Осындай, дәстүр мен мәдениетті айшықтайтын әшекейдің бірі – құстұмсық жүзік. Тұла бойына тағылым дарытып, екі ел арасында татулықтың нышанындай қызмет еткен мұндай жәдігер облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында да сақталған.
Құстұмсық жүзік – жақсылық хабардың жаршысы. Ежелгі заманнан бері қазақтарда құс жақсы жаңалықтардың жаршысы саналды. Қазақ халқы құсты еркіндік, мейірімділік пен қайырымдылық, бейбіт өмір белгісі ретінде бағалаған. Ертеде құстұмсық жүзік қыздың төркініне бір жылға жетпей қайтып келген. Бұл қыздың «жағдайым жақсы» деген ишарасы саналған. Аққуды – сұлулыққа, махаббатқа, көгершінді – бейбітшілікке, қарлығашты – нәзіктікке теңесе, бұлбұлды – өнерпаздыққа меңзеген. Сондықтан да құстұмсық жүзікті қыздардың саусағына тағу арқылы оның әлеуметтік статусы айқындалған. Құстың тұмсығы сияқты бір ұшы үшкірленіп жасалған құстұмсықты жүзік бәле-жаладан қорғайтын ерекше қасиетке ие деген де халық арасында сенім қалыптасқан. ХІХ ғасырларға дейін бұл салт-дәстүр үлкен мәнге ие болған еді.
–Бұл зергерлік бұйым құю және соғу арқылы жасалған. Негізі біріктірілген үш жартылай шеңбер, үлкен гүлдің бөлігі құстың тұмсығына ұқсайтын конус сияқты – төменнен жартылай шеңберлі, жоғарғы жағына қарай өткір бұрышқа тарылады. Бет жағында ұлттық ою - өрнекпен безендірілген және кейбір сақиналарда алты жапырақты гүлдер кездесіп жатады. Қазақ халқының дәстүрлі ұлттық қол өнерінің тәрбиелік мәні өте бай десек артық айтпаймыз. Бұрында қыздың хал–жағдайын сұрайтын байланыс құралдары дамымаған заманда тұрмысқа шыққаннан кейін төркін жағы «Құстұмсықты» қыздың киімдеріне қосып жіберетін болған. Қыздың інілері, сіңлілері жағдайын білуге келгенде қыз жүзікті төркініне қайтарса, ол оның жағдайының жақсы болғаны. Қыздың шешесі қуанып, қызыма өз қызындай қарайды екен деп ауыл-аймағын бәсіре қонақасына шақырып, жүзікті көрсеткен. Қыздың үйіне барғанда төркіндеріне шай кұйғанда қолына қарайтын болған, өйткені тұмсық жағы теріс қарап тұрса жағдайым жаман, ал тұмсығы саусақ ұшына қарап тұрса жағдайым жақсы дегенді білдірген, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Лаура Байтұсынова.
Сақтар дәуірінен бастау алған тұмсық белгісі басқа да көптеген әшекейлерде қолданылады. Сондай-ақ, қазақтың киізден, ағаштан жасалған және кестелі бұйымдарының ою-өрнек жүйесінде де кездеседі. Жүзіктің бұл түрі Қазақстанның барлық өңірінде кеңінен таралғанына және басқа ұлт мәдениетінің бұйымдарына тән еместігіне байланысты этностық ерекше белгіге жатқызуға болады. Құрылымындағы кейбір ерекшеліктері мен техникалық-сәндік шешімдерінің бірегейлігіне қарағанда, жергілікті стильдік ерекшеліктің өзіндік көрсеткіші саналады.
Тіпті, ел ауызында құстұмсық жайында:
Сағынышым көкірекке толды ағайын,
Құстұмсықты жүзікті қолға алайын.
Ата-анам бауырларым келер ме екен,
Ерте тұрып күні ертең жол қарайын, – деген өлең жолдары сақталған.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді