«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Түркілік танымнан сыр шерткен тас мүсіндер

Түркілік танымнан сыр шерткен тас мүсіндер
Ашық дереккөз
Елінің бүкіл әлемдік процестегі алар орнын, бүгінгі күннің болмысын жеке ұғынуға талпынған адамға – өз халқының өмірбаян беттерін парақтай отырып, өткен заман оқиғалары мен құндылықтарына, өзінің тарихи тегіне зер салып, ой елегінен өткізу қасиеті тән. Бұрынғы ұрпақтардан мирас болған бай мәдени-тарихи мұралардың бірегей саласы түркі дәуірінің тас мүсіндері саналады. Ғасырлар қойнауынан жеткен бұл ескеркіштер шын мәнінде ғажайып әсер қалдырады. Мұндай тарихи жәдігерлер біздің өңірде де аз емес.

Тарихымызды таңбалайтын тас мүсіндер өңірдің әр аудандарынан жинақталып, қазіргі уақытта облыстық музейдің бір бұрышынан арнайы коллекция ретінде орын алған. Тас мүсіндердің ішіндегі аса қызықтысы – бақсы бейнесі салынған тастар. Үш мүйізді, өрнекті, тәж тәріздес бас киім киген бұл мүсін түркілік танымнан хабар береді. Сонымен қатар, музейдің қорында ұзындығы 195 сантиметр, ені 31 сантиметр жұмыр формалы ескерткіш тас бар. Мұның жоғарғы жағында төрт адамның кескіні қатар берілген. Ал төменгі тұсы ою-өрнектермен бедерленген. Дала ескерткіштеріне «Бұл – ата-бабаларымыздың әлемнің төрт бұрышын бейнелеп көрсеткісі келген талпынысы ма, әлде бізге беймәлім әлде бір көне діни ғұрыптың әсерінен туған дүние ме екен деген ойға қаласың...», деп тарихшы ғалым Сержан Ақынжанов жоғары баға берген.

Халықтар мен мемлекеттердің гүлдену мен құлдырау кезеңдерін баст ан өткерген, тарихтың бізге беймәлім жұмбақ сырлары тұнған мұралардың көне дәуірдегі құны жөнінде мамандар тарқатып айтып берді.

– Тас мүсіндерге табыну ғұрпы VIІ-ХII ғасырларда Түркі және Қарлұқ қағанаттарының, Оғыз, Қыпшақ және Қарахан мемлекеттерінің құрамына кірген түркі тілдес тайпалардың арасында өріс алды. Көне тас мүсіндер Қазақстанның барлық аймақтарында күні бүгінге дейін сақталған. Әсіресе, облыстың маңындағы жазық далаларда ұшырасады. Тас мүсіндер тарихын В.Бартольд, И.Кастанье, И.Аничков, А.Бернштам, Ә.Марғұлан, Э.Новгородова сынды белгілі ғалымдар зерттеп, ғылыми еңбектер арнады. Негізінде көне түркілер дүниеден өткен ата-бабаларына ескерткіш ретінде тастан мүсін қойып, қоршаулар орнатты. Сөйтіп, діни наным-сенім мен салт-сананың әсерінен тас мүсінге табыну ғұрпы туындады. Әлкей Марғұлан Түркі қағанаты дәуірінде орнатылған осындай тас қоршаулардың біріне қазба жұмыстарын жүргізген кезде бұл арадан адамның мүрдесі емес, мал сүйектері табылған. Осыған сүйене отырып, ғалым «Тас қоршаулар – адамдар жерленген қабір емес, оларды еске түсіру үшін ас беріп, ат шаптырған жерлерге қойылған белгілер» деген қорытынды жасады, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейі ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Лаура Байтұрсынова.

Көне заман тас безеушілерінің қолынан шыққан мүсіндерде сомдалған бейнелер сан қилы. Жалпы, түркі дәуіріндегі тас мүсіндерге тән ерекшелік – бұларда адамның түр-тұрпаты дәл, нақты кескінделеді. Олар міндетті түрде беліне қару-жарақ пен белдік, құты асынып тұрады. Осыған қарап тарихшылар тас мүсінде билер мен абыздар, батырлар бейнеленгенін алға тартады.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар