«Құндылықтар құнарына қанықпаған ұрпақтан ұлтжандылық шықпайды»

«Құндылықтар құнарына қанықпаған ұрпақтан ұлтжандылық шықпайды»
Ашық дереккөз
Ақын әлемі – тұңғиық әлем. Адамзаттың құндылықтарын өлеңмен өріп, жүрекке жеткізе білетін де ақындар екені белгілі. Осы ретте туған жерін әлі күнге өміршең жырларына өрнектеп келе жатқан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікова мен сұхбаттасқан едік.

– Шығармашылық адамы ретінде оннан астам кітап шығардыңыз. Әрі аудан, облыс, республиканың тарихын, еңбек адамдарының ерлік істерін үнемі жазып келесіз. Сондықтан да шығар Меркі ауданының Құрметті азаматы атанып, қоғамдық жұмысқа белсене араласқаныңыз үшін «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «Мейірім», «Ана шапағаты», «Еңбек даңқы», «Облысқа сіңірген ерен еңбегі үшін», тағы басқа төсбелгілерімен марапатталдыңыз. Әдебиеттің мехнаты мол соқпағында жадыңыздан жоғалмай, зердеңізден өшпей жауһар жырға айналған туған өлкенің бұрынғы тұрмысы мен сұлу табиғатын, оның абыройы асқақ таутұлға азаматтары жайлы білгіміз келеді. – Дүние дидарындағы жолсыздықтар мен жөнсіздіктерді әрдайым таразылап отыратын, әлем тынысын, қоғам ахуалын тамыршыдай дәл басатын ауданның абыз ақсақалдары мен нәби ағалары: О.Үмбетов, Қ.Ыдырысов, Қ.Адамбаев, Т. Мырзабаев, Ә.Айнақұлов, Т.Рахымбайұлы, Қ. Жұмалиев, Б.Миралиев, Ш.Хасенов. К.Нартаев, Д.Бекетаев, Ө.Қабылов, А.Нарматовтар: «Жастар, жікшіл емес көпшіл болыңдар, нәмәрт емес жомарт болыңдар, кекшіл емес текшіл болыңдар. Отбасы – Отанның ірге тасы. Үйдің тірегі еркек болғанымен, ақ отауды қасиетті Қағбадай қастерлейтін әйел екенін ұмытпаңдар. Әйел – бүкіл тіршіліктің қуат көзі» – дейтін. Еңкейгеннің еңсесін көтеріп, жасығанның жанын жадыратып, әділдікке араша түсетін мұхиттай терең, мұзарттай биік ауданның асыл темірқазығындай сол аяулы жандар қазір арамызда жоқ. Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды», – деген сөз бар. Өлгендерге құрмет көрсетіп, олардың жақсылықтарын насихаттасақ, келер толқын соларға еліктеп жақсы сөз, өшпейтін із қалдырары анық. Туған жер тарихының құнарлы кенін қопарып бойына сіңіріп өспеген ұрпақтан ұлтжандылық шықпасы шындық. Сағат Әшімбаевтың: «Біліп тұрып білгеніңді жасырсаң білімсіздік болады, көріп тұрып көргеніңді айтпасаң көргенсіздік болады», – дегенін ескерсек, облыста із қалдырған іскер, атақты адамдардың жетістіктерін, ерлік-еңбектерін айту – әр қаламгердің басты борышы.

Кешегі ақберен азаматтардың бүгінгі перзенттері төрткүл дүниенің тарихын, мәдениетін оқып-білуі қажет. Ғұлама бабамыз Мұхаммед Дулати, ұлы моғол империясының негізін қалаған Темір әулетінің ұрпағы Мұхаммед Бабыр, түркі халқының дарынды тұлғаларының бірі Махмуд Қашқари сынды ұлы ойшылдардың назарын аударған 20 ғасырдан астам тарихы бар қуатты Әулиеата аймағында 1939 жылдың 14-ші қазанында СССР Жоғарғы Советі Президиуымының Указымен Жамбыл облысы құрылды. Облыс алғаш құрылғанда құрамына 9 аудан: Жамбыл, Краснагор, Қордай, Меркі, Шу, Сарысу, Талас, Сверлов, Луговой аудандары енген болатын. Сол кезде облысты мекендейтін 320390 тұрғын болса, қазір миллионнан асып кетті.

– Өңір шежіресінде өз көзіңізбен көрген қиыншылықтарды да айта отырыңыз.

– Қайсы бірін айтайын, мысалы, 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан жаңғырығынан кейін атағы Одаққа жайылған Меркіде де кішігірім төңкеріс болды. Сол сұрапыл күндердің дүрбелең дауылында астанадан шалғай жүрсек те, Колбиннің теріс саясатына қарсы шығып, туған өлкемізді басқаруға өз ұлтымыздың өкілі, атап айтқанда, Колбиннің жіберген Павловскийі емес (Сарғобы құмына, Сусамырға жол салу, музей ашу, ет комбинатын соғу т.б) атқарып жатқан Ермек Сауранбаевтың өз орнында қалуын жақтап 200-ден астам адам қол қойғанбыз. Соған байланысты шұғыл түрде аудандық партия комитетінің Пленумы шақырылып, оған обкомның II хатшысы Ю.А.Ключов пен ұйымдастыру бөлімінің бастығы Титов келіп қатынасты. Пленум екі күнге созылған шайқаспен өтті. Аудандағы пленум мүшелерінің саны – 48 еді, Е.Сауранбаевты жақтағандардың саны 28 болса да компартияның айтқаны зорлық күшімен жүзеге асып, Ермекті қолдаған 28 адамға түрлі шара қолданылды. Дәл пленум өтіп жатқанда Алматыдан іссапармен келген «Жалын» баспасының директоры, жазушы Сейдахмет Бердіқұлов біздің музейді аралап жүріп, терезеден әкімшілік алдындағы жиналған көп адамды көріп: «Айналайын ата-бабамның рухы сынбаған екен. Уызына жарымаған жетім көкірек төлдей болдық па десем, жоқ, үміт шоғын үрлейтін ұрпағы бар екен, халқы үшін қабырғасын сөгіп беретін азаматтар аман болсын!» – деп күрсінгенін ұмытқаным жоқ. Сол шақта Елубай Егембердиев, Қанат Шайхиев, Батырбек Сүйімқұлов, Шәбден Омаралиев, Мұрат Құрманбаев, Қазбек Ибрагимов, Тасболат Дуанабаев, Гүлбарам Нұрпейісовалар партбилеттерінен айырылып, жұмыстан қуылды. Олардың біразы қорлыққа шыдай алмай күйзеліске ұшырап дүние салса, кейбіреулері айқаса жүріп аман қалды. Мені де, күндіз-түні аңдып, партбилетіме қатаң сөгіс жариялап, көңіліме көк тікен болып қадалған сасық сұрақтарымен миымды шағып, жүйкемді мүжіп әбден әбігерге салды. Ал, 2003 жылы 23-мамырда Т.Рысқұлов ауданында 6,5 балл жер сілкінісі болды. Үш адам қаза тауып, 1 адам ауруханаға жатқызылды. 20000- нан астам баспанасыз қалғандарға Үкімет мүшелері бүкіл елді жұмылдырып пәтер үйлер, мектептер, денсаулық сақтау орындарын салғандарын өз көзіммен көрдім.

– 2006 жылы «Тараз университеті» баспасынан шыққан А.Қалқабаеваның «Асыл жарым – Шойбегім» атты естелік кітабының 55-58 беттерінде сіздің 7-8 жасар кезіңіздегі ауыл тұрмысын әдемі суреттепті. Сол жайлы айта кетсеңіз?

– Ұлы Отан соғысының ардагері, 40 жылдай заң саласында қызмет атқарған, 1972 жылы «Қазақстанға еңбегі сіңген юрист» атағы берілген Шойбек Қалқабаев – менің әжемнің туған бауыры, ал Айдакүл – оның әйелі, Таразда тұратын, жас кезімде үйге келгені рас.

Кітаптағы айтылғандардың бәрі де рас. Жалпақсаздағы ауыр жағдай облыстың бар аймағына тән болатын.

Ол кезде электр жарығы жоқ, керасин лампасын пайдаланатынбыз. Бүгінгідей газ тұрмақ көмір де емге табылмайтын. Тезек, қурай теріп, отқа қамыс та жағатынбыз. Анам кейде жұмыстан қайтқанда бір арқа отын көтеріп келуші еді. Нан жаятын тақтайға дәптерімді төсеп, үй тапсырмасын орындайтынмын. Қазір ғой қызылшаның техникамен атқарылатыны. Ол кезде бәрін қолмен жасайтын. Өмір бақи іргесі бөлінбей, сыйластығына сызат түсірмеген адамдардың бойынан қанмен сүйекке сіңген тектілік пен дегдарлықты көріп өстім. Кітапта аты аталған ағайын-туыстардың көпшілігі қайтыс болғанымен олардың ұрпақтары ауылда. Аяулы асыл жеңешем Айдакүл де 6 ұлынан көптеген немере, шөберелер көріп 83 жасында дүниеден озды. 50-60 үй мекендейтін шағын ауыл бүгін де Елдос Сметов арқылы жер жүзіне танылды.

Аса қамқор ұлы Раббым үлкен қалалардан ғана емес, кішкентай Жалпақсаздан да чемпион туғыза алатын құдіретін көрсетті.

– Әдеби ортадан жырақта, үйірінен адасқан қаздай ой азабы мен жан азабын тартып қиналғаныңызда сөз маржанынан мәңгілік жыр монументін орнатқан Фариза Оңғарсынова сізге көмектескен екен, сол туралы айтыңызшы...

– Қайғының қара түнегі қыр соңыңнан қалмаса тіршіліктің иір-қиыр жолдары адамды қайда апармас дейсің?! Хадисте: «Біреуге жасаған жақсылығыңды ұмыт, ал біреудің жасаған жақсылығын еш уақытта ұмытпа!» – деген сөз бар. Тумай туысып, біте қайнасып кеткен жандардың бірі – Фариза Оңғарсынова еді. «Большевик» мектебінде жүріп ауыл бұзақысымен айқасып соттасқанымды естіген Фариза Меркіге келіп, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Ә.Исақовқа: «Әлмұқан Әбдірахманұлы! Сіздер неге ақын қызды жылатасыздар? Шырын неге Меркіде тұрмайды, бір келгенімде тау түкпіріндегі Гранитогор қыстағында еді, енді келсем «Большевик» колхозында жүр. Ауылдың маскүнем бұзақысы шашынан сүйреп, мазақ етпек болыпты, не деген масқара?! Егер бір айдың ішінде Меркіге әкелмесеңдер «Ақын қызға жандары ашымайды» деп «Араға» фельетон жазам да Алматыға алып кетем!» – деді. Ол кезде «Араға» шығу абақтыға түсумен бірдей болатын. Аудандық «Коммунизм туы» газетінің редакторы Зайлағи Сүйіншәлиев маған өзіне орынбасар болуды ұсынды. «Аға, менің мамандығым – мұғалім, журфакті бес жыл оқу керек. Сіз де сырттай оқыпсыз, сондықтан газеттің беделін түсіруіміз мүмкін. «Қолым көтере алмайтын шоқпарды беліме қыстырғым келмейді, сізді ұятқа қалдыруға қорқам», – деп ағымнан жарылдым.

Енді аудандық білім беру ісінің бастығы Мәмбет Әбдеков шақырып, Аспарадағы 7 жылдық орыс-қазақ мектебіне директор бол деді. Мен оған да: «Мен орысша таза сөйлей алмаймын. Орыс мұғалімдердің сабағына кіргенде, пікірімді қалай жеткізем», – деп қашқақтадым, себебі, ол мектеп шалғайда, тым алыста, Алматыға да бара алмаймын, әрі мектептің шаруашылығымен айналысып, өлеңді тастап кетуім де кәдік, мені мансап та, ақша да қызықтырмайтын, есіл-дертім – поэзияда еді. Бұдан соң аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы Е.И.Никитина шақырып, аудандық орталықтандырылған кітапхана ашылмақ, соған директор болуымды ұсынды. Қатты қуанып, келісім бердім. Енді кітап оқып, өлең жазам деп ойладым. Қызметке қызу кірістім. «Жалын» баспасына хат жазып, ақын-жазушылармен кездесуге шақырдым. Қалдарбек Найманбаев, Сағи Жиенбаев, Әсет Бейсеуов, Жәнібек Кәрменов, Күләш Ахметовалар келіп, Меркі жерін той-думанға бөледі. Ауыл кітапханаларының жұмыстары жандана бастады. Бірақ, кітапхананың көзге көрінбейтін қияметтей қызметі көп екен. Өлең жазу жайына қалды. Кітапханаға мөр жасату, жиһаздар алу, тоқсан сайын Жамбылдан мыңдаған кітаптар әкеліп, оны 40-тан астам ауыл кітапханаларына тарату, ең қиыны әр кітаптың авторын, атын, бағасын толық жазып есептеп отыру мен үшін азап болды, себебі кітапханада бухгалтер жоқ, математикаға шорқақтау маған үнемі цифрмен айналысу оңай болмады. Содан бір жарым жылдан кейін аудандық білім беру мекемесіне қазақ тілі мен әдебиеті методисі қызметіне ауыстым. Жаным рахаттанды, кітап оқуға да, өлең жазуға да уақыт табылды, кітаптарым шыға бастады. Дегенмен, қиын сәтте қолұшын берген Фаризаға алғысым шексіз. Шындығында, жыр әлемінің Хантәңіріндей поэзия падишасы Фариза болмаса, ауылдың шаң-тозаңының астында қала берер ме едім, кім білсін?!..

– Сіздің Аяз Бетпаев, Шорабек Айдаров секілді азулы ақындармен айтысқаныңызды көпшілік ұмыта қойған жоқ. 1984 жылы «Жамбыл-Семей» республикалық айтыста шығысқазақстандық Тоқтархан Шәріпжановты жеңіп, әулиеаталықтардың мерейін асырған едіңіз. Айтысты неге тастап кеттіңіз?

– Мен жазба ақынмын. 1980 жылдары айтысқа шығатын қыз-келіншек болмады. Сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының бастығы Рахманқұл Медеулов Меркідегі мәдениет бөлімінің меңгерушісі Шайық Ерназаровқа тапсырма беріпті. Мен көнбей жүргем. Шайық аға үйіне келіп өтінген соң амалсыздан айтысқа қатыстым. Ол кездері машина, ат мінгізу деген болмайтын, жеңгендерге сағат, домбыра, хрусталь ыдыстар сыйлайтын. Бе с-алты жылдай айтыстым. Әзімбек Жанқұлиевпен айтысқанымда ол: «Ауған соғысынан келген жаралы жауынгермін, Сіз Жамбыл, Алматының ақындарын түгел жеңдіңіз, жастарға қашан орын бересіз» – деген сұрақтар қойғанда, жеңілгенімді мойындадым. Әрі сол уақытта Күміскүл Сәрсембаева, Айнұр Тұрсынбаева, Алтынкүл Қасымбековалар шыға бастаған еді. Соларға жол беріп, өзімнің жазба ақындығыма қайта оралдым.

– Сіз 1967 жылдан бері Меркіде жұмыс істеп келесіз. Жарты ғасырдан бұрынғы Меркіден де аздап сыр шертсеңіз...

– Иә, Алматыдағы ҚазПИ-ді бітіре сала Гранитогор мектеп-интернатына мұғалім болып орналастым. Ол кезде қазіргідей компьютер жоқ, мұғалімдердің бар байлығы оқулық, тақта, бор болатын. Көрнекі құралдарды қолдан жасайтынбыз. Бірде ауданнан Тоқтаған Мырзабаев бастаған бір топ комиссия келіп, мектептегі мұғалімдердің сабақтарын бір аптадай тексерді. Мен сабақ үстінде техникалық құралдарды (эпидиаскоп, диафильм) пайдаланып, «Абай» спектаклінен үзінділер, Алматы қаласының көріністері, табиғат суреттері арқылы тіл дамыту жұмыстарын жүргіздім. Төрт күндей менің сабақтарыма қатынасқан аудандық білім беру мекемесінің инспекторы Қажығали Батыралиев ағай сабақтарымды талдау кезінде: «Шырын қарағым, кітапты көп оқитының көрініп тұр. Кітап – киелі дүние. Бір адам бір кітап оқымаса, ол сол адамның қасіреті, ал 1000 адам кітап оқымаса – қоғамның қасіреті болмақ. Сондықтан әдебиет пәнінің мұғалімдері оқушыларды қызықтырып кітапты сүюге, әсіресе, ақыл-ойдың Гималайы, поэзияның асқар Алат ауы Абайды сүюге баулуымыз керек. Өйткені, оның шығармалары Прометейдің өшпес отындай мәңгі жарқырай бермек», – деп, ұлы ақынның бірнеше өлеңін жатқа оқып берді. Қажығали ағаның құнды ақылы әлі де күшін жойған жоқ. Шындығында, бүгіндері кітаптан гөрі айфонға үздіге шұқшиғандарды көрген сайын ұлағатты ұстаздың айтқаны ойыма түседі.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан

Әлихан НҰРАЛИЕВ

«Меркі тынысы» газеті

Меркі ауданы

Ұқсас жаңалықтар