Әрлей ме, әурелей ме?

Әрлей ме, әурелей ме?
Ашық дереккөз
Алматылық 47 жасар келіншектің арықтаймын деп тосыннан қайтыс болғанына бүкіл елдің жағасын ұстатқаны мәлім. Ол өзінің іш майын пластикалық хирургиямен липосакция жасап, сылып тастатпақшы болыпты. Отадан соң көз жұмған әйелдің артында күйеуі мен үш баласы қалды. Іш майын сылытып, арықтаймын деп ойлаған әйелдің ота жасайтын жеке клиникаға 2 миллион теңге төлегенін де жұрт ашық ақпарат көздерінен білді.

Мектепте ұлағатты ұстаз атанған марқұм жылдар бойы артық салмақтың зардабын тартып келген. 101 келі салмақтан әйелдің аяғына күш түсіп, ауыра бастапты. Сөйтіп липосакция жасату туралы шешім қабылдайды. Ол дәрігерді ұзақ таңдап, ең мақтаулы пластикалық хирургтің қызметіне жүгінген.

– Каникулда ана артық майымды алып тастаймын, сосын кішкене сабаққа жеңілдеп барам, салмағым түседі деп, интернеттен екеуміз қарағанбыз, инстаграм, бәрін қарадық. Данияр деген дәрігерге жазылған пікірлерді оқып, зерттеп, бардық. Ең алдымен, минус 5-6 келі тастайды деп айтты, содан кейін организм өзі тастай береді деген, – дейді марқұмның сіңлісі.

Осыған қызыққан әйел бірден отаға дайындала бастайды. Яғни, бастан-аяқ медициналық тексерістен өткен. Әрі денсаулығында еш кінәрат жоқ екені анықталыпты. Клиникамен келісімшартқа отырып, отаға 2 миллион теңге төлеген. Оны да бауырынан қарызға алыпты.

Іштегі майды алу отасы бір жарым сағатқа созылған. Әйел липосакциядан кейін жақындарына өз-өзіне келе алмай жатқаны туралы хабарлама жібереді. Ал, түнге қарай дәрігерлер қаралы хабар жеткізген. Хирургтер отаның қаупі туралы еш ескертпеді дейді қара жамылғандар.

Ойда-жоқта жақынынан айырылғандар пластикалық хирургтің жаназаға келіп кешірім сұраудың орнына, ақша ұсынғанына да қапалы. Мәйітке жасалған сараптаманың алдын ала қорытындысына сәйкес, 47 жастағы әйел инфаркттан кеткен. Десе де, жақындары бұған сенбейді. Олар отадан кейін науқасқа күтім дұрыс жасалмаған деп күдіктенеді. Ал, іштегі майды алу операциясын жасаған мақтаулы дәрігер өз қызметін әлі де жалғастырып жүр екен. Ал, дәрігердің айтуынша, ота сәтті жасалған.

– Операция ойдағыдай өтті. Кейін науқас интенсивті терапия бөліміне, сосын стационарға ауыстырылды. Ол палатада өзін жақсы сезінді. Ал, түстен кейін жағдайы нашарлай бастады. Біз хаттамаға сәйкес әрекет еттік. Бірақ, науқасты аман алып қала алмадық. Отаны мен жасадым, моральді тұрғыда жауаптымын. Бұл жағдай маған да қиын. Өкінішке қарай, медицинада күтпеген жағдайлар болады. Н е болғанын өзім де түсіне алмай жүрмін, – депті пластикалық хирург.

Сараптаманың нақты қорытындысы бір айдан соң шығады екен. Марқұмның жақындары дәрігерлер жауапкершіліктен сытылып кете ме деп қорқып отыр. Сондықтан олар істің әділ өтуін сұрап, БАҚ өкілдерін құлағдар еткен.

Қысқасы, қайғылы жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Липосакцияны жасаған пластикалық хирургтың кінәсі дәлелденсе, 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін...

Иә, қиын жағдай. «Былай бұрсаң арба сынады, былай бұрсаң өгіз өледі».

Қазіргі кезде липосакция түгілі, адамның бет-әлпетін толықтай өзгертіп жіберуге де қауқарлы дейтін пластикалық оталарға адамдардың құмар болуы неге күннен-күнге артуда?

Ертеректе ресейлік примадонна Алла Пугачеваның, шетелдік әнші Майкл Джексонның осындай оталар жасатқанын естігенде, елге оның бәрі ертегідей көрінген еді.

Енді міне, ол кәдімгідей жаңалық болмай қалды. Ендеше, қолдан жасалған сұлулықтың пайдасы қандай, зияны қаншалықты?

Кейбір адамдар комплекстерінен арылғысы келеді. Бұған батыстың да ықпалы бар. Жарақаттан кейінгі терінің тыртықтарына жасалатындарынан бастап, елімізде көздің қабағына, омырауға, басқа да дене мүшелерін әдемілеуге арналған, тіпті қартаюға қарсы жасалатын оталардың блефаропластика, обдоминопластика, либомоделирование деп те аталатын түрі көптеп кездеседі екен.

Әдемілікке құмар әйелдер қауымы көбірек осы отаны таңдайтынын айтқан дәрігерлер «Отаның зияны операциядан кейінгі уақыттан соң жарасы жазылғанға дейінгі аралықта қолайсыз болады. Басқа айтарлықтай зияны жоқ. Психологиялық жағынан адамның өзіне деген сенімділігі артады және келбетті болады. Кейбір сәтті отаның нәтижесінде қыздар сәтті тұрмысқа шығып кетіп жатады», – дейді.

Жоғарыда сөз болғандай, ота жасатам деп өліп кететіндердің саны қанша деген сауалдарға да статистика жауабы дайын. Мәселен, 5000 адамның біреуінде ғана өлім-жітім кездесуі мүмкін екендігі айтылады ашық дереккөздерде. Оны жазатайым оқиғаға жатқызатындар, ажал туралап келсе ғана ол жағдайға душар болатындар бар, әйтпесе, оншалықты зиян емес деп уәж келтіреді.

Не керек, қазір «Сұлулық құрбандықты талап етеді» дейтін сөздің уақыты келген заман болды. Классикалық медицинаның дамуы – өркениет заманындағы жаңа технологиялардың қарқын ала бастауы деп қуанатынымыз рас. Оның үстіне, барлығы бір Құдайдың қолында дейтін халықпыз. Сондықтан отаға әуес болғандар желідегі жылтырақ жарнамаға сеніп, лицензиясы жоқ, тәжірибесі аз мамандардың отасына ұрынып, келеңсіздікке тап болмауды да алдын ала ойланғандары жөн шығар.

Біздікі тәңірдің қалауы арқылы он екі мүше, алпыс екі тамырмен жаратылған адамдар табиғи түрлері мен тұлғаларын өзгертуге асығып, өздеріне-өздері зақым келтіріп алмаса екен деген ниет.

 

Үміт БИТЕНОВА

Ұқсас жаңалықтар