Тұлға зиратының тынышын бұзған кім?

Тұлға зиратының тынышын бұзған кім?
Ашық дереккөз
Екі мыңжылдықта тарих сахнасының төрінен көрінген Тараз шаһарының тылсым тұстары әлі де жетерлік. Күні бүгінге дейін жұртшылық мұнда ең алғашқы мешіт-медреселер салынғандығын, қаланың ортағасырда сауда-саттық орталығы болғандығынан бөлек, шаһарда қуғын-сүргін құрбандарының атылған орны да барын көп біле бермейді. Төле би көшесі мен әл-Фараби көшелерінің қиылысындағы христиандар зиратының орны азаттық үшін күрескен арда ұлдардың оққа ұшқан мекені саналады. Мұнда тіпті, сазгер, палуан Иманжүсіп те атылған деген деректер бар. 2013 жылы зираттың кіреберіс тұсында күрескер ақынға арнап тақтайша орнатылған. Өкініштісі сол, соңғы жылдары ескерткіш тақтайшаны талқандау фактілері жиі орын алған. Соңғы орнатылған ескерткіш тақтайшаның жөнделмей тұрғанына да жылдан асыпты.

Зобалаң жылдары ел аумағында 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраса, соның 25 мыңы атылғаны белгілі. Ал, Әулиеата өңірінен бес мың адам жазаға тартылып, оның 845-і оққа ұшқан. Әр жылдары бұл тізімде Қабылбек Сармолдаев, Сыдық Абланов, Мақсұт Жылысбаев, Әшір Бүркітбаев сынды азаматтар болған. Бұдан бөлек, халық жауларын сол кезеңде арнайы жерлеу рәсімі болмағаны анық. Мұндайда жазаланушыны жарқабақтар мен арнайы қазылған ордың айналасында оққа байлап, топтап көме беретін болған. Әсіресе, соғыс жылдары көп кездескен мұндай рәсімді «братская могила» немесе «ортақ зират» деп атайды. Қарасу маңында да мұндай ортақ зираттың болғандығын, Иманжүсіптің сол жерде атылғандығын жазушы Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» жинағынан да кездестіреміз. Ол өзінің «Қаралы Қарасу» деген ойтолғамында: «Кие қонған Әулие-Ата шаһарына құбыла жақтан кіреберісте Қарасу дейтін бір бұлақ су ағып жатады. Не көрмеген Қарасу. Тымырайған тарих. Сол тылсым тарихты сәл-сәл қопарып жіберсең, ар жағынан қаңқа сүйектер азынап, жамырап қоя бермекші... Одан да бір ерекшелігі: осы Қарасу бойындағы ортақ орда көмілген азапкерлер арасында атақты ақын, композитор, хас батыр Иман Жүсіп жатыр деген болжам бар», дейді. Сөздің шындығын білмекке тарихшыларға жүгіндік.

– Иманжүсіптің өмірінің соңғы жылдары Мойынқұм ауылында өткен. Осында күрескер қайраткер халық жауы ретінде ұсталып, әуелі аудан орталығына (Новотроицк, қазіргі Төле би ауылы) жеткізілген деген деректер бар. Мұның бәрі өкінішке қарай, ел аузынан жеткен мәліметтер ғана. Өйткені, архив заңдылықтарына сәйкес, құжаттар тек жүз жыл мерзім өткеннен кейін ғана ашылады. Ал, батырдың өзі 1931 жылы атылды. Бүгінгі таңда зират аумағына барып, ондағы жерлеу орындарын да көрдік. Нысаналы аумақта он шақты адам жерленген. Бұған қарап олардың бірінші тергеу изоляторында атылып, кейіннен осында әкеліп көмілгенін байқауға болады. Нақты архивтік құжаттар қолға тиген жағдайда батыр сүйегін анықтау оңайға соғар еді, – дейді облыстық Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры, тарихшы Қуаныш Дәуренбеков.

Сазгер сүйегінің христиандар зиратының аумағында жатқанын ескеріп, оны өзге орындарға көшіру қаншалықты мүмкін екендігін сұрастырдық. Тарихшының сөзінше, алдымен Иманжүсіптің мұндағы ортақ зираттың қай тұсында жерленгенін анықтау керек. Ол үшін ДНК сараптамасын жүргізу маңызды. Алайда , тәжірибеде мұндай сараптама мен қазба жұмыстары көп қаражатты талап ететіндіктен, тиімсіз болып табылатын көрінеді.

Соған қарамастан 2013 жылы ұлт күрескерінің 150 жылдық мерейтойы қарсаңында мұнда арнайы белгі қойылған. Ал, батырдың бүлінген тақтайшасын алғаш қоғам белсендісі Әзімбек Тілешов байқаған. Ол бұған дейін де орнатылған үлкен көлемді ескерткіш тақтаның бұзылып, қайта жөнделгендігін айтады.

– Алғаш 2012 жылы қаламызда Иманжүсіп мұраларын насихаттау бойынша ғылыми конференция өтті. Сонда мерейтойға арнайы дайындық жайы пысықталып, батырға ескерткіш тақта орнату, көше атауын беру туралы бастама көтерілді. Сол сәтте алғаш тақтайша да қойылды. Алайда көше атауын беру жағдайы әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Былтыр Иманжүсіптің 160 жылдығына орай мерекелік-танымдық іс-шаралар өтті. Осы тұста батыр басына Құран бағыштау бағытында зиратқа келіп, тақтайшаның бұзылғандығын байқадым. Сол сәтте жауапты орындарға барып, олқылықты түзеткен болатынбыз. Көп ұзамай тағы бүлінді. Содан бері бір жыл өтті, әлі сол қалпында тұр, – дейді Әзімбек Тілешов.

Мәселенің мәнісін білмекке Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаевамен байланысқан едік. Бөлім басшысы нысанның «Тарихи тұлғалар» тізбегіндегі мұралар қатарына жататындығын, Иманжүсіп атына көше беру мәселесі ономастикалық комиссияның мораторийіне қатысты тоқтап тұрғандығын жеткізді. Бұл бағытта бұдан өзге кедергінің жоқтығын айтқан басшы ескерткіш тақтаны бүлдіру ісі көп орын алатындығын да тілге тиек етті. Орын алған олқылықты түзету үшін арнайы тапсырмалар жүктелгендігін, есепті жұмыс күнінің соңына дейін «Жасыл Ел-Тараз» мекемесі нысанды қайта қалпына келтіру ісін қолға алатындығын жеткізді.

Өзекті мәселенің өз жөнін тапқаны көңіл қуантады, әрине. Десе де ұлт үшін күрескен ұлы тұлғаның белгітасы жылға жуық мерзімде ұрпақ қаперінен қалыс қалғаны өкінішті. Иманжүсіп есімі өз кезегінде Балуан Шолақ пен Қажымұқан есімдерімен қатар айтылады. Үшеуі де балуан, батыр, серілігі де бар ұлт қайраткерлері. Демек, кейінгі екеуінің аты қалай ұлықталса, Иманжүсіп те сол биіктен табылуға тиіс. Мұндай мәдени мұраларымыз жауапты мекемелер тарапынан жиі насихатталып, «қаралы Қарасудың» да құпиясы ашылса, тарихи мекен туристер ағылған аймаққа айналар еді...

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар