Шаруа қожалықтың жұмысын ілгерілету Шәмілге әкесінен қалған аманат. Аманатқа қиянат болмаса керек. Әкесі Бимаханбет Сәрсенбаев әуелі тракторшы, кейіннен 30 жыл ақ егіс трактор бригадасының бригадирі болған көзі ашық кісі екен. Алпауыт Кеңес одағы ыдырағанда заманның қалай бағытталып бара жатқанын түсінген Бимаханбет 1997 жылы ағайын-туыстың, балаларының пай үлесін жинап, «Өтеуіл» шаруа қожалығын ашқан. Ол кезеңде шаруа қожалық ашуға көп адам тәуекел ете бермейтін. «Оның жинайтын қағазы көп, ол малды кім бағады, жерді кім игереді» деп кері қарай шегінгендер аз болмаған. Бірақ, Бимаханбеттің тәуекел деп ашқан шаруа қожалығы өркендеп, жұмысы алға жүре беріпті. «Тәуекел түбі – желқайық» деген осы да. Уақыт өте келе шаруа қожалық үлкейе түскен. Бимаханбетті қарттық жеңе бастағанда шаруаның соңында жүрген балалары Шәміл мен Нұржанды шақырып алып, үлестерін бөліп, дүниенің баяны жоқ екенін ескертіп, тату болуды тапсырды. Ақсақал біраз сырқаттанып, өмірден озады. Бимаханбет ақсақал Шу ауданының Құрметті азаматы, кезінде Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысқан. Сол уақыттан бері Шәміл Сәрсенбаев «Өтеуіл» және «Бимаханбет» шаруа қожалықтарының төрағасы. Ал інісі Нұржан екі шаруа қожалықтың да мал шаруашылығына жауапты. Осылайша, екі бауыр екі шаруа қожалықты татулықпен бірге басқарып келеді. «Ағайын тату болса ас көп», «Бірлік түбі – тірлік» деп осындай ынтымақты айтса керек.
Қазіргі таңда аталған шаруа қожалықтарда ортақ 3 комбайн, 5 трактор, «Камаз» және «Зил» автокөліктері, ауыл шаруашылығына қажетті бөлшектердің барлығы да бар. 50 жылқы, 150 мүйізді ірі қара, 1300 қой өсірілуде. Оның барлығын бағу оңай емес. Бұл шаруа қожалық 15 адамды тұрақты жұмыс көзімен қамтып отыр. Келешекте жылқыны, қой санын көбейтуді ойластыруда. Оған аталған шаруа қожалықтардың әлеуеті еркін жетеді. Малды өсіруге қажетті қора-жай, малшылардың үйі талапқа сай. Жұмысшылардың жалақылары 200-250 мың теңгеден кем емес. Жазғы маусым кезінде механизаторлар 400-500 мың теңге айлық алады. Бұл шаруашылықта кім еңбек етсе, табыс та сонікі. Ал айлықты тұрақты төлеу, қаржы табу Шәмілдің еншісіндегі шаруа. Соған қарамастан бұл қожалықтар техникаларды жаңартып жатыр. 2022 жылы 51 миллион теңгеге бір «Есіл» комбайнын, бір «МТЗ-95.2» тракторын жап-жаңа күйінде лизингке алды. Шөпті буатын, тайлайтын жаңа техникалар бар. Қазір жаңа комбайн мен тракторлар жұмыс өнімділігін арттыруда.
«Бұрын бес күн оратын жерді жаңа комбайнның көмегімен бір күнде бітірдік. Жаңа техникаға қаражат көп кеткенімен, еңбек өнімділігі артқаны – бір жетістік», – дейді Шәміл Сәрсенбаев.
Шаруашылық 400 гектарға жаңа жоғары сортты «Стекловидная-24» бидай тұқымын, 400 гектарға «Бәйшешек» арпа тұқымын себуде. Биыл орта есеппен бидайдың әр гектарынан 22 центнер, арпаның әр гектарынан 17 центнерден өнім алды. 40 гектарға егілген жоңышқаның да мал азығы ретінде маңыздылығы жоғары. Шәмілдің баласы Мейіржан Сәрсенбаев жоғары білімімен, магистратура бітірсе де, осы шаруа қожалықтың бір жағында жүр. Бұл шаруа қожалық Шу аудандық несие серіктестігіне мүше. Соған байланысты мемлекеттен тұқым, жанармай, қажетті бөлшектерді жеңілдетілген бағамен алып отыр. Шәміл Сәрсенбаев 1990 жылдары мемлекеттік «Еңбек даңқы» орденімен марапатталған. Шаруа қожалықтың табысынан ауылдың дамуына үлес қосып, қоғамдық іс-шараларға қаражат бөліп, демеуші болып та жүреді. Асыл жары Меруерт Ақсу ауылында мейірбике болып еңбек еткен. Қазір үй шаруашылығын дөңгелетіп, жолдасының, перзенттерінің, ұрпақтарының тілеуін тілеп отыр.
– Шаруа қожалықты жүргізу жеңіл емес. Бірақ, өңірдің экономикасы дамысын десек, өзімнің әулетім мен ұрпақтарым жақсы өмір сүруі үшін оның қиындығына шыдауға тиіспіз. Қазір шаруашылық ісі жолға қойылып келеді. Болашақта тұрақты жұмыс санын арттыра түсетін боламыз. Шаруашылықтың дамуы – елдің де игілігі, – дейді үлкен шаруа қожалықтың басшысы Шәміл Сәрсенбаев.
Тұрғындарды жеміс-жидекпен қамту, мал азығын дайындау да кезек күттірмейді. Ал, «Өтеуіл», «Бимахан» шаруа қожалықтары ауыл тұрғындарын тұрақты және маусымдық жұмыстармен қамту бойынша да алдыңғы қатарда тұр. Шәміл ауыл, аудан көлемінде игі шараларға демеушілік танытуда да белсенді. Қоғамдағы әлсіз топтарға, көмекке мұқтаж отбасыларға да жәрдемін аямайды.
Шу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Жасанды интеллект – қаржы саласын дамытудың жаңа қарқыны
- 14 қараша, 2024
Мемлекет меншігіне 495,1 мың гектар жер қайтарылды
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді