Кейбір асханаларда, тіпті шағын дәмханаларда тамақтың ішінен шаш секілді тазалыққа кереғар түрлі заттарды тауып алу, үстел үстінде жорғалаған жәндіктерді кездестіру жағдайларын тұтынушылар әлеуметтік желіде жариялап жатады. Өзіміз де кейде көпшілікке ас ұсынатын орындарда санитарлық-тазалық талаптарына жатпайтын әрекеттерді көріп қаламыз. Ал, базарларда нан пісіретін, салқын сусын сататын шағын орындар дәл әжетхананың қасында орналасқанын да көріп жүрміз. Әрине, ешкімнің де кәсіп етіп, табыс табуына қарсы емеспіз, бірақ көпшілікке тағам дайындайтындықтан тазалықты сақтаса деген ниетпен қоғамдық тамақтану орындары мен жұртшылық азық-түлік сатып алатын жерлердегі санитарлық талаптардың сақталуын зерттеп көрдік.
Дүкендерде азық-түлік пен жуу құралдарын бөлек сөреге қою талап етіледі. Тез бұзылатын тағамдарды салқындатылған жерлерге орналастырып, нан өнімдерін ашық күйінде қоймау керегі де назарға алынады. Алайда, базарларда көпшілік өтіп жатқан жол бойына нанды ашық қойып сататындарды көріп жүрміз. Ондай жерлерде ашық тұрған тағамдарға шаң-тозаң түсуі әбден мүмкін. Бұл талаптар туралы облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандарынан сұрадық.
– «Өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 25 желтоқсандағы бұйрығында тазалық талаптары нақты көрсетілген. Онда «ҚТҚ жинауға арналған контейнерлер қақпақтармен жабдықталады. Елді мекендерде контейнер алаңын, уақытша қоныстарды (вахталық кенттерді, стационарлық емес объектілер мен құрылыстарды) қоспағанда, тұрғын және қоғамдық ғимараттардан, балалар объектілерінен, спорт алаңдарынан және халықтың демалыс орындарынан кемінде 25 метр қашықтықта орналастырады» делінген. Дәл осы бұйрықта қоғамдық ғимараттардың әжетханамен қандай қашықтықта орналасу керегі туралы «Су бұру жүйесіне қосылмаған санитариялық-аулалық қондырғылар мен қоғамдық дәретханаларды кемінде 10 метр болатын жеке үй иеліктерін (оның ішінде саяжай учаскелерін) қоспағанда, тұрғын және қоғамдық ғимараттардан, балалар ойнайтын және тұрғындар демалатын алаңдардан кемінде 25 метр, құдықтар мен бұлақ көзінен кемінде 50 метр қашықтыққа алшақтатады» деп жазылған.
Биылғы 6 ай қорытындысы бойынша жоспардан тыс 16 тағам бөлімі бойынша объект тексерілді. Анықталған жайттарға байланысты 1 550 640 теңге сомасына 10 айыппұл салынды, 9 санитариялық ұйғарым берілді, – дейді департамент басшысының орынбасары Салтанат Әлібаева.
Сол секілді автожол бойында сатылатын қауын-қарбыздан да денсаулыққа келер залал бар. Автокөліктерден шығатын пайдаланылған газдардың түтінінен бөлінетін ауыр металдарды қауын-қарбыз өзіне тез қабылдап, бойына сіңіреді. Ол оны жеген адамды улануға жеткізеді. Бәрімізге белгілі, жаз айларында ел ішінде іш ауруы көбейеді. Әсіресе, қауын-қарбыз жегеннен кейін ауыратындарды да көріп жүрміз. Дәл қазіргі уақытта бал татыған жемістің саудасы қызған шақ. Кез келген жерде сатылып та жатыр. Тұтынушы сақ болып, тазалық талаптары сақталған орыннан алғаны жөн. Талап бойынша қауын-қарбыз жерде емес, теген (поддон) үстінде тұруы керек және автожол бойынан алып, жемеген дұрыс. Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Әлібаеваның айтуынша, жыл басынан бері облыста 312 ішек инфекциясы тіркелсе, оның тек 85-і маусым айында болған. Әрине, оның бәрі қауын-қарбыздан келді деуден аулақпыз. Дегенмен, ішер асқа аса сақтықпен қарамаса, аяқастынан ауруға тап болу оп-оңай.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді