Сібір жарасынан сақтаныңыз!

Сібір жарасынан сақтаныңыз!
Ашық дереккөз
Облыс аумағында 1947-2015 жылдар арлығында тіркелген сібір жарасының 189 табиғи ескі көмінділері бар, олардың барлығынан жыл сайын топырақ сынамалары алынып, ветеринариялық зертханада тексеріліп тұрады. Барлық көмінділер қоршалған, толық бақылануда.

Қазіргі таңда сібір жарасының алдын алу осы ауруға бейім ауыл шаруашылығы жануарларына вакцина егу арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар, мал емдеумен, мал союмен, ет өнімдерін өңдеумен шұғылданатын, аурудың жұғу тәуекелі жоғары тұлғалар жыл сайын медицина мамандарымен сібір жарасына қарсы вакциналануы тиіс.

Тараз қаласы және Сарысу, Талас, Жуалы аудандарында өткен жылдары адамдар арасында күйдіргі ауруы тіркеліп, емделіп шықты.

Ауру ошақтарында ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай іс-шаралар толық жүргізілді.

Биыл Тараз қаласының  бір тұрғыны күйдіргі ауруының терілік түріне шалдығып, жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдауда, таяу арада ауруханадан шығады. Бұл аурумен облыс аумағында басқа науқас тіркелген жоқ.

Аса қауіпті аурумен науқас тіркелуіне байланысты, алдын алу шараларын белгілеу мақсатында облыс әкімінің төрағалығымен жедел штаб отырысы өткізіліп, жауапты мекемелерге індеттің алдын алу бойынша тиісті тапсырмалар берілді. Тараз қаласы мен облысқа енгізілетін мал және мал өнімдерінің заңсыз тасымалдануының жолын кесуге бағытталған шаралар қабылданып, Тараз қаласына енетін жолдарға бес тексеру бекеттері, Жуалы және Сарысу аудандарына екі тексеру бекеттері қойылды, олар биылғы жылдың 1 қыркүйегіне дейін жұмыс істейтін болады. Ол тексеру бекеттерінде полиция, ветеринариялық инспекция, мал дәрігерлері тарапынан кезекшіліктер ұйымдастырылып, мал және мал өнімдерінің тиісті ілеспе құжаттармен тасымалдануын қадағалауда.

Облыс аумағында сібір жарасына қарсы жүргізілетін барлық ветеринариялық іс-шаралар жоспарлы түрде толық жүргізілуде.

Сібір жарасынан сақтану үшін барлық ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтай отырып, малдарыңыздың сібір жарасына қарсы вакцинамен толық егілуін қамтамасыз етулеріңізді сұраймыз.

 

Талғат ҚОЖАБЕРГЕНОВ,

облыс әкімдігі ветеринария

басқармасының ветеринариялық

қауіпсіздікті қамтамасыз

ету бөлімінің басшысы

Ұқсас жаңалықтар