Жалпы, жыл басынан бері қолға алынған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ұрлық 28,1, ал олардың ауыр түрлері 15,4 пайызға бәсеңдепті. Десе де, тәртіп сақшылары көлікті мас күйінде басқару деректерінің ұлғаюына алаңдаушылық білдірді. Мәселен, алғашқы алты айда нақ осы сипаттағы заң бұзушылықтың 355 фактісі тіркелген. Осы себепті, жағдайды үнемі бақылауда ұстау мақсатында патрульдік полиция жасақтарын қайта орналастыру және құқықбұзушыларды уақытша бейімдеу орталығына жеткізу жұмыстары күшейтіле түскен.
Ал, кеңес қорытындысында жауаптыларға кадр саясатын жетілдіру, қылмыстардың ашылу деңгейі мен сотқа дейінгі тергеп-тексеру сапасын арттыру, алаяқтық пен есірткі қылмысына қарсы іс-қимылды күшейту, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану сондай-ақ, есепке алынатын тұлғалармен жұмысты жандандыру жөнінде нақты тапсырмалар берілген.
ҚОРҚОР ТАРТҚАНДАР «ҚОР» БОЛАРЫН БІЛЕ МЕ?
Жасыратын несі бар, біздің елде бұған дейін қорқор бизнесіне тосқауыл қойылмай келді. Тек он шақты жыл бұрын ғана еліміздің бас санитарлық дәрігерінің ықпалымен арнайы заң қабылданып, адам денсаулығына аса қауіпті «кальянға» тыйым салынды. Осылайша, әлемнің дамыған елдері әлдеқашан бас тартқан қорқорды нарықтан ысырып шығаруға негіз табылды.
Алайда, түрлі мейрамхана, дәмхана мен түнгі клубтардың ас мәзіріне енген қорқордан кейбір жандар әлі де бас тартпаған секілді. Олай дейтініміз, тараздық тәртіп сақшылары рейдтік іс-шара барысында қоғамдық орындарда тұтынуға тыйым салынған қорқорды пайдаланудың 18 дерегін анықтады. Сонымен қатар, бұл күндері шегілмейтін темекі бұйымдары мен электрондық тұтыну, яғни вейптерді қолданудың 7 фактісі анықталған.
– Рейд жүргізілген барлық ойын-сауық мекемелерінде кальян шегуге тыйым салу туралы ақпараттық парақшалар таратылды. Анықталған деректер Тараз қаласы бойынша тіркелген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру өндірісіне қатысты сот-химиялық сараптама тағайындалған. Сараптама қорытындысына сәйкес, түпкілікті процессуалдық шешім қабылданатын болады, – деді Тараз қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы, полиция майоры Нұржан Керебаев.
ЖАЛҒАН НӨМІРМЕН КӨЛІК БАСҚАРҒАНЫ ҮШІН ЖАЗАЛАНДЫ
Белгіленген аумаққа бақылау жүргізу барысында Тараз қаласының патрульдік полиция қызметкерлері «Lada» маркалы автокөлікті тоқтатады. Тәртіп сақшылары жүргізген тексеру жұмыстарының нәтижесінде 31 жастағы жүргізушінің көлікті жалған мемлекеттік тіркеу нөмірімен басқарғандығы анықталды. Ол автокөліктің өз нөмірін шешіп алып, бейнебақылау камераларына түсіп қалмау үшін жалған нөмір жапсырып жүрген.
Қазіргі таңда ер адам Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 590-бабының 3 және 4 бөліктеріне (көлiк құралына көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерiн орнату) сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған үш тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу және бiр жыл мерзiмге көлiк құралдарын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал, көлік айып тұрағына қойылды.
13 АВТОБУС АЙЫП ТҰРАҚҚА ҚОЙЫЛДЫ
Облыс аумағында республикалық «Автобус» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында қоғамдық көлік жүргізушілерінің жол жүрісі қағидаларын бұзудың 501 дерегі анықталды. Нәтижесінде жолаушыларды заңсыз тасымалдап, заңсыз қайта жабдықтау жасаған, рейс алдындағы техникалық және медициналық қарап-тексеруден өтпеген және мемлекеттік немесе міндетті техникалық қарап-тексеруден өтпеген көлік құралын басқарған, көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдаланған, белгіленген жылдамдықты асырған әрі маневр қағидасын бұзған бас-аяғы 216 автобус жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ, арнайы айып тұрағына 13 автобус қойылып, олардың ішінен 10 көліктен мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің белгісі алынды. Осы ретте жамбылдық полицейлер азаматтардың қауіпсіздігі және жол апаттарының алдын алу мақсатында қоғамдық көлік жүргізушілерін ережелерді қатаң сақтауға шақырады.
ЖҮГЕНСІЗ ЖҮРГІЗУШІ ҚАМАҚҚА АЛЫНДЫ
Патрульдік полиция қызметкерлері облыс орталығындағы әл-Фараби көшесінің бойында жол ережесін бұзған «Toyota Camry» маркалы автокөлігін тоқтатады.
Тексеру барысында 24 жастағы азаматтың көлікті жүргізу құқығы жоқ бола тұра басқарғандығы белгілі болды. Сондай-ақ, оның бұған дейін автокөлікті масаң күйде басқарғаны үшін 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды. Бүгінде құқықбұзушы өз кінәсін мойындап, сот шешімінің негізінде 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді