Біз 102 жасында Зержан әжемізге сәлем бере барғанда сергек екен. Бірден таныды. Қандай жады десеңізші. Көңіл күйі де көтеріңкі, тылдағы ауыл әйелдерінің еңбектері жайлы естелік айтып отырды. Отағасы Жұмабай қария Ұлы Отан соғысына қатысқан. Жас ұрпақтың болашағы үшін қиын уақытта ауыр тауқыметті жеңген кісілер. Айтайын дегенім, көп жасаған кісіге күтім керек. Сол кезде байқағаным, баласы Талғат пен келіні Меруерт ғасырдан асқан әженің асты-үстіне түскені. Жасы келген кісіге көңіл аударудың өзі – ем, шипа. Келіні айран қосылған көжені алып келіп, аузына тосты. Ұзақ жасаған әже сол көжені сүйсініп ішіп отырды. Бәлкім ол кісі көжеге емес, қабағына қараған келініне сүйсінген шығар.
2005 жылы Таразға жұмыс ауыстырып келгенімде, екі мың жылдан астам тарихы бар шаһарда да кеудесі қазынаға толы ақсақалдар көп еді. Облыстық ардагерлер кеңесін 89 жасына дейін басқарған, майдангер Тілеуқабыл Төребеков ақсақал ше? Ақсақал болып үйде отыру бөлек, тоқсанға жақындаған кезде қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүру деген қандай үлкен күш. Ұлы Отан соғысының ардагері Шәбден Әбілов 84 жасына дейін сол кездегі Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында дәріс беріп жүрсе, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде бұрынырақ аға оқытушы болған Ерімбет Қонақбаев ақсақал да 80 жасқа жеткенше ұстаздық қызметін тоқтатқан жоқ.
Тоқсан жастан асқан, Ұлы Отан соғысының ардагері Уәтай Әлімқожаевтың батасын алдық. 96 жасқа дейін сергек жүрген театр сыншысы Яхия Шынәсілұлы ақсақалды да көзіміз көрді, сұхбаттастық, жылы сөзін естідік. Уәтай ақсақалдың қызы, Яхия атаның келіні ғасыр жасқа жақындаған көзі тірі шежірелердің жағдайына қарап, қадағалады. Яхия қарт жер үйінің ауласында 3-4 қойы мен 15 тауығына қарап жүретін. Бұл жерде мал өсіру басты ниет емес, бастысы – еңбек. 95 жасына дейін ортамызда жүрген облыс журналистикасының атасы Баттал Жаңабайұлын да немере келіні Ақтоты баладай мәпелеп қарады. Қазіргі таңда Ұлы Отан соғысының ардагері Мүтәліп Ережепбаев ақсақал 98 жаста. Тараз қаласында тұратын ақсақалды Құдай қосқан қосағы Тынышбала әже қабағына қарап, бағып отыр. «Былайғы жұртқа білінбейді. Ақсақалдардың, қарттардың ұзақ жасағаны жақсы. Өзіміз де 80 жастамыз. Ата-әжесін қабақ шытпай қараған бала мен келіндер бақытты болсын», дейді Тынышбала әже.
Айтайын дегеніміз, еш нәрсе себепсіз болмайды. Өңірімізде 110 жасаған қарттар бар, 105 жасаған кісілерді көзіміз көрді. Алайда, қарттардың ұзақ жасауы сол шаңырақтағы берекеден. Сол шаңырақтағы тәрбие көрген ұл мен келіннің ізгілігінен. Бір сөзбен айтқанда, бұл ұл-қызыңызға өзіңіз берген тәрбиеңіздің жемісінен. Ұрпақты көргенді, өнегелі етіп тәрбиелеу де – бір бақыт.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді