«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ынтымағы жарасқан елдің болашағы жарқын

Ынтымағы жарасқан елдің болашағы жарқын
Ашық дереккөз
Тараз қаласындағы «Достық үйінде» облыс әкімі, өңірлік Қазақстан халық ассамблеясының төрағасы Ербол Қарашөкеев «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» жобасы аясында этнос өкілдерімен кездесті.

– Осы жылдың сәуір айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ се ссиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірлік пен ынтымақтастық әрқашан біздің басты құндылықтарымыз және барлық мемлекеттік саясаттың өзгермейтін бағдары болып табылатынын атап өтті. Біз осы бағытты ұстанып, өңірдегі тұрақтылық пен ынтымақты, халықтар достығын берік ұстап келеміз. Қазақта «Бірлік бар жерде – тірлік бар», – деген нақыл сөз бар. Ынтымағы жарасқан елдің ғана болашағы жарқын болары сөзсіз», – дей келіп, Ербол Қарашөкеев жоба қатысушыларымен таныстырды.

Бұл күні, облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы төрағалық еткен алқалы жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының сектор меңгерушісі Қайрат Баймульдинов, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының спикері, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті «Заң» факультетінің аға оқытушысы Руслан Тоқатов, республикалық «Дүнген» этномәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Зайнуддин Махусеев, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғұлам Умаров пен өңірдегі этномәдени бірлестік өкілдері қатысты.

Жиында жоба жетекшісі, ҚХА төрағасының орынбасары Лугмар Буларов арнайы жобаның қоғам үшін маңызы зор екендігін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарымен бірлесе 13 жоба әзірленді. Бүгінгі күні ол жобалар өңірлерде жүзеге асырылуда. Өткен айдан бастап Әулиеата өңіріне қарасты 8 ауданда «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» арнайы жобасы аясында мемлекеттік қызмет көрсететін органдар мен мекемелерде этносаралық қатынастар саласындағы сенім мәдениетін қалыптастыру мақсатында кездесулер мен семинар-тренингтер өткізілді. Бұл үрдіс алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады, – деді Лугмар Буларов.

Басқосу барысында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ҚХА Хатшылығының сектор меңгерушісі Қайрат Дүйсембайұлы жиын қатысушыларын еліміздегі барлық ұлттар арасында достық қарым-қатынас орнатып, олардың ауызбіршілікте өмір сүруіне ықпалдасып, өз үлестерін қосуға шақырды. Сондай-ақ, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының спикері Руслан Алтайұлы өркениетті қоғамды өрге бастырмайтын кеселдің бірі – жемқорлық екендігін алға тартып, сенім мәдениетін қалыптастыруда сыбайлас жемқорлыққа қарсы тосқауыл қою қажеттігін жеткізді. Кездесу соңында жобаны одан ары дамыту шаралары талқыланып, қатысушылар тарапынан ұсыныстар айтылды.

Жиын қорытындысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Қоғамдағы сенім мәдениетін дамытуға бағытталған маңызы мол жоба киелі Әулиеата жерінде ұйымдастырылғанына қуаныштымын. Аталған жобаны іске асыруға атсалысқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін! Аталған жоба оң жемісін береді деп ойлаймын. Халқымызда «Бірлік бар жерде – тірлік бар», – деген нақыл сөз бар. Ынтымағы жарасқан елдің ғана болашағы жарқын болары сөзсіз. Менің ойымша, облыста тұратын әрбір этнос өкілдерінің ұлтына, тіліне, мәдениетіне, тарихына құрметпен қарау – біздің басты міндетіміз. Бірлік, достық және өзара сыйластықтың арқасында елімізде бақ-береке орнаған. Татулық пен ынтымаққа бастаған ұлы жолда сапарымыз сәтті, жолымыз ақ болсын!», – дей келіп, аймақ басшысы қатысушыларға алғыс айтты.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ 

Ұқсас жаңалықтар