Осыдан 15 жыл бұрын 3 жасар бүлдіршінді АҚШ-тың Мэриленд штатынан келген жас отбасы алып кеткен болатын. Бүгінде кәмелет жасына толған 18-дегі бозбаланың өміріндегі 15 жыл Америкада, үш-ақ жылы біздің елде өтсе де туған жер сағындырмай қоймаған. Оң-солын танып үлгермеген сәби шағында шетел асырған балалардың ержеткенде елді іздеп, шыққан тегін тануға тырысқан талаптары адам қай қиырда жүрсе де туған жердің топырағы тартатынын көрсетеді.
Вейн мен Линда Робилар ұзақ жыл бойы бала сүйе алмай, Қазақстаннан бала асырап алу мүмкіндігіне ие болып, біздің Антонды бауырына басқан. Сол ата-анасымен бірге келген Антон мейір-махаббатқа бөленіп өскенін жеткізді.
– Мені тәрбиелеп жеткізген американдық әкем мен анам оларға ата-аналық бақыт пен қуаныш сыйлағанымды айтып, мені де мейірімге баурап өсірді. Қаншама жыл өтсе де туған жеріме деген сағыныш жүрегімнен өшпеді. Мектепті тәмамдап, мамандық таңдар алдында туған жерімді көргім келетінін айттым. Ата-анам оған қарсы болмады. Көріп тұрғандарыңыздай, өздері маған ілесіп келді. Шақалақ шағымда жағдайымды жасап, қарап, баққан осы бөбектер үйіне, тәрбиешілеріне зор алғысымды айтамын, – деп Антон шын разы пейілін бал-бұл жанған жүзімен аңғартты.
Алыстан келген меймандар құр келмей, балалар үйіндегі тәрбиеленушілерге сыйлықтарын таратып, бүлдіршіндерді де қуантты. Робилар отбасын көруге мекеменің сол кездегі басшылары Күнсұлу Ержігітова мен Ұлбосын Аяшева да келіп, бүгінде үлкен жігіт болған балаларына жүрекжарды лебіздерін ақтарды. Ал, мекеменің қазіргі басшысы Гүлмира Құлмағанбетова Антонның анасы Линдаға естелік ретінде ұлттық нақыштағы орамал жапты.
Қазіргі уақытта «Үміт» бөбектер үйінде 4 жасқа дейінгі 45 сәби тәрбиеленеді. Алайда, бәрінің де ата-аналары бар. Бөбектер үйіне түрлі өмірлік қиын жағдайларға тап болғандықтан орналастырылған. Ата-аналарының міндеттері шектелмеген, яғни олар құқықтарынан айырылмаған. Бұл мекеменің қазіргі негізгі мақсаты да қиын жағдайға тап болған ата-аналарға көмек көрсету және оларды бір-бірінен айырмау.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді