Жеке инвестиция жауапкершілікті қажет етеді

Жеке инвестиция жауапкершілікті қажет етеді
Ашық дереккөз
Бүгінде қалтадағы қаржысын қалайда еселеп арттырсам деп жеке инвестицияға бет бұрған отандастар қатары артқан. Орталық депозитарийдің статистикасына сүйенсек, биыл елімізде жеке инвесторлықпен айналысу мақсатында ашылған шоттардың саны 2 миллионнан асқан. Соның ішінде жеке тұлғаларға тиесілі шоттар саны 686 мыңды құрап отыр. Қазақстандық жеке инвесторлардың басым бөлігі – 50,2 пайызы ер азаматтар болса, 49,8 пайызы әйелдер. Ал, жас айырмашылық бойынша ең көбі – 35-54 жас аралығындағы қазақстандықтар. Бұл көрсеткіш күн санап артып келеді. Десе де сәт сайын құбылған қаржы саласында кімге де болсын функционалдық сауаттылық қажет-ақ. Себебі, ақшасын акциямен еселеймін дегендер көп жағдайда бұл салада тәуекелдің де таудай екендігін естен шығарып алатын көрінеді.

Елімізде акция нарығында екі биржа – Қазақстан қор биржасы (KASE) және Астана халықаралық қаржы орталығы (AIX) жұмыс істейді. Бұл биржалардың ерекшелігі – олардың аумағындағы саудаға салық салынбайды. Биржа – сатып алушы мен сатушының кездесетін алаңы. Мұнда бағалы қағаз, акция, облигация, сондай-ақ мұнай, металл, астық сияқты тауарлар саудаланады. Биржада құнды қағазды сатып алу үшін делдалға жүгінуге де болады. Делдал дегеніміз – салалық қызметті жүзеге асыруға тиісті лицензиясы бар брокерлік компания. Брокер инвесторға биржаға кіруге мүмкіндік береді және сол үшін ақы алады. Брокер таңдау да аса жауапты жұмыс саналады. Сенімді компанияны табу үшін ресми ресурстарды пайдалану керек. Мысалы, KASE брокерлер туралы көп ақпарат алуға мүмкіндік береді. Оларды таңдау кезінде бірқатар критерийлерге мән беру керек: ұлттық банк берген лицензиясына, ыңғайлы онлайн платформасы барына, қолжетімді құралдар мен нарықтары қандай, қашықтан қызмет көрсетілуі секілді мүмкіндіктеріне назар аудару қажет. Есте ұстайтын жағдай – брокер ешқашан шотты дереу толтыруды талап етіп, жоғары кірістер мен төлемдерге уәде бермейді. Кепілді табыс туралы уәдені үйіп-төккен брокерден алыс жүрген абзал. Брокер тауып, биржаны таңдаған соң да бағалы қағаздарды түстеп тану маңызды. Бағалы қағаз дегеніміз – көпшілікке ерекше таныс, жиі аталатын акция. Бұл – құнды қағаз, бизнестің үлесіне құқығыңызды растайтын құжат. Үлестік бағалы қағаз болып саналады. Акция ағымдағы пайданың үлесін дивиденд түрінде алу, компания таратылған кезде мүліктің бір бөлігін алу, ұйымды басқаруға қатысу мүмкіндігін иелену сияқты мүмкіндіктер береді. Дегенмен, бұл істі жеңіл табыс көріп, жарға жығылатындар көп.

Бас прокуратураның дерегі бойынша, соңғы бес жылда елімізде тіркелген интернет-алаяқтық саны он еседен аса өскен. Оның ішінде әртүрлі жобаларға тиімді ақша салу, азаматтардың жеке деректерінің жария етілуіне байланысты банктік шоттардан қаражатты ұрлау және өзге де сылтаумен жасалған желідегі алаяқтық схемалар жиі кездеседі. Соңғы уақытта интернет кеңістігінде бүркеме қазақстандық банктердің, телекоммуникациялық, мұнай-газ және мыс өндіретін компаниялардың сайттарына сілтемелер белсенді түрде таралуда: «Бүгін 70 000 теңге инвестициялап, апта сайын 150 000 теңге алыңыз», «Қазақстан тұрғындары үшін қосымша табыс, инвестициялап, 600 000 теңгеден табыңыз», «Компаниялардың Қазақстан тұрғындары үшін тиімді акциялары», «Осы жұмыс алгоритммен жұмыс істеген 4 ай ішінде 10 пайдаланушының 8-і жылжымайтын мүлікке ақша жинаған....» және тағы басқалар. Алаяқтар осылай адамдарды өздеріне тартып, олардың сеніміне ие болу үшін экономиканың түрлі секторларындағы табысты қазақстандық кәсіпорындардың брендтерін бүркемелеп, танымал блогерлердің, атақты адамдардың есімдері мен фотосуреттерін пайдалануда.

Алаяқтардың ең көп белсенділігі әлеуметтік желілерде байқалады. Онда посттар таратылады және жарнамасы бар жалған сайттарға сілтемелер орналастырылады. Мұндай сайттардың мақсаты – әртүрлі инвестициялық құралдардың көмегімен тез және көп ақша тапқысы келетін адамдарды барынша көбірек тарту. Алаяқтар әлеуетті клиенттерге түрлі түсті есептер мен графиктерді ұсына отырып, инвестициялық қызмет сияқты етіп көрсетеді. Бірақ, соңында салымшылардың қаражатын алып, ұшты-күйлі жоқ болады, инвестор-сымақтар уәде етілген табыс түгілі, өздерінің бастапқы капиталынсыз қалады.

Тараздық тұрғын Олжас Ерікбаев жақында несиесін өтеп болып, аздаған қаражатын көбейткісі келген. Ол да көптеген қазақстандықтар сияқты депозит онша көп табыс әкелмейді деп санап, блогерлердің әлеуметтік желіде күні-түні жариялап жататын видеолары мен кеңестерінен кейін биржа нарығына ақша салуды көздеген. Олардың видео дәрістеріне қарап отырып, арнайы шот ашып, акция сатып алған. Алайда, оны әрі қарай қалай басқарып, табыс табуды білмеген соң, қайтарып алуды шешкен. Бұл тұрғыда мамандар қаржылық сауаттылықтың керектігін айтады.

– Дәл осындай жағдайдағы қазақстандықтар көп. Өйткені, әлеуметтік желіде, медиада жылдам табыс табу туралы ақпарат өте көп және ондай ақпараттың көпшілігі толық, терең бола бермейді. Кейбір блогер, коучтардың мақсаты адамды қызықтыратын деректерді жариялап, толық ақпаратты арнайы ақылы дәрістен алуға шақырады. Алайда, кейбір адамның ақылы курсты алуға ақшасы болмауы, түрлі ақпаратты оқып, үйренуге ынтасы болмауы мүмкін. Бірақ, ақшаны көбейтуге құлшынысы зор. Сондықтан өз бетінше сатып алып-сатуға кірісетіндер көп. Тағы бір мәселе, қазір акцияны сатып алу, сату жеңіл. Ол үшін кейбір банктік қосымшаны жүктеп алып, арнайы бөлімінде қажетті операцияны жасай беруге болады. Сондықтан көптеген адамдар жеке инвестор болуға қызығып, шот ашуы мүмкін. Шын мәнінде нағыз жеке инвесторлар саны миллиондармен емес, жүз мыңдармен өлшенеді. Көпшілігі қызығушылық деңгейінде. Акция, облигацияда кепілдендірілген табыс жоқ. Депозитте кепілдік бар. Сондықтан акция туралы толық ақпаратыңыз болмаса, басында дәстүрлі құралдарды қолданған жөн, – дейді жеке инвестор Әлібек Жалғаспаев.

Оның айтуынша, жеке инвесторлыққа келу үшін, ең алдымен, білім алып, үйрену керек. Қазіргі таңда мұндай инвесторлар еліміздің және әлемдік компаниялардың акцияларын Қазақстанның қор биржасынан, Tabys қосымшасынан, Freedom Finance, Halyk Finance, Jysan Invest, BCC Invest сынды үздік бестікке кіретін брокерлердің қосымшаларынан сатып алып-сатуға болады. Бұл ретте қосымшаларды өздігінен танып үйрену қажеттігі де арта түседі, өйткені трейдинг мамандары жүйе бірте-бірте күрделене беретіндігін жеткізді.

– Биржадағы өміріңіз сәт өткен сайын күрделене береді. Акциялардың түр-түсін ажыратумен іс бітпейді. Мейлі, табыс тауып жатырсыз, бірақ атқарар шаруа әлі орасан. Ендігі міндет – инвестициялық портфеліңізді жасақтау. Портфель ішіне қай компаниялардың, қанша акциясын, облигациясын кіргізесіз деген сауал алдыңыздан кесе-көлденеңдейді. Мәселен, портфельді өңкей мұнай компанияларының акцияларынан қалыптастыруға болмайды. Алдажалда мұнай бағасы құлдыраса, сіздің табысыңыз да күрт төмендейді. Ал, егер технологиялық компания, IT компания, мұнай компаниясы, банк корпорациясы секілді әр алуан компания акцияларын ұстасаңыз, онда тиімді табысқа қол жеткізуге болады. Өйткені, бұлардың бәрі бір сәтте құнсызданбайды, тіпті сәті келіссе барлығы бірдей табысқа жол ашуы әбден мүмкін, – дейді трейдинг маманы Азамат Қожахметов.

Сарапшылар ең бастысы – қор нарығын ойын түріндегі, нақты ақша емес, Paper шот арқылы зерттеп алуды ұсынады. Сонда ғана қаржы саласындағы қауіптен қашып құтылуға болады. Айта кетейік, бұл жағынан озық ел АҚШ-та елдің еңбекке қабілетті азаматтарының 70 пайызға жуығы жеке инвестор санатында. Алайда, қор нарығында табысқа 100 пайыз кепілдік жоқ, тәуекелі көп. Сондықтан табысын еселеуді ойға алғанда, мұның бәрін естен шығармау керек.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар