Елдің экономикалық жағдайы маңызды

Елдің экономикалық жағдайы маңызды
Ашық дереккөз
Өткен аптада Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері және Үкіметтің ортамерзімді кезеңге арналған болжамдары қарастырылған кеңес өтті.

ПРЕЗИДЕНТ НАҚТЫ МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕДІ

Жиында Президентке негізгі әлеуметтік - экономикалық даму көрсеткіштері, республикалық бюджеттің биылғы 7 айдағы орындалуы және 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасындағы макроэкономикалық параметрлер жөнінде баяндалды. Үкімет келесі жылы елімізде экономика 5,6 пайыз деңгейінде өсім көрсетеді, ал инфляция 5,5-7,5 пайызға дейін төмендейді деп болжам жасап отыр.

Мемлекет басшысы Үкіметке макроэкономикалық көрсеткіштерді болжау және мемлекеттік бюджет сапасын арттыру, орталықтағы және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік шығындарды басымдығына қарай реттеудің нақты механизмін енгізу, сондай-ақ көлеңкелі экономикамен күрес шараларын күшейту туралы міндет жүктеді.

МҰНАЙ-ГАЗ САЛАСЫ – ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ ҮШІН

Үкімет мүшелерімен еліміздің экономикалық жағдайы талқыланған алқалы жиыннан кейін артынша Премьер-Министр Олжас Бектенов Президент тапсырмаларын орындау мақсатында бірқатар кеңес өткізді. Алдымен мұнай-газ саласын дамыту мәселелері қаралған жиын барысында мұнай өндіру мен өңдеудің сын-тегеуріндері мен келешегі, сондай-ақ геологиялық барлау саласындағы жаңа жобаларды іске асыру жоспарлары талқыланды. Премьер-Министр атап өткендей, Мемлекет басшысы Үкімет алдына мұнай-газ секторының инвестициялық тартымдылығын дамыту және арттыру міндетін қойды.

Өткен жылы елімізде 90 миллион тонна мұнай өндірілді, ал расталған қор 2,9 миллиард тоннаға баға ланып отыр. Сала салық түсімдері мен жұмыс орындарының едәуір бөлігін қамтамасыз етеді. Олжас Бектенов Қазақстанда ірі жобаларды іске қосудың маңызына тоқталды, оның ішінде Атырау облысында жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін мұнай-химия зауыты, салына бастаған  үш  газ өңдеу зауыты бар. Бутадиен және полиэтилен өндіретін зауыттар салу перспективалары талқыланды.

Үкімет мұнай және мұнай өнімдері нарығын ырықтандыруға бағытталған реформалар жоспарлап отыр. Осы мақсатта Салық және Бюджет кодекстеріне, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске заңнамалық түзетулер әзірленуде, бұл жер қойнауын пайдаланушылар мен мұнай өнімдерін өндірушілерді қосымша ынталандыруға мүмкіндік бермек.

«Мұнай-газ саласы ең алдымен, барша Қазақстан халқының игілігі үшін қызмет етуі керек. Біз ұлттық бизнесті дамытуға, жұмыс орындарын құруға және азаматтарымыздың тұрмыс деңгейін жақсартуға ықпал ете отырып, мұнай-газ саласынан түсетін табыстың неғұрлым көп бөлігінің Қазақстанда қалғанын қалаймыз. Сондай-ақ, жергілікті кадрларға да тиісті көңіл бөлу қажет», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

ЕГІН ЖИНАУ НАУҚАНЫНА – ЕРЕКШЕ БАҚЫЛАУ

Келесі күні Үкімет басшысы егін жинау науқанына дайындық мәселелері жөнінде жиын өткізіп, Ауыл шаруашылығы министрі, Экология және табиғи ресурстар, Энергетика вице-министрлері, сондай-ақ Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының әкімдерін тыңдады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет биылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 580 миллиард теңге көлемінде рекордтық қаражат бөлді. Ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алуға бағытталған қаржы көлемі 5 есеге ұлғайтылды. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларын кеңейту шаруаларға егіс науқанын сәтті өткізуге мүмкіндік берді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жаппай егін жинау жұмыстары тамыздың үшінші онкүндігінде басталады. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы 98 пайызды құрайды. Шаруаларға күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 64 мың тоннадан астам жеңілдігі бар дизель отыны жөнелтілді. Олжас Бектенов мәселені тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді. Үкімет басшысы вице-премьер Серік Жұманғариннің басшылығымен тиісті министрліктер, әкімдіктер мен шаруалар арасындағы жұмысты үйлестіру мен бақылау үшін егін жинау науқанын өткізу жөніндегі жедел штаб құруды тапсырды.

ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫ МЕРЗІМІНДЕ ОРЫНДАЛУЫ ТИІС

16 тамызда Премьер-Министр Олжас Бектенов әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымды қалпына келтіру, сондай-ақ су тасқыны салдарынан зардап шеккендерге тұрғын үй салу және сатып алу мәселелерін қарады. Апатты деп танылған 8650 үйдің иесіне қайталама нарықтан үй сатып алынуда немесе жаңасы салынып жатыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, 2569 жаңа үй салынып жатыр, олардың 619-ы толықтай дайын. 2431 үйдің іргетасы тұрғызылды, 2 207 үйдің қабырғасы қаланды, 2007 нысан шатыры жабылды. Жөнделуі тиіс 9 189 нысанның 8939-ында жұмыстар аяқталған. Сатып алу жоспарланған 6081 үй мен пәтердің бүгінде 4918-і сатып алынды.

Премьер-Министр су тасқыны салдарын жою және азаматтардың мүлкін қалпына келтіру бойынша белсенді жұмыс жүргізілсе де, бекітілген кестелерден кешігу фактілері бар екеніне тоқталды.

«Мемлекет басшысының су тасқынынан зардап шеккендерді уақытылы тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі міндеті мерзімінде орындалуы тиіс. Республикалық штаб қажетті шешімдерді қабылдады, қаржы толық көлемде бөлінді. Барлық ресурстарды жұмылдырып, жұмысты жандандыру қажет», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

БИЗНЕСТІ ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ ҚАЙТА ҚАРАЛДЫ

Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойған тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктірген Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға арналған кешенді бағдарламаны әзірлеп, қабылдады. Кәсіпкерлікті дамыту саласында мемлекет жүргізіп отырған саясаттың қазіргі күн тәртібі мен мықты, бәсекеге қабілетті кәсіпорындар құру қажеттігін ескере отырып, жаңа бағдарлама аясында тиімді жобаларға қолдау көрсету көзделген. Сонымен қатар, жаңа жобаларды субсидиялау үшін бюджетті бөлу негізінен өңдеу өнеркәсібі саласындағы (шамамен 50 пайыз) кәсіпорындар арасында жүзеге асырылады. Сондай-ақ, бюджетке түсетін жүктемені азайту үшін қызмет көрсету саласындағы жобаларды субсидиялау мерзімі 5 жылдан 3 жылға дейін қысқартылды. Субсидиялауға жататын жекелеген қызмет салалары оңтайландырылды. Несиелер бойынша кепілдік беру құралы кеңейтілді. Бұған қоса, бағдарламада мемлекеттік қолдаудың баламалы құралы ретінде синдикатталған несиелеу қарастырылған, ол бір мезгілде бірнеше банк арқылы 15 миллиард теңгеге дейін ірі жобаларды қаржыландыруды көздейді. Сондай-ақ, облигациялық қарыздар беру шарттары едәуір кеңейтілді.

Үкімет басшысының айтуынша, биылғы 6 айда жаңартылған бағдарлама аясында субсидиялар мен кепілдіктер түріндегі қолдау шараларымен Қазақстанда шамамен 14 мың бизнес жобасы қамтылған.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар