«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлт құндылығын ұлықтаған ұста

Ұлт құндылығын ұлықтаған ұста
Adyrna.kz
Жаңаша ойлайтын, еңбекшіл, тынымсыз азаматтарға деген елдің құрметі қашанда бөлек. Мұндайда қазақтан асырып баға беретін ешкім жоқ. Сондай азаматтың бірі – Өрнек ауылында тұратын, ат әбзелдерін жасайтын Әлімхан Кенжебек.

Әлімханның әкесі Бауыржан да – ұста. Ұста болғанда көрік қыздырып, темір балқытып аты шыққан шеберлігі жоқ. Бірақ, қолынан есік пен бесіктен бастап, ат арбаның қажетті жабдықтары, қамшы, үстел, орындық жасау келе береді. Біраз жыл жер үйлердің сыртқы үлкен қақпасын жасаумен айналысқан.

Әкенің ұсталығы, еңбеккештігі Әлімханға да дарыған. Жас жігіт жүген, ноқта, қамшы жасаудан шаруасын бастап, қазіргі таңда ер жасауға көшкен. Түрлі үлгідегі ерлерді шебер әзірлей береді.

«Көпшілігінде жасайтыным – орыс ер. Аты солай айтылғанымен, ол да қолданыстағы дүние. Қазақ халқына жат емес. Алдағы уақытта құранды ер жасауды да ойлап жүрмін. Ердің қандай түрі болса да жасап шығу қиын емес. Дегенмен, жасаған бұйымыңның өтуі де – мәселе. Мысалы, қазір ұсталық жұмысымды баяулатып, жазғы маусымдық жұмыстарда жүрмін. Қазір ауылда шөп науқаны қызып жатыр. Бірақ, күзге қарай ұсталық жұмысымды жалғап, ер жасаудың қыр-сырын дамыта беретін боламын. «Ат – ер қанаты» десек, әр жігіттің тұлпарына сай ер тұрманы, ат әбзелдері болуы керек қой. Келешекте ат әбзелдерін түгел қолдан жасап, қолымнан келмегенін жинақтап, жалпы жинағын дайындап қоюды ойлап отырмын», – дейді Әлімхан.

«Шебердің қолы – ортақ» дегендей, ұстаның жоспарлары көңіл қуантады. Бұл ауылда Әлімхан Бауыржанұлын қолдайтындар өте көп. Қазанат – қазақ халқының өмірінде аса маңызы бар құндылық. Қазақты тұлпарсыз елестеу мүмкін емес. Ал, ауылдың әр ауласында кермеде кемі бір ат байланып тұратыны анық. Онсыз қазақы болмысымызды елестету қиын. Сол тұлпарларға қажетті әбзелдерді түгендеп, ізденіс үстінде жүрген Әлімханның қадамы құптарлық. Әлімхан бір жағынан әр ауылда істеймін деген азаматқа жұмыс бар екенін, атамекеннің жақсы қасиеті мол екенін ұқтырып жүрген азамат. Жұмысына өте жауапты. Алдағы уақытта да Әлімханның шебер қолынан шыққан ерлер мен ат әбзелдері атқұмар көпшіліктің қажетіне жарап жатса нұр үстіне нұр. Қазақы болмысқа бай жас ұста Әлімхан Кенжебек бабалардан мұра болған осынау өнерді өркендету жолында шеберлігін шыңдай түсуде.

 

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар