«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Темірге «тіл», жаңқаға «жан» бітірген кәсіпкер

Темірге «тіл», жаңқаға «жан» бітірген кәсіпкер
Ашық дереккөз
Шығармашылықта шекара жоқ. Міндетті түрде өнер мен әдебиет өкілдері ғана емес, басқа кәсіпте жүргендер де өз мүмкіндігін таныта алады. Солардың қатарына кәсіпкер Асан Қошмамбетовты қосуға болады. Жақында Тараз қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы саябаққа кітап үйшігінің қойылуына себепкер болғаны да бекер емес.

Асан Әнуарұлының шығармашылық жұмысының өзі кәсіпкерлікке деген жанашыр көзқарастан туған. Мәселен, ол ешқандай затты ысырап еткісі келмейді. Сөйтіп, ағаш және темір қалдықтарынан елдің назары ауатын түрлі бейнелер мен заттар жасап шыққан. Атап айтқанда, сәнді үйшіктер, аң мен құстың бейнесі алыстан көз тартады. Әсіресе, ағаш кесіндісінен жасалған, демалып отырған қарияның болмысына таңдана қарап өтпеу мүмкін емес. Сонымен қатар, жылу құбырының кесілген бөлігінен бірнеше қалам жасап, бояп, екі шетін ұштап қойған. Ағаштан жасалған велосипед, ескі бөшкеден жасалған туындылар, ағаш қалдықтарынан жасалған бозбала бейнелеріне еріксіз таңдай қағасыз. Ал, аршылған ағаштан жасалған ұшақ та ерекше көзге түседі. Көлемі кішілеу демесеңіз, аспанға ұшатын ұшақтан еш айырмашылығы жоқ. Кәсіпкердің қолынан шыққан мұндай туындылар өте көп.

Асан Қошмамбетов: «Бос уақытым болса, шығармашылыққа ден қоямын. Мәселен, демалып отырған қарияның ағаштан бейнесін жасауға бір апта уақытым кетті. Қоян мен құстардың бейнесіне де он күнімді жұмсадым. Ал, аршылған қымбат ағаштан жасалған ұшақты жасап шығу үшін үш ай уақытымды арнадым. Өзім шығармашылық жұмыспен айналысқанда демалып, жақсы күйде боламын. Бір жағы қажетті мөлшерден артылып қалған ағаш және темір қалдықтарын кәдеге асырып жіберемін», – дейді.

Кәсіпкер өзінің жекеменшік ғимаратынан шағын музей бұрышында ашып қойыпты. Музей бұрышы біраз бағалы жәдігерлермен қамтылған. Мәселен, ғимарат астынан табылған қыш құмыраны жергілікті ғалымдар Александр Македонскийдің дәуірінен қалған деп бағамдайды екен. Сонымен қатар, зерттеушілдердің айтуынша, Шыңғыс хан әскерлерінің туының ұшына тағылған темір белгіні де көзімізбен көрдік. «Москва» әріп теру машинасы да осы ғимараттың құрылысы жүрген кезде табылыпты. Біз музей бұрышынан 200 жылдық тарихы бар, Ресейдің Тула қаласында шығарылған самаурын, көне баян, фотоаппарат, үтік, түрлі шамдарды көрдік. Бұл заттардың әрбірінің өзіндік тарихы бар, кәсіпкерге бағалы жәдігер саналады. Кезінде қоғамдық мәселелердің бел ортасынан табылған Асан Қошмамбетов қазіргі таңда Тараз тұрғындарының тынығуына өз үлесін қосып жүрген кәсіпкер ретінде көпшілікке танылуда. Ал, оның шығармашылығынан туған көрнекті дүниелер саябаққа сән беріп тұр.

 

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар