көгеріп жатқанын аңғаруға болады.
– Жергілікті тұрғындар бұл жерді «Қыдыр ата қонып аттанған», – деп қасиетті санайды, басына зиярат етеді. Қарапайым халық Қыдыр атаны ел аралап жүретін адам бейнелі әулие, көпке қамқоршы, бақыт-дәулет сыйлаушы кейіпкер деп санайды. Ежелгі діни наным-сенім бойынша әрбір нәрсенің иесі болады екен. Солардың бірі – Қыдыр әулие. Осы себепті, аядай ауылдың іргесіндегі сай атауы Қыдыр атаға байланысты «Қыдыр қонған сай» аталып кеткен, – дейді Дәулетжан Байдалиев.
«Мен ел қыдырып жүретін құдыретпін,
Ал, жерде іздейтін адамдарды мен тек осында қабылдаймын».
Дәл осы жазу бүгінде халқының саны бір миллионнан асып, еліміздегі үшінші мегаполис атанған шырайлы шаһар Шымкенттің аумағына кіретін, сансыз баптардың мекені саналатын Сайрам ауылындағы Қожа Салық кесенесінің кіреберісінен тайға таңба басқандай менмұндалайды. Аңыз бойынша Қыдыр ата Сайрамда дүниеге келген. Қожа Салық оның әкесі. Ол әр жұма күні таң ата Сайрамдағы ата-анасының кесенесіне зиярат ететін көрінеді. Бәлкім, адам баласына өмірінде кем дегенде үш рет көрінетін әулие бір заманда Жуалы жеріне де келген шығар. Біз мұны өңір тарихымен астасып жатқан аңыз-әпсаналардан аңғарамыз. Бірақ, бүгінгі ұрпақ – ғасырдан ғасырларға жалғасып келе жатқан аңыз-әңгімелер мен Қыдыр атадан даритын құт-берекеге, қасиетке сенер ме екен?!
Есен ӨТЕУЛІ
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді