Қазақ «бір бала болады әкеге жете туатын, бір бала болады әкеден өте туатын, бір бала болады кері кете туатын» деп балаға сипаттама берген. Қыстаубайға, оның шыққан тегін білетұра, «әкеден өте туған» деп баға беруге әруақтан қорқамыз. Ортасына сыйлы, құрметті, іскер, еңбекқор азаматты «кері кете туған» деуге ауыз бармайды тағы да. Ең дұрыс сипаттама – әкеге жете туған. Қыстаубай оны естісе: «Ойбай-ау, Жәкем қайда, мен қайда!» – деп шоршып түсетіні сөзсіз.
Ия, Жәкесінің (ол әкесін Жәке дейтін) ел құрметтісі, ерекше адам, танымал тұлға, арда азамат болғаны рас. Әбдір Сағынтаевқа елге сіңірген ерен еңбегі, халық шаруашылығын дамытуға қосқан үлкен үлесі үшін Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, көптеген мемлекеттік марапаттарға ие болған. Оның СОКП съезінің делегаты, СОКП Орталық Тексеру комиссиясының мүшесі, КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестерінің депутаты болып сайлануы тегін емес. Оның бәрі – білікті басшылық, ұтқыр ұйымдастырушылық, тынымсыз ізденістер мен іскерліктің жемісі. Елі үшін, туған жері үшін еткен еңбек, төккен тердің лайықты бағасы.
Қыстаубай «елге ондай еңбек сіңірген жоқпын ғой» дейді қарапайымдылық танытып. Ол солай дегенімен, бұл да қошемет, құрмет, марапаттардан кенде емес. Еліміздің дамуына, әсіресе, қоғамдық тәртіпті сақтауға бір кісідей үлес қосты. Атқарған қызметіне, сіңірген еңбегіне, қоғам дамуына қосқан үлесіне қарай марапаттарға да ие болған.
Әрине, ол әкесі Әбдір шыққан шыңға шыға алған жоқ. Бірақ, өз деңгейінде талай биіктерді бағындырғаны даусыз. Сол биіктерді жоғары жауапкершілікпен, ісіне берілгендікпен, іскерлікпен, кәсіби шеберлікпен, антына адалдықпен, белсенділікпен, білім-біліктілігімен бағындырды. Қазір де сол биігінде. Қашан көрсең, қоғамдық жұмыстардың, ағайын-туыстың іс-шараларының бел ортасында жүргені. Бұл жағынан, оған «аттан түспеген азамат» деген сипаттама берсек те, еш артықтығы жоқ.
Жауапкершілік – оған жастайынан дарыған қасиет. Бұл әжесі Теңгекүлдің тәрбиесінен. Ол «кісіге уәде бердің бе – орында, біреуге көмегің керек болды ма – көмектес, саған сенім артып жұмыс тапсырылды ма – орында, әрине, қолыңнан келетін болса ғана» деген ақыл-кеңесін кішкентай Қыстаубайдың құлағына құйып отыратын. Немересі әжесінің айтқанын қалт жіберген жоқ.
Костяға (оны жастайынан жұрттың бәрі осылай атайтын, Костя – Ферадин деген прорабтың қойған аты) ең алғашқы жауапкершілік оның 7 жасқа келген кезінде жүктелген екен. Анасы Құндызайдың өкпесіне суық тиіп ауырған. Бұл аурудың бірден-бір емі – қымыз.
– Құндызайдың ұзақ уақыт үзбей қымыз ішуі керек екен. Соған күнде таңертең жылқы ауылдан қымыз тасып тұру керек. Соны кімге жүктейміз? – деді Әбдір кешкі шай үстіндегі отбасылық кеңесуде. Ол кісіні таңертең үйде көрмейсің, балалар ұйқысынан тұрмай жатып жұмысқа кетіп қалатын.
– Сонда мамам жазылып кете ме? – деп сұрады Қыстаубай.
– Әрине, жазылып кетеді. Дәрігер солай деді.
– Онда мен барам қымыз әкелуге.
– Ол үшін ерте тұру керек. Ұйықтап қалып жүрерсің.
– Жоқ. Мамам жазылып кетсе, болды. Мен барамын! – деді Қыстаубай серт бергендей.
– Жарығым-ау, ұйқыңды аша алмай жүрмесең болғаны. Өзім ерте оятамын ғой, – деп немересін айналып-толғанып жатыр Теңгекүл апа. Ол кісі де Қыстаубайын ұйқыдан ерте ояту жауапкершілігін жүктеп алды мойнына.
Содан Қыстаубай сол күннен бастап совхоз орталығынан 1,5-2 шақырымдай болатын Жақсыбай, Қасқырбек аталарының ауылынан 2-3 литрлік қауашақпен қымыз тасыды. Алғашында Теңгекүл әжесінің айналайынымен оянатын бала аптаға жетпей өзі төсектен атып тұратын болған. Осылай алты ай жазда жылқы ауыл мен орталықтың арасын даңғыл жолға айналдырған 7 жастағы жеткіншек. Күнде таңертең қауашағы қолында кетіп бара жатқаны. Күн ысымай қымыз толы қауашағымен қайтып келе жатады. Сонда кетіп бара жатып та, қайтып келе жатып та «Е, Құдай, мамам тез жазылып кетсе екен!» деп тілейтін Жаратушыдан. «Алла жастың тілегін береді» деуші еді Теңгекүл әжесі, рас екен. Құндызай анасы аурудан құлан-таза айығып кетті. Бұл бір жағынан Қыстаубайдың періште пейілмен тілеген тілегінің қабыл болғаны да шығар! Біздің айтқымыз келгені – қаршадай баланың жауапкершілікті жоғары сезінгені, уәдеге беріктігі туралы.
«Білгің келсе, алдымен зертте мені» деген ғой мұзбалақ ақын Мұқағали. Зерттеп кеп жіберсең, әрбір адам – бір әлем. Айтып тауыса алмастай, жазып бітіре алмастай тұтас тарих. Әрине, жағымды да, жағымсыз да жақтары болатыны – заңдылық. Біздің кейіпкеріміздің жағымды жағы басым. Оны Қыстаубайдың әртүрлі қырларынан, әңгіме-дүкен барысындағы жүрекжарды сырларынан, ол туралы айтылған пікірлерден пайымдау қиын емес.
Қазақта дала данышпандары – абыз ақсақалдар жігітті досына қарап сынаған. «Сен маған досыңның кім екенін айт, мен сенің кім екеніңді айтайын» деген ұлағат солардан қалған. Қыстаубайдың бірқатар достарымен, өкшелес інілерімен, қызметтестерімен сөйлесіп көргенбіз осы ұлағатты ұстанып. Қыстаубай туралы бірінші пікірлескеніміз – оның бала жастан бірге өскен досы, өмір жолдары бірге өріліп келе жатқан құрдасы Малтабар Қаратайұлы.
Өйткені, Қыстаубайдан өзі туралы әңгімелеп беруін сұрағанымызда «ағасы-ау, мен туралы Малтабар ініңізден сұрап біле беріңіз, мен өзім туралы одан асырып айта алмаспын. Содан кейінгі мен туралы жақсы білетіннің бірі Қантбек ініңіз еді, бірақ, ол марқұм болып кеткен. Жатқан жері жайлы болсын!» дегені бар-ды. Осыдан-ақ Қыстаубайдың бір қыры ашылып тұр емес пе? Ол – оның досқа деген сенімі, достыққа адалдығы. «Мен туралы досым менен жақсы біледі» дейді сабазың. Демек, әлгі бір өлеңдегі «бірге еді ғой жанымыз» деген сияқты.
Сонымен, досы туралы Малтабар енді сөйледі, сөйлегенде бүй деді:
– Бала кезінен алғыр, ойы ұшқыр, өжет, шешімі шұғыл, кішіпейіл, мейірімді де қайырымды, ізетті бала Қыстаубаймен ес білгеннен Үшаралдың майлы топырағында бірге аунап, бірге ойнап, бірге өстік. Мектеп табалдырығын бірге аттадық. Сабақтан тыс уақыттың бәрінде жұбымыз жазылған емес. Мұны «түнде ұйықтағанда ғана төсегіміз бөлек, қалған уақытта біргеміз» деп суреттегенім дұрыс болар. Ойынның ауыл баласының еншісіндегі асық, ләңгі, тығылыспақ, жалақ, тағы басқа түрлерінің түбін түсіретінбіз. Кейіндеу келе спорттың футбол, волейбол, хоккей сияқты көпшілік түрлеріне ауыстық. Костя, біз оның азан шақырылып қойылған аты Қыстаубай екенін кейіндеу білдік, Теңгекүл әжесі кейде «Қыстаубай, әй, Қыстаубай» деп шақырғанын онша елең қылмайтынбыз, құлағымыз Костяға үйреніп кеткен, өте жылдам, шалт қимылды, епті болатын. Футбол мен хоккейге бейімдеу.
Көбінесе Жарқын Исімбаев, Марат Дүрімбетов, Сәбден Айтбаев сынды қатарлас балалармен доп қуатынбыз. Ол кезде нағыз теңбіл доп Сағынтаевтардың үйінде ғана бар. Оның өзі – Бақытжанның меншігі. Қалада оқитын студент аға-әпкелері әкеліп берген болуы керек. Бақытжан 4-5 жаста. Одан доп сұрап алу – қиямет-қайым. Алдағанға көне қоюы да қиын бала. Костя үлкендік жасап Бақытжанды жылатып допты алып шығады-ау. Допты екі-үш теуіп үлгереміз бе, жоқ па, артынша Құндызай апамызды алдыға салып Бақытжан жетеді аңырап. Доп кетеді Бақытжанның құшағында. Костя қалады: «Қап, сені ме!» – деп жер тепкілеп.
Сонда Құндызай апамыз «Көресіңдер, осы жылауықтың есігінен сығалай алмай жүресіңдер әлі-ақ» дейтін Бақытжанын жетектеп бара жатып. Ана – балаға сыншы, қайран Құндызай апа Бақытжанының жұлдызы жарқырап жоғары лауазымды қызметтер атқаратынын сезген екен ғой ана жүрегімен. Құдай ғой ол кісінің аузына сол сөзді салып тұрған. Әйтсе де, көрегендік демеске ләжің жоқ.
Бақытжан ініміз мемлекеттік қызметтің ең жоғары сатысы – елдің Премьер-Министрлігіне дейін көтерілді. Қазір де халықаралық дәрежеде жауапты қызметте.
Құндызай апа айтқандай, Бақытжан есігінен сығалатпайтындардың санатынан емес. Ол – отаншыл, көпшіл азамат. Ол елдік деңгейде ойлайды, әрбір ісін еліне деген перзенттік пейілмен атқарады. Оны ел біледі, көріп-біліп те жүр.
Ал, оның бауырмалдығында шек жоқ. Ағайынның кез-келген ісіне жөнімен, жолымен қол ұшын беруге дайын. Онда рушылдық, тамыр-таныстыққа қарай бұрушылық деген жоқ. Ол – халықтың ұлы, біздің мақтанышымыз.
Бұл жерде оларға отаншылдық қасиет ортақ екені айтпай-ақ аңғарылып тұр.
Костя – нағыз ұлтжанды. Ауылда өскен бала, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды, жалпы ұлттық құндылықтарды керемет құрметтейді.
Мысалы, ол домбыра тарта алмайды. Ал, домбыра тарта алатын күйшіге, халық әндерін әуелете шырқайтын әншіге құрмет, қошеметі ерекше. Бұл ұлы Абайдың:
«Құлақтан кіріп, бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй» деген өлең шумағының өмірдегі жарқын көрінісі десе де болғандай. Ұлтын сүйген, ұлтының өнерін сүйген ұлан ғана солай істесе керек.
Қыстаубайдың әзілі де қызық. Оның әзілінің арғы жағынан шындықтың басы қылтиып тұрады.
Қантбек деген досымыз болған. Сол Қаратау қаласына көшіп барған. Туған ауылы Үшаралға жиі келіп тұрады. Астында мотоциклі бар, бірақ, «правасы» жоқ. Жүргізуші куәлігі жоқ болған соң, асфальтпен жүру – арман. Көбіне қырдың жолымен жүруге мәжбүр. Костя Талас аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болып тағайындалғанда оны қызметімен құттықтай барған Қантбек досы милициялар көп ұстай беретінін айтып, арманын қоса жеткізген ғой.
Аңғал досының көңілін қалдырғысы келмеген Костя бір жапырақ қағазға «Байтонов Қантбек – мотоциклист» деп жазып, «осы қағазды көрсетсең, ешкім тоқтатпайды» деп қолына ұстатқан ғой әлгі қағазды. Содан Қанекең Қаратаудан Үшаралға Ақкөл арқылы өтіп бара жатып аудан орталығында ары-бері ойқастайды ғой мотоциклімен. Жолыққан таныстар: «Адасып жүрсің бе?» деп сұрамай ма. Сонда Қожанасыр мінезді Қанекең «үнемі орталықта қаптап жүретін милициялар қайда кеткен, соларға Костяның «шыптасын» көрсетейін деп едім» деген екен.
Костя өмірде де, қызметте де кісінің көңілін қалдырмауға тырысатын. Бірақ, жалпақшешей болған жоқ. Тиісті жерінде тәртіпті қатаң талап ететін.
Бұл туралы кейіпкеріміздің әріптес інісі, отставкадағы полиция полковнигі Болат Құлекеев Қыстаубай ағасын мерейжасқа толған күнімен құттықтауында былай деп жазған екен:
«Ақкөңіл, абыройлы, ағайынның ауызбіршілігі, ынтымағы жолындағы игілікті істер мен іс-шараларға белсене атсалысатын бауырымызға мықты денсаулық, ұзақ өмір тілейміз. Қашанда аттан түспей, биіктен көріне беріңіз. Гүлшат жеңгемізбен екеуіңізге шөбере, шөпшек көруді Раббымыз нәсіп етсін!»
Ал, ауызша Қыстаубай Сағынтаевтың қызметтегі ұстанымы мен іс-әрекетіне былай деп баға бере сөйледі.
– Тәртіп сақшысы Қыстаубай Сағынтаевтың қызмет жолы – жастар үлгі алғандай, жұмыс тәсілі – кісі қызыққандай. Ал, лауазым жөнінде айтсақ, қатардағы инспектордан аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, облыстық ішкі істер департаментінің басқарма басшысына дейінгі қызмет сатысына, шен жөнімен айтсақ, милиция лейтенантынан полиция полковнигі дәрежесіне дейін өскен. Мұны айтуға оңай, баяндап жеткізу қиын. Бұл – уақытпен санаспай, антқа адалдықпен, ісіне берілгендікпен атқарған қызметтің нәтижесі.
Талас аудандық ішкі істер бөлімінде Қыстаубай ағамыз – бастық, мен орынбасары болып қызмет атқардық. Қызмет бабымен жауапкерден, күдіктіден, куәлардан жауап алуға кетіп бара жатқанымда Қыстаубай бастық: «Әй, Болат, істі жете терге! Оған шеберлігіңнің жететініне сенемін. Шын қылмыскер құтылып, жазықсыздар тұтылып жүрмесін. Қанішер, қаскүнем, қоғамға қауіпті қылмыскерді, әкең де болса, аяма! – деп қатаң, нақты тапсырма бередідағы, – біз екеуміз де осы ауданның тумасымыз, бәрі де ағайын-туыс, ары кеткенде, құда-жекжат, сыйлас болып шығады. Біреулер бекерден-бекер қосақ арасында күйіп кетпесін. Ағайынды да ойла. Әсіресе, аңқау қазақ арандап қалмасыншы!» – деп қосып қояды тағы да. Сырт қараған адамға нағыз ұлтшыл, рушыл, ағайыншыл адам. Жоқ, ол тіпті де ондай адам емес, ол – нағыз қылмыскерге қатал, тәртіпке қатаң, қаскүнемдікке ымырасыз. Бірақ, жүрегі өте жұмсақ. Әділетсіздік орын алып, әділдік әдірә қалып жүрмеуін қалайды оның жүрегі.
Болат әріптесі айтқандай, Қыстаубайдың қызмет лауазымы оңайдан-оңай өскен жоқ, жұлдыздар бекер берілген жоқ. Қыстаубайдың қызмет жолына көз жүгіртіп шықсаң, бәрі алақандағыдай «сайрап» тұр.
Мектепте оқып жүргенде оны бәрі де «журналист болатын шығар» деп ойлаған. Аудандық газетке, ара-тұра басқа басылымдарға да мектеп өмірінен жазған мақалалары жарияланып тұратын.
– Мен де «осы неме журналист болатын болды-ау» деп ойлап жүретінмін. Кейін алдымен құрылысшы, артынан тәртіп сақшысы болғанында «мына мамандықтар оның оңтайына келеді, шаруаға икемі бар, әділдікке, тәртіпке жаны құмар» деген ой түйдім ол туралы, – дейді туған ағасы, бүгінде Сағынтаевтар әулетінің үлкені Таймас.
– Алғашында журналистикаға қызығушылық болғаны рас. Оған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Керімби Амантаев ағайдың әсері болды. Сабақ бергенде, әдебиетке еріксіз елітіп әкетуші еді жарықтық. Кейіндеу бажайлап байқасам, журналист жай хабаршы емес, оған да ерекше қабілет, бейімділік, тіл шеберлігі, ойыңды жеткізе білудің әдіс-тәсілдері керек екен. Содан, қолым көтере алмайтын шоқпарды беліме байлаудан бас тарттым, – дейді Қыстаубайдың өзі бұл туралы.
Сонымен, «кейіпкеріміздің өмірбаянына көз жүгіртейік» деп едік қой. Көрейік.
Мектеп бітірген жылы студент атанудың сәті түспеген Қыстаубай Сағынтаев ауылда бір жыл қара жұмыс істеп барып, сол кездегі өңірдегі оқудың төресі Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына құжат тапсырған. Жолы болып, оқуға түсіп кетті.
Осы оқу орнынан инженер-гидротехник мамандығын алып шығып, 1977-1981 жылдары «ЖамбылСуҚұрылыс» тресінің №46 және №109 жылжымалы механикаландырылған колонналарында шебер, өндірістік-техникалық бөлім бастығы болып қызмет атқарған.
1981 жылы комсомолдық жолдамамен ішкі істер органдарына қызметке жіберілген. Алғаш қызметті облыстық ішкі істер басқармасы кадрлар бөлімінің инспекторлығынан бастаған. Одан көп ұзамай қылмысты іздестіру бөліміне ауыстырылды. Қыстаубай осы қызметте өзін нағыз милиционер ретінде сезінген.
Қылмысты іздестіру қызметі қызық, қиын әрі қауіпті. Бұл жерде кәсіби шеберлік «сөйлейді». Оны үлкендерден, тәжірибелілерден үйренесің. Тәжірибелілер білуге құштар, ынталыларға үйретуден жалықпайды. Ынтасыздар бірден-ақ белгілі. Оларға үйрету – далаға кеткен сумен тең.
Қыстаубай білуге өте ынталы. Бала кезінде кинодан чекистердің шпиондарды қалай ұстағанын, қылмыстарын қалай әшкере еткенін көргенде «шіркін, осындай болсам ғой, солай жасасам ғой» деп талай армандаған. Міне, сол арманды жүзеге асырар сәт туды. Енді тек шаршамай, қажымай-талмай, ізденіспен жұмыс істеу керек. Кәсіби шеберлік шыңдалмай, іс жемісті болмайды. Қыстаубай ізденістен, үйренуден жалыққан жоқ. Қылмысты іздестіру операцияларының әрбірінде өзінің бір қателігін түзетумен болды. Келесі жолы ол қателікті қайталамауға тырысты. Қайталаған жоқ. Тәжірибесін жастарға үйретті, өзі де үйренумен болды.
Бәрін баяндай бермей-ақ, Қыстаубай Сағынтаев атқарған лауазымды қызметтерді атап шықсақ-ақ, оқырманға оның мехнатты, қызықты әрі қауіпті қызметі бес саусақтай белгілі болары хақ.
Қыстаубай Сағынтаев кеңестік кезеңде милицияда, тәуелсіз Қазақстан тұсында полицияда қызмет атқарған ширек ғасырда Талас, Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімдерінің бастығы, облыстық есірткіге қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары, облыстық қылмысты іздестіру басқармасы бастығының орынбасары, ОПД қоғамдық тәртіпті сақтау басқармасы бастығының орынбасары, облыстық көші-қон полициясы басқармасының бастығы лауазымдарында жемісті жұмыс істеді.
Ердің жасы – елудің үстінде полиция полковнигі шенінде отставкаға шыққан Қыстаубай Әбдірұлы аттан түскен жоқ. Ол алғашында облыстық әділет басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған. Бұл жерде оның көші-қон полициясында жинаған тәжірибесі көп пайдасын тигізді. Өйткені, әлі де тарихи Отанына оралып жатқан қандастарымызды құжаттандыруда мамандар біліктілігін жетілдіру керек еді. Одан кейінгі атқарған облыстық соттар әкімшісі қызметінің де әділдіктің салтанат құруында рөлі жоғары болды. Одан кейінгі «ҚазТрансГазАймақ» бірлестігі облыстық филиалы директорының орынбасары, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық департаментінің директоры қызметтерінде де абыройсыз болған жоқ.
Осы бір «абыройсыз болған жоқ» деген сөзіміздің дәлеліндей, Қыстаубай Сағынтаев ұзақ жылдардағы жемісті еңбегі мен қол жеткізген жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің, Жамбыл облысы әкімінің, облыстық ішкі істер департаментінің Құрмет Грамоталарымен және Алғыс хаттарымен, КСРО және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қызметтік медальдарымен және төсбелгілерімен марапатталған, «Құрмет» орденінің иегері. Оның омырауында осы марапаттардың қатарында «Тараз қаласының Құрметті азаматы», «Талас ауданының Құрметті азаматы» төсбелгілері жарқырайды.
«Отан отбасынан басталады». Отбасында береке болмаса, өмірде де, қызметте де табыс, мереке болмайды. Қыстаубай – шаттық ұялаған шаңырақтың, берекелі отбасының отағасы. Отанасы Гүлшат Оспанқызы азаматының абыройын асырып, шаңырағының шырайын кіргізіп отыр. Гүлшат та жоғары білімді маман. Облыстың тұрмыстық қызмет көрсету саласында экономист, аға экономист қызметтерін атқарған.
Қосылған қос өзен арнасындай жүректерін де, тілектерін де бір арнада тоғыстырған Қыстаубай мен Гүлшат – Құдайдың берген перзенттерінен немерелер сүйіп отырған бақытты ата мен әже. Аидалары – Назарбаев университеті Академиялық жоспарлау және бюджет мәселелері жөніндегі вицепровост қызметінде. Динара – «КЕGОС» акционерлік қоғамы Қаржы департаментінің директоры.
Түйінсөз.
Көктемде ағайынның бір іс-шарасында көрінбеген соң, Қыстаубайдан қайда жүргенін сұрағанбыз.
– Америкаға барып қайттым, – деген ол.
– Құдай қаласа, биыл 70 жасқа толасың ғой. Мерейжасыңа орай «ел көріп, жер көріп қайтайын» дегенсің ғой, – деген қоштау сөзімізге:
– Бұл өзі бір сәті түскен сапар болды. Аидамыз АҚШ-тың Пенсильвания университетінде докторлық диссертациясын қорғаған. Гүлшат келініңіз, Қайрат күйеу балам, Сәндия және Әмір немерелеріммен бірге Аидаға «болельщик» болып қайттық. Айтары жоқ, Америка айта жүрерлігі көп, қызық, бай ел ғой. Бір жағы, өзіңіз айтқандай, тамаша саяхат болды. Өте тамаша!
Биылғы Наурыз көжені Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ержан Ашықбаевтың үйінен іштік. Ержанның азаматтығы мен қазақылығына риза болдым. Вашингтон музейлерімен ұнады.
Сіз сенесіз бе, мен Американың біраз жерлерін аралап, қызықтағаннан кейін ауылға қайтуға асықтым. Елді сағындым. Өз Отаныңнан артық, одан қымбат, одан ыстық ел де, жер де жоқ екен ғой әлемде, – деп ақтарыла жауап берген ақкөңіл азамат.
Жуырда осы мақалаға мәлімет алу үшін іздегенімізде тағы да таппай қалдық Қыстаубайды.
– «Құйысқаны көтерілген» деген сипаттама беріледі ғой жолға шыққан адамға. Соның кері келгендей, Мәскеудегі Бақытжан ініме (Бақытжан Сағынтаев – Қазақстанның экс – Премьер-Министрі қазір Еуразиялық экономикалық комиссияның хатшысы) барып қайттық Гүлшат екеуміз. «Адамның бір қызығы – бала деген» депті данышпан Абай. Сол айтқандай, Америкаға қызымыздың қызық-қуанышын бөлісуге барғанбыз. Бауырдың жөні – бір басқа, Мәскеуге Бақытжанды сағынғаннан кейін тартып кеттім. Телефонмен тілдескен көзбен көріп жүздескендей бола ма, ол да қуанып қалды. Көптен көріспеген абысындар – Гүлшат пен Ғалия келінім де мәз.
Мен Мәскеуге 1966 жылы әкеммен ілесіп барған едім. Міне, араға 58 жыл салып тағы келіп тұрмын. Қала көп өзгерген. Бақытжан қаланы аралатты. Жақсы көріністерге көзім суарылып, көңілім көтеріліп қайттым.
Майданда әкем Әбдір барлаушы болған Ржев «еттурағышына» баруға уақыт аздау болды. Басқасының бәрі де ойдағыдай, – деп тағы да ақтарылып жатыр Қыстаубай.
Кейіпкерімізден қызмет бабында, әсіресе, қылмыскерді құрықтауда өзі қатысқан бір күрделі операция туралы сұрағанбыз.
– Талай кәнігі қылмыскерлер құрықталды. Оның бәрі ісіне берілген жігіттердің кәсіби шеберліктерінің арқасы. Біздікі соларға басшылық жасап, қадағалау ғана ғой, – дейді Қыстаубай сол баяғы қарапайымдылығынан айнымаған қалпы. Кісінің еңбегін иемденгісі келмейді. Ол да тектілігі.
Дегенмен, дұрыс басшылық, кәсіби бағыт-бағдар беру қылмыскердің құрықталуының, қылмыстың уақтылы ашылуының негізі екені әркімге-ақ белгілі. Ал, Қыстаубай оны қызметтік парызы ғана санайды.
Міне, біз мақаламызға арқау еткен азамат Қыстаубай Әбдірұлы Сағынтаевтың бар болмысы – осы.
Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді