«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тарихы терең диірмен тасы

Тарихы терең диірмен тасы
Ашық дереккөз
Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінде бүгінде 4 мыңға жуық жәдігер бар. Оның барлығы да маңызды әрі құнды дүниелер. Музей жақында тағы бір құнды жәдігермен толықты.

Ол ХІХ ғасырға тиесілі үлкен көлемдегі диірмен тас. Оны «Музейге сый» акциясы аясында А.Суханбаев ауылдық округіне қарасты Қосы батыр ауылының тұрғыны Өзенбай Бейсенбек табыстады.

«Бұл тас ауылымыздың маңынан табылып отыр. Ауыл тұрғындары кезінде осынау тастың көмегімен бидай үгітіп, ұн алған. Бетінде гүл тәріздес бедерлері бар. Диірмен тастың салмағы 900 келіден асады. Осынау ерекше тас аудандық музейде тұрсын деген шешімге келдім. Қазіргі кейбір жастар диірменді де ұмытып бара жатыр емес пе? Осы диірмен тасты көріп, ұлттық құндылықтарымыздан алыстамай жүрсін деген тілегім бар», дейді ол.

Музей директоры Артық Үкібаев: «Аталған тасты келіп тамашалаушылар көп. Бір диірменнің 900 килограмм тартуы сирек жағдай. Жәдігер жинақтау ісі мейлінше жандана түсуде. Ауылдардан құм басып жатқан құндылықтардың табыла береріне сенеміз», – дейді.

Жалпы, Байзақ ауданы аумағында тарихи қалашықтар мен ел аузында жүрген жер, су атаулар өте көп. Сондықтан, жәдігерлердің табыла беретіні де күмәнсіз. Құм астынан аршылған дүниелер аудан тұрғындары үшін ерекше қазына болып саналады. Сол үшін, аталған ауданның аумағынан қандай құндылықтар табылып жатса да таңдануға болмайды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар