Аталған жазғы ойындарда Париж қаласы Лондоннан кейінгі үшінші мәрте Олимпиаданы қабылдаған қала ретінде танылып, тарихи сәттердің куәгері атанды. Дәл осы додада Сент - Люсия, Ботсвана секілді елдер өз тарихында тұңғыш жүлде еншілесе, кубалық Михаин Лопес грек-рим күресінен бесінші мәрте Олимпиада жеңімпазы атанып, күрес түрлерінен ең даңқты палуан атағын иеленді. Сондай-ақ, француздық дзюдошы Тедди Ринер Олимпиада ойындарын төртінші мәрте жеңсе, баскетболдан АҚШ-тың әйелдер құрамасының өкілі Дайана Таурази аталған додада алтыншы мәрте топ жарды. Ал, француздық Леон Маршан биылғы жазғы ойындарда ең көп медаль еншілеген спортшы ретінде көптің есінде қалды. Жүзуден жарысқа қатысқан 22 жастағы жігіттің еншісінде 4 алтын мен 1 қола бар.
Париж Олимпиадасында 25 спорт түрінен 92 жолдамаға ие болған ел құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медальмен турнир қорытындысында 43 орынға тұрақтады. Олимпиаданың алғашқы күндері ел қоржынындағы жалғыз алтынды дзюдодан 60 килограмм салмақта сынға түскен Елдос Сметов еншіледі. Осылайша, ол екі Олимпиаданы артқа тастап, ел тарихында дзюдадан тұңғыш алтын иеленген спортшы атанып, классикалық спорт түрінен алғашқы қазақ чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтың асқақ арманын орындады. Ұлты құрмет тұтқан ұлдың ізін жалғаушылардың қатарында ортасынан озып шыққан Демеу Жадыраев пен Ғұсман Қырғызбаев болды. Демеу Жадыраев 77 килограмм салмақта әлемнің үздіктерімен бақ сынасып, ақтық сында жапондық палуан Нао Кус акиге жол берген болатын.
Ал, Ғұсман Қырғызбаев алғашқы айналымда испаниялық татами шебері Давид Гарсия Торнемен белдесіп, қарсыласын жарыс жолынан тайдырса, екінші белдесуінде Олимпиада ойындарының екі дүркін жеңімпазы, Оңтүстік Корея өкілі Ан Баулдан айласын асырып, жартылай финалға шықты. Бірақ, финалға бір табан қалған тұста бразилиялық қарсыласқа есе жіберді. Дегенмен, шешуші сында қола жүлдеге қол созып, ел намысын абыроймен қорғады. Бұдан бөлек, ел қоржынына күмісті спорттық гимнастикадан ат жаттығу бойынша сынға түскен Нариман Құрбанов салды. Бұл спорттың осы түрі бойынша отандастарымыздың тәуелсіздік алғаннан бергі Олимпия ойындарынан олжалаған алғашқы жүлдесі. Өткен ғасырдың екінші жартысында жерле стеріміз Юрий Цапенка мен Нелли Ким халықаралық жарыстарда шашасына шаң жұқтырмағанымен, қос споршының жетістіктері келмеске кеткен Кеңес Одағының қоржынына түсіп жатты. Франция астанасында өткен аламанда Нариман Құрбанов өткеннің ізін жаңғыртқандай болды. Ол тек әлем мен кәрі құрлықтың екі дүркін чемпионы Рис Маккленаганға есе жіберіп, ирландиялық спортшыдан небәрі 0,100 ұпай қалып қойды.
Ал, халық асыға күткен бокстан қазақ ұлдарының асығы алшысынан түсе қоймады. Спортшыларымыз барлық жеті салмақ түрі бойынша лицензия жеңіп алғанымен, шаршы алаңда қарсыластарын жеңе алмады. Айта кетейік, бұған дейін өткен Олимпиада ойындарында қазақ боксшылары тек Токиода ғана алғаш рет алтынсыз қайтты. Өкінішке қарай, бұл тізбек екінші төртжылдыққа да ұласты. 2004 жылы Бақтияр Артаевтан басталып «қазақтың салмағы» аталып кеткен 69 килограмм салмақта жеңімпаздар дәстүрі бұған дейін үздіксіз жалғасын тапқан болатын. Кезінде Бейжіңде Бақыт Сәрсекбаев кубалық Карлос Бантеурді төрт раунд бойы әбден діңкелетті. Жылдар бойы шегіне жеткен төзім тиегі ағытылған тұста қазақ боксшысы қарсыласын соққының астына алды. Аяғымен еркін қимылдап, рингтің ортасында ойқастаған Сәрсекбаев жеңімпаз атанды. 2012 жылы Лондонда Серік Сәпиев ағылшын боксшысы Фредди Эванстан айласын асырса, Риода жеңіс Данияр Елеусіновтің еншісіне тиді. Бақтиярдың бағы жанған айтулы доданың да өткеніне жиырма жыл. Дегенмен, осы жолы байрақты бәсекеде ел байрағын көтеріп 71 килограмм салмақта сынға түскен Асланбек Шымбергенов жеңіс жолын қайта жалғай алмады. Бұл тізімде Токиода ел намысын қорғаған Сәкен Бибосынов пен Махмұд Сабырхан, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Айбек Оралбай, Қамшыбек Қоңқабаевтар да бар. Тек ерлер арасында Нұрбек Оралбай ғана ақтық финалға дейін шығып, украиналық тәжірибелі боксшы Александр Хижнякқа есе жіберді. Ал, қыздар арасында Назым Қызайбай аса жеңіл салмақта үшінші орынға тұрақтап, қола жүлдені қоржынға салды. Сонымен бірге, нысана көздеуден аралас командалық жарыстан Александра Ле мен Ислам Сәтпаев қоланы қоржынға салды. Ең қызығы, Париж Олимпиадасының бағдарламасына биыл алғаш рет брейкинг енген болатын. Көше биі атанған бұл спорт түрінен ел намысын қорғаған Амир Закиров ширек финалға дейін жетті. Дүбірлі додада алғаш рет сынға түскен спорттық құзға өрмелеуден ел спортшысы Әмір Маймұратов рекорд орнатқанымен, жартылай финалдан сырт қалды. Десе де, ол жалпы есепте бесінші орынға тұрақтады. Еске сала кетейік, 2028 жылы Олимпиада ойындары АҚШ-тың Лос - Анджелес қаласында өтеді.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді