Біз ауыл шаруашылығы саласының мамандарымен бірге Қорағаты ауылдық округіне де атбасын бұрдық. Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы бұл ауылға да жеткен. Округтегі бірқатар үйлер арзандатылған несиеге мал алып, тіршіліктерін тіктеген. Ал, «Ауыл аманаты» бағдарламасының заңдылығы мен талаптарына сәйкес бұл ауылдық округте де «Юсип – Шу» өндірістік кооперативі құрылған. Кооператив төрағасы болып ауылға белгілі кәсіпкер, ауыл шаруашылығы саласының жағдайын жақсы білетін Рафик Ақбердиев сайланған. Кооперативке үш шаруа қожалық біріккен. Олар қазіргі таңда 40 гектар алқапқа жоңышқа өсірсе, 40 гектарға жүгері егіп, мүмкіндікті кеңінен пайдалануда. Аталған 40 гектар жүгері алқабының 37 гектарына югославиялық, 3 гектарына «Фараон» атты америкалық сұрыпты дақылдар егілген. Қазіргі таңда жүгерінің шығымы жаман емес. Сәтін салса, сары күзде жүгерінің әр гектарынан 90 центнер өнім алынады деп жоспарлануда. Бұл – жоғары көрсеткіш. Аталған жүгері алқабы Шу өзенінен су тарту арқылы арық жүйесімен суарылады екен. Арық ішімен сылдырап аққан күміс су әр жүгерінің түбіне ылғал беріп, нәрлендіре түсуде.
Сушы Еламан Махмудов: «Арық жүйесімен 40 гектар алқапты 3 күн ішінде суарып шығуға болады. Арықтар ыңғайлы қазылған. Су егіс алқабына жақсы жетеді. Мұндағы әрбір тіршілік бала кезімнен таныс. Кооператив төрағасы жалақымды уақтылы төлеп, басқа да қажеттілікпен қамтып тұрады. Жалақым 250 мың теңге көлемінде. Егіс алқабындағы қимыл-қозғалыс адамға үлкен күш. Көзімді ашқалы егісте еңбек етіп келе жатырмыз. Біз жұмыс істеуден емес, жұмыссыздарды игі іске шақырудан шаршаймыз. Жүгері деген – нан, жүгері деген – дән. Ауылда жұмыс жоқ деген бекер. Мұнда тек жалқау адамға жұмыс жоқ. Ал, тіршілік істеуге ұмтылған азаматтарға қай кезде де жұмыс жеткілікті. Ауыл кәсіпкерлері ауыл еңбеккерлеріне, жастарға қолдау беруге дайын. Сондықтан осы жұмысым өзіме ерекше ұнайды. Табатын жалақыма да көңілім толады. Еңбектің наны қашанда тәтті», – дейді.
Егіс даласының таза ауасы, жұмыстың адамға берер күш-қуаты қашанда бөлек. Алтын күзде жүгері жиналған сәтте еңбектің ақталғанын көру – екі есе қуаныш. Кооператив төрағасы Рафик Ақбердиев:
– Бұрын да ауыл шаруашылығында шаруа қожалығын ашып, тер төгіп келгенбіз. Ал, «Ауыл аманаты» бағдарламасының келуі өте қолайлы болды. Егін жағынан да, мал өсіру жағынан да ісіміз алға жүрді. Қыс айларында мал бордақылаумен айналысамыз. Қазір бұқа өсіріп жатырмыз. Үш жасар бұқалардың бағасы салмағына қарай 900 мың немесе 1 миллион теңгеге барады. Бір ірі қараның ондай бағаға өтуі, әрине, қуантады. Ауыл шаруашылығынан табыс табу оңай емес. Мәселен, егін ексең оның тұқымы бар, суаруы бар, күтіп-баптауы бар. Оның барлығы бейнет. Сол шығындардың бәрін жауып, үстінен өзіңнің үлесіңді көруге тиіссің. Мал шаруашылығының шығыны да шаш етектен. Қиындығы да көп. Бірақ, сол шығындарды есептеп шешіп, қиындығына төзген кісіге бұл салада табыс мол. Сол табыстың кілтін таба білуіміз қажет. Қазір біздің кооперативте 4 трактор бар. Оның барлығы жаңа. Жаңа техникамен жұмыс істеу өте өнімді. Оның бұрынғыға қарағанда мүмкіндіктері өте жоғары. Біздің ісімізге облыстық тиісті басқармадан, Тараз әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан, аудан әкімдігінен қолдау бар. Аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков әр округті аралаған сәтінде Қорағатыны да айналып өтпейді. Аудан басшысына, ауылдық округ әкіміне қордаланған мәселелерді айтып, ақылдасып отырамыз. Біз тікелей жермен айналысқан соң, не қажет екенін білеміз. Сол қажеттілікке жергілікті басшылық құлақ асса, іс алға басады. Алдағы уақыттағы жоспарларымыз да ауқымды, – дейді.
Қорағаты ауылдық округінде тіршіліктің қазаны қайнап жатыр. Әр аула көгеріп, гүлденіп тұр. Биыл су жақсы келіп, оның пайдасын жергілікті тұрғындар көріп отыр. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша құрылған өндірістік кооперативтің де уақыт өткен сайын техникалары жаңарып, мүмкіндігі артып келеді. Алдағы уақытта да жарқын жобалардың мол екеніне көңіліміз толды. Кезінде қант қызылшасын өсірумен аты шыққан ауыл қазіргі таңда жүгері дақылын көп мөлшерде қолға алуда. Алдағы сары күзде қамбаға қызыл жүгері төгілгелі тұр. Моншақтап төгіліп жатқан тердің жемісі деген осы.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді