«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Адал еңбек алға жетелейді

Адал еңбек алға жетелейді
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Ауыл шаруашылығын әртараптандыру бүгінгі күннің басты талабы. Осы үрдістен шығып, бүгінгі күні қожалығын шаруашылықтың түрлі бағыттары бойынша дамытып отырған агроқұрылымның бірі – «Әділет» шаруа қожалығы.

1991 жылы құрылған шаруа қожалыққа бүгінде жетпіс деген белесті бағындырған Бесбай Қансейітұлы жетекшілік жасап келеді.

– Еңбекке ерте араластым. Әкем Қансейіт Қызтоған ауылында дүкенші болды. Кейіннен колхозда есепші болып жұмыс істеп жүргенде көзіне темір жаңқасы кіріп кетіп, жанары көрмей қалды. Ал анам Күлпатша үй шаруасындағы кісі болатын. Үйдің үлкені болғандықтан менің жастай жұмысқа араласуыма тура келді. Сөйтіп өзімнің өкшемді басып келе жатқан алты іні-қарындастарыма осылай қарайласып, ата-анамның бір жағынан сүйеу болып, табыс таптым. Бір жағы әкемнің айтуымен көктемде 10-15 бас бір жасар бұзау сатып алып, соны күзге дейін жұмыс арасында қарап, қара күзде базарға өткеріп, іні-қарындастарымды киіндіріп, үйдің керек-жарағын түгендеп отырдым. Әрине, ол бұзауларды бағуда менен кейінгі бауырларымның да үлесі болды. Бірақ, барлығын әкеміз Қансейіттің басшылығымен жүзеге асырдық. Осы іс кейін тәуелсіздік ала салысымен өз кәсібімді ашуға себепші болған еді, – дейді Бесбай Қансейітұлы.

Адамды еңбек биік белестерге жетелейтіні белгілі. Мектепті бітірген соң Бесбай аға Түркістан индустриалдық педагогикалық техникумын бітіріп, туған ауылындағы «ХХІІ-партсъезд» колхозында механик болып еңбек жолын бастайды. Арасында азаматтық борышын сол тұстағы одақтың Қиыр Шығысында өтеп келді. Әскерден келген соң техниканың тілін жақсы білетін ол науқан кезінде трактор, комбайн тізгінінен табылды. Төккен тер, еткен еңбек еш кетпеді. 1978 жылы астық жинауда әріптестерінің арасында рекорд жасап, ол басқарған комбайншылар бригадасы ауданда бірінші орынды иеленді. Аудан орталығында өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің басқосуында оған «Жигули-2102» маркалы жеңіл автокөлігі мінгізілді.

– Еңбегіңнің жанғаны деген осы болар. Қатты қуандым. Сол кезде бар болғаны 24 жаста екенмін. Бұдан кейін де осындай жүлдеге екі рет ие болдым. Бірақ, ол жүлделерді өзім алмай, қасымдағы жігіттерге бұрдым. Сол жылы бес жылдықтың жеңімпазы деген атақты қоса алғанмын. Осы абыроймен мені бір айға Германия демократиялық республикасына демалысқа жіберді. Демалыстың арқасында талай жерді аралап, Германиядағы шаруашылықтардың жұмысымен танысып, тәжірибе жинап қайттым. Бұл жеңісім менің болашағымның бағдары болған сияқты, – дейді Бесбай Қансейітұлы.

Мұнымен тоқтап қалмаған ол еңбектен қол үзбей жүріп Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын бітіріп алды. Ал, ол басқарған бригада жылда бірінші орынды жеңіп алып отырды. 1980 жылы екінші рет қайтара ұсынылған жеңіл автокөлікті қасындағы жігіттерге бұрып, мәрттігімен көзге түседі. Аудан басшылығы да оны марапатсыз қалдырмады. Сөйтіп 26 жасында «Еңбек даңқы» орденін алған еді. Осы құрметпен бірге қызметі де жоғарылай түсті. Аудан басшылығы өзі қызмет істейтін кеңшардың комсомол хатшысы етіп сайлады. Одан кейін «ХХІІ партсъезд» колхозына бас инженер етіп тағайындайды.

– Қайта құру кезеңінде елімізде экономикалық дағдарыс орын алды. Еліміз өз тәуелсіздігін жариялады. Сол қайта құру кезеңінде «комерсант» деген термин енді. Қазіргі тілмен айтқанда сауда-саттық бизнесі. Бұл кез шаруашылықтар үшін аса ауыр кезең болатын. Сол тұста ауданда алғашқылардың бірі болып өз шаруа қожалығымды құрдым. Әкемнің бұзау бағу тәсілі осы кезде кәдеге жарады. Жалпы, әкем жас күнімізде бізге 10 бұзау бақтырса, соның біреуін жазда сатып, қауын-қарбыз, көк-сөкпен бізді де, көршілерді де қарық қылып тастайтын. Анам 27, әкем 29 жасымда дүниеден өтті. Олардың салған сара жолымен өзімнен кейінгілерді аяққа тұрғызуым керек болды. Мен әкем бастап берген кәсіпті үзбей келгендіктен, жаңа кәсіп бастау маған қиынға соқпады. Оның үстіне калхозда жүріп жинаған тәжірибем тағы бар. Сөйтіп мал және егін шаруашылығын қатар алып жүрдім. Одан бөлек шет елге шығып, техника алып келіп өткерумен айналыстым. Сөйтіп шаруамды қиын кезеңде аяққа тұрғыздым, – дейді Бесбай аға.

Жеке бизнесін жолға қойған кәсіпкердің тәжірибесі ауданға қатты қажет еді. Сол тұста аудан әкімі қызметінде отырған Еркінбек Солтыбаев Бесбайды қоярда-қоймай қуаты күн санап құлдырап бара жатқан «Қошқарата» өндірістік кооперативіне басшы етіп тағайындайды. «Шаруа қожалығымды ұлым Әділетке өткізіп, жаңа істі қолға алдым. Мен келгенде өндірістік кооперативтің қарызы өсіп кеткен. Ал астық қоймасында бар болғаны 40 тонна өнім қалған. Оның өзі элеватордан өткен өнімнің қалдығы. Бірден әкемнің тәсілімен қолда бар мүйізді ірі қараны бордақылауға қойып, кеңшардың қарызын жауып, шаруашылықты әртараптандырдым. Алматы қаласындағы тұқым шаруашылығымен келіссөз жүргізіп, көктемде сепкен тұқымнан жазда гектарынан 40 центнерден өнім жинадық. Сөйтіп аз жылда кеңшар аяғынан қайта тұрды», – дейді Бесбай Қансейітұлы. Сонымен бұл кеңшарды алты жыл басқарып, аяғынан нық тұрғызып, ол ауданда жаңа ашылған аудандық аумақтық басқармаға ауысады. Ол мекемені 10 жыл табысты басқарған соң қызмет сатысымен жоғарылап, аудан әкімінің орынбасары болып тағайындалады. Мұнда да өзін іскерлік қырынан көрсеткен Бесбай Қансейітұлы ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлесін қосады. Осы тұста түрлі мемлекеттік бағдарламалардың ауданда жүзеге асуына араласады. Үш жыл осы қызметте жүріп, талай шаруаны атқарған еді. Одан кейін бір жылдай аудан әкімінің кеңесшісі болып, зейнеткерлікке шығады.

Зейнеткерлікке шыққан соң да қарап отырған жоқ. Ұлы Әділетке «Әділет» шаруа қожалығын көтеруге атсалысып, кеңесші болады.

– Бұрын егін және мал шаруашылығымен айналысып келген қожалықтың жұмысын әртараптандыру идеясы 2000 жылы басталды. Аудан әкімінің орынбасары болып тұрған кезде Мәскеуден бір бизнес өкілдері келіп, ауданымызда 200 гектарға үдемелі бақ салатын болды. Келісім жасалып, біз оны өзіміздің инвестициялық жобаға енгізіп қойдық. Көктемде уәде еткен мәскеуліктер келмеді. Жоба жоспарда тұр. Не істейміз? Сонымен ол жобаны балама айтып, өз күшімізбен жүзеге асыруға тура келді. Сөйтіп алғашқы жылы 20 гектар жоңыршқа алқабын бұзып, алма көшетін Меркіден әкеліп отырғыздық. Келесі жылы оның көлемін 50 гектарға жеткіздік. Бұл саладан тәжірибеміз жоқ. Тәттібай Дүйсебайұлы ауылы қасында орналасқан баққа сол ауылдан сушы жалдадық. Ұңғыма қазып, жер асты суын шығардық. Бірінші жылы отырғызылған ағаштың көбі қурап қалдық. Содан кейін өзбекстандық бағбаншылармен сөйлесіп едік, олар екі маман жіберді. Солардың күшімен бағымызды өсіріп, суару технологиясын үйрендік, – дейді қожалық жетекшісі.

Төрт жыл дегенде алма өнім берді. Бастапқыда арнайы қойма болмағандықтан алқап басынан төмен бағаға өткеріп жіберіп отырды. Өйткені, ол кезде отандық нарықты жаулап алған Қытай, Иран мен Польша алмасымен бәсекелесе алмайтын. Сондықтан жергілікті шаруалар ысырапқа ұрынбаудың әдісін тауып, алмадан қақ жасап, жаңа технологияны кеңінен меңгере бастады. Бірақ, бағбандар алма сияқты оны да өткізуде көптеген қиындықтар кездескен еді.

– Бұрын алма ексең табысқа қарық бола қаласың деп ойлаушы едім . Сөйтсем, мүлде олай емес екен. Алма бағын баптау үшін де көп жұмыс керек. Алғашқы жылдары тек қаржы салып отырасың. Дәрі бересің, ол болмаса отырғызған ағаштарың қурап қалады. Өйткені жас өскіннің жауы да, ауруы да көп. Осындай шаралардан кейін, оның өзінде он жылдан кейін барып көңілдегі өнімді алуың мүмкін. Күзде алма жинауға маусымдық жұмысшы жалдайсың, оның тасымалы тағы бар. Алқап басынан өткізейін десең арадағы делдалдар бағаны төмен сұрайды. Былтыр Жамбыл ауданындағы тоңазытқышы бар қоймаға 100 тонна алма қойдық. Жаңа жыл қарсаңында қойма басшылығы қоңырау шалып, «алмаңызды сатасыз ба, килограмына 80 теңгеден сұрауда» дейді. Кейде диқанның өсірген өнімін осылай жерге ұрып, еңбегін еш етіп жіберетін арадағы алып-сатарларға не дейсің. Бағбанға қолдау осы кезде берілсе, – дейді Бесбай Қансейітұлы.

Алма тоңазытқышта сақталмаса тез бұзылып кететін болғандықтан, көп шаруа қожалықтар оны арадағы делдалдарға сұраған бағасына беріп жіберетіні тағы бар. Ал консерві зауыттары жергілікті өнімнен гөрі сырттан тасымалдағанды жөн көретіні белгілі. Дегенмен, бүгінгі таңда қожалық өткеру жолын тауып, бақ жемісін Елордамыз Астана қаласына жіберуде. Бірсыпырасын қоймаларда сақтап, өткеру шешімін тапқан. Сонымен қатар аудандағы, Тараз қаласы мен Елордамыз Астана қаласында ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне жиі қатысып келеді.

Бұдан бөлек, қожалық бүгінгі күні жеміс пен сәндік ағаштарын тұқымнан көбейтуді қолға алған. Алма, шие, өрік пен алқоры тұқымдарын қолдан будандастырып, түрлі сорттарын, сондай-ақ аққайың көшеттерін баптап өсіруде. Жылына 1000 көшеттен сатылымға шығаруда. Былтыр қожалық көшеттерін Бақалы мен Көктөбе ауылындағы мешіттерге, Қошқарата ауылдық округіндегі үш мектепке 50-100 түптен тегін үлестірген. Сондай-ақ, былтыр және биыл аудан орталығындағы «Ардагерлер аллеясы» мен саябақтарға 1000 түптен жеміс пен сәндік ағаштарын демеуші ретінде берген. Олардың барлығы да бүгінгі күні тамыр алып, жайқалып тұр.

Қожалық жетекшісінің айтуынша, осы алма өсіру шаруашылықтың бал арасын өсіруіне себепші болыпты. Яғни, жыл бойы алма гүлін тозаңдандыру үшін алынған ара шаруашылықтың бірте-бірте негізгі кәсібіне айналған. «Ара өсіруді 2017 жылдан бастап қолға алдық. Бұл кәсіпті де жақсылап меңгердік. Қазір шаруашылықта 30 ара ұясы бар. Олардың күтімі, бәрі жақсы. Ара балын да сол өз тұтынушыларымызға өткеріп отырмыз», – дейді кәсіпкер.

Біраз жылдан бері шаруашылықтың дамытып келе жатқан кәсібінің тағы бір түрі бие байлап, қымыз өндіру. Бүгінде Алатау маңындағы қожалықтың жазғы жайлауында 15 бие байлануда. Күнделікті саумалын алушылар мен қымызға тапсырыс берушілер желі басынан өздері келіп, бөшкелеп алып кетеді екен. Бұл да шаруашылықтың жолға қойылған бір бизнесі болып саналады. Сонымен қатар, немересі атынан «Данияр» шаруа қожалығын құрып, асыл тұқымды мал шаруашылығын қолға алыпты. Былтыр «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ арқылы несие рәсімдеп, қой өсіруде. Қазір сол мал басын көбейтуде.

Қандай шаруа болса да оған құдай қосқан қосағы Күлән Сапарбекқызы сүйеу болуда. Күлән апа жұбайы Бесбай Қансейітұлымен төрт ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Қырық жылға жуық аудандағы Абай және Гайдар атындағы орта мектептерде математика пәнінен сабақ берген Күлән апа бүгін зейнетте. Жұбайымен бірге ұл-қыздарының тірегі, немерелерінің сүйеніші болып, бір әулеттің бизнесін дамытып отырған жайы бар.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар